Біздің Қостанай

Бұрымды арулары атты тақымдап мініп, намысты қолдан бермеуде

Дәстүрлі садақ атудағы ең күрделісі – жамбы ату. Шағын, табақ көлеміндей ғана дөңгелек нысананы атып түсіру тек мергендердің мергенінің ғана қолынан келеді.

Ат үстінде шауып келе жатып нысана көздегендегі тағы бір ерекшелік, көшпелілерге тән ату үлгісі де үлкен рөл ойнайды. Мысал үшін, Еуропа халқы садақ атқанда жебені сұқ саусағы мен ортаңғы саусақ ортасына ұстайды. Ол – көзмергендерге тән үрдіс. Біздің түркі жұрты, соның ішінде қазақ халқы жебенің қауырсынын бас бармақ пен сұқ саусақ арқылы қысып тұрып жібереді. Соңғы әдіс кез келген жағдайда ата беруге мүмкіндік тудыратынын байқап жүрміз.

– Жамбы ату ежелден келе жатқан өнер деп айтсақ болады. Осы кең байтақ даламызда ата-бабаларымыз аттың үстінде қарумен елімізді қорғап келді. Соны тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, ұлттық спортымызға қосып, садақ ату мен ат спортын жамбы ату деп ашты, – дейді Балалар-жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушысы Айсара Ерденова.

– Айсара Оразқызы, жамбы атудың әдіс-тәсілдері қандай? Қыр-сырымен бөлісе отырсаңыз.

– Бұл жерде ат пен садақты ұштастырып балаларды дайындаймыз. Ең әуелі балаларға жерде тұрып дәстүрлі садақ атуды үйретеміз, содан кейін ғана атқа міне алатын балаларды қолына садақ беріп, басында баяу аттын жүрісімен атқызып үйретеміз. Себебі, атты тани білуі керек, сонда ғана балаға осы ұлттық спорт түрін үйрете аламыз. Жалпы жамбы атуды үйрену бұл ұзақ процесс.

– Дәстүрлі садақ ату және жамбы ату, бұл екеуінің айырмашылықтары қандай?

– Дәстүрлі садақ атуда жерде тұрып атасын, ол жерде де әртүрлі әдістері бар. Ал жамбы ату дөңгелек шар тәрізді болады, ол үш түрлі, алтын, қола, күміс. Сол дөңгелекті аттын үстінде отырып ату керек.

– Айсара Оразқызы, жылқынын үстінде отырып жамбы атудың пайдасы қандай?

– Бұл адамды мергендікке үйретеді, көздің көру қабілетін жақсартады. Көбісі көздегенде бір көзді жұмып ату керек деп ойлайды, жоқ, керісінше екі көзбен бірдей дәлдеу керек. Сонда екі көзде жақсы жұмыс істейтін болады. Оған қоса, адамның сезу қабілеті жақсы дамиды, сабырлық пен шыдамдылықты арттырады. Қазіргі балаларды гаджет керісінше күйгелектікке түсірсе, жамбы ату сабырлықты үйретеді. Жалпы ат үстінде адамның барлық мүшесі қозғалыста болады. Тіпті, денсаулығында ауытқулары бар балаларды атпен емдеп жатады. Ал бұл жерде айтып өткендей ат үстінде садақ ұстау, екі оқпен бір қоянды ату деп айтсақ болады.

– Енді мектебіңіз, шәкірттеріңіз жайында айтып өтсеңіз.

– Біздің Балалар-жасөспірімдер ұлттық спорт мектебінде ат спортынан басқа, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату ойындары бар. Мен жамбы атуға біраз уақыттан бері қатысып жүрген қыздарға сабақ беремін. Әзірге, үш қана оқушым бар. Өз тобымда 19 шәкіртім бар. Олардың ішінен осы үшеуі бұрыннан аттарды жақсы игерген. Себебі, бұл жерде садақты енді үйреніп жатқандықтан, көп бала ала қойған жоқпын. Биыл үш шәкіртіммен Көкшетауда ұйымдастырылатын жарысқа қатысу ойда бар, – дейді жаттықтырушы Айсара Ерденова.

Қостанай қаласында бұл спорт түрі соңғы бірнеше жылда жақсы дамып келеді, бірақ қаламызда бұл спорт түрімен тек жігіттер айналысып келді. Енді міне, Айсара Оразқызының бастауымен қыздар да ұлттық спорт түрін үйренуде.

– Ең бірінші бұл спортты үйренбей тұрып, дәстүрлі садақ атуды меңгердік. Осы садақ атуда біздің алғашқы тренеріміз Аяулым Аппазова. Сол кісіден садақ атудың мән жайын үйреніп алғаннан кейін, садақты аттың үстінде атуды бастадық. Біз жаттығуға келгенде, алдымен жерде тұрып, қолды жаттықтырып алғаннан кейін аттың үстінде атумен жалғастырамыз. Жамбы атуда әркім өзіне қолайлы әдісті қолданады. Мысалы өзіме дәстүрлі садақ ату тәсілі ыңғайлы болғандықтан, сол тәсілмен атамын, – деді тәрбиеленуші Нұрайлым Ораз.

– Атқа деген қызығушылығым бала кезімнен байқала бастады. Осы ат спортымен айналыса бастағаннан кейін, жамбы ату қызықтырды. Уақыт өте келе осы спорт түрімен де айналыса бастадым. Жылқыға деген махаббатымды ағам мен әкем оятты. Екеуіде ат спортымен айналысады. Бала кезімде оларға қарап қызығатын едім. Бастапқы уақытта аттын үстінде отырып садақ ату қорқынышты болды. Алайда, үйрене келе әлде қайда жеңіл екендігін түсіндік, – деді Жаннұр Әбиболла.

Қыздардың айтуынша, атқа сенім артсаң, жануар да адамды сезінеді.

Абдрахманова Аймира жамбы атуды енді үйреніп келе жатқан бойжеткендердің бірі. Садақ атуды үйренуді бұрыннан армандаған. Мерген қыздың мақсаты ұлттық спорт түрін жақсы меңгеріп, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болу. Бүгінде көрсетіп жүрген нәтижесі де жаман емес.

Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Қазақтың ұлттық ойындары – бабаларымыздан қалған асыл қазына. Сондықтан халықтық мұраны үйренудің әрі күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуде орасан пайдасы тимек. Ойын әр баланың алдынан өмірдің жарқын сәттерін ашып, жеке қасиеттерімен біте қайнасып, әрі қарай дамуымен ұштасады.

Аяжан СЕРІК,
фото кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77