Біздің Қостанай

Бүлдіршіндер ертегі әлеміне саяхат жасап, шат-шадыман көңіл-күйге бөленеді

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма тетрында жаңа жыл мерекесіне арналған ертеңгіліктер өтіп жатыр

Қанша жерден қазақ халқының жаңа жылы, жыл басы «Наурыз» мейрамы десек те, бұрыннан санамызда қалыптасып қалған 31 желтоқсанда тура саған 12:00-де келіп жететін жаңа жылды тойлау дәстүрі қалмай келеді. Елімізде де бұл мерекеге жыл да ерекше көңіл бөлінуде. Алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіліп, жоғары дейгейде аталып өтуде.
Жаңа жылдың көздің жауын алатын түрлі-түсті шамдары, жылтырақпен әсемделген шыршасы, аяз атасы мен ақша қары барлығы да балалардың ерекше қызығушылығын тудырады. Ал ересектер болса табалдырықты аттаған жаңа жылға зор үміт артатыны да белгілі.

Әрине, бұл қашан да бірінші кезекте бүлдіршіндердің жүзіне шаттық сыйлайтын ерекше мейрам болса керек. Осы ретте жылда жаңа жыл қарсаңында бала бақшы мен мектептердегі балаларға ғажайып ертегі әлеміне саяхат жасататын қаламыздағы І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма тетры биыл да өз жұмысын бастап кетті.

Биыл мұнда бүлдіршіндердің назарына өте қызықты ойыншықтар хикаясы ұсынылуда. Бұл хикая бойынша, мейірімді Аяз ата өз шеберханасында жыл бойы сиқырлы сыйлықтар жасайды. Оның қолынан шыққан сүйкімді ойыншықтар балаларға қуаныш сыйлар күнді, шырша тойын асыға күтеді.

Арам ниетті гринчқа бұл ұнамайды. Жаңа жылдың шырқын бұзу үшін өзінің жарымжан ойыншықтарын Аяз атаның шеберханасын талқандап, сәбилердің арманы жазылған хаттарды ұрлап әкелуге жұмсайды. Алайда, шала-шарпы істелген қаскөйлердің ойы орындалмайды, қайырымды да қайсар ойыншықтар қағаз кемеге мініп қуып жетіп, хаттарды қайтарады. Жолай олар жаңа жылдық сыйлық іздеген ғажайып кейіпкерлерге кездеседі. Аяз ата Шалтай-Балтайға сиқырлы ойыншық жасаудың сырын үйретіп, балаларға таңғажайып құпиясын ашады.

Бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық қойылымда Аяз ата – Мейрам Жапаров, Бақытжан Таңатқанұлы, Ақша қар – Айдана Мажит, Ақбота Ықыласова, Көмекбай – Елдос Төлеген, Жәнібек Иман, Гринч – Ерхан Бараков, Олжас Бегайдаров, Барби – Диана Турсунова, Назира Иман, Еркетотай – Асем Ищанова, Жібек Жолдыбай, Капитан – Ғабит Қызыров, Асқар Турениязов, Тарсылдақ – Зауре Сүндетова, Күлай Ахметова, Бөсербай – Аида Супатаева, Қымбат Ауезханова, Күлтемір – Жасұлан Ханқожаев, Азамат Күшікбай сынды әртістер сомдап, балғындарға жоғары көңіл-күй сыйлайды. Балаларға арналған қойылымның режиссері Қуаныш Маратұлы. Авторлары С.Алферова, Н.Нижегородцева, суретшісі Алтынгүл Мағзұмова.

Театрдағы бұл ертегі әлеміне балалардың кіру құны 700 теңге. Қазіргі таңда қаламыздағы бала бақшаларындағы бүлдіршіндер үшін мұнда жаңа жылдық ертеңгілік өтіп жатыр. Мұнда келген балғындар әртістердің қойылымын тамашалып, ата-анасының дайындаған тәтті сыйлықтарына ие болып, жүздері бақыттан бал-бұл жанып, үйлеріне қайтады.

-Біздің театрда балаларға арналған жаңа жылдық ертегілер жыл сайын ерекше ұйымдастырылады. Театрдың әр қойылымының өзінше бір ерекшелігі, айтар ойы, терең мағынасы болады. Биыл жаңа жыл қарсаңында балғындардың назарына ұсынып отырған ертегіміздің айтар ойы мол, берер тәрбиесі зор. Өйткені, ертегі классикадан да жоғары дүние. Балаларды алдау мүмкін емес. Сондықтан сахнадағы әр қимылды қалт жібермейтін бүлдіршіндер үшін сахналанатын ертегіге үлкен дайындықпен келдік. Әртістер жағы да өз рөлдерін барынша жоғары деңгейде алып шығуды мақсат етіп отыр. Бұл ертегі өзгелерден ерекше, – дейді қоюшы режиссер Қуаныш Маратұлы.

Өмірдің мәні бүлдіршіндердің бақыттан жүздері бал-бұл жанып, шаттанғанын көргеннен артық не бар. Сиқырға толы жаңа жыл мерекесі балғындарға дәл осындай шат-шадыман көңіл-күй сыйлайтынына сенімдіміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77