«Қала көшелері» жобасының келесі шығарылымы Сағадат Нұрмағамбетов көшесіне арналмақ. Қостанай қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов көшесі – тарихы терең, мәні зор, қала орталығындағы ең көп жүретін көшелердің бірі
Бұл көше теміржол вокзалына өте жақын орналасқандықтан, мұнда адамдар легі ешқашан толастамайды. Бұрынғы атауы – Дзержинский көшесі. Ұзындығы шамамен оңтүстіктен солтүстікке қарай 1,22 шақырымды, батыстан шығысқа қарай 1,04 шақырымды қамтиды. Көше бойымен жүрген адам қала тіршілігінің қайнап жатқан ортасына тап болғандай әсер алады.

Көшені қайта атау туралы ұсыныстар алғаш рет 2023 жылы қоғамдық талқылауларға шығарылды. Дзержинский есімі кеңестік тарихпен байланысты болғандықтан, жергілікті жұртшылық көшеге қазақ халқының даңқты ұлы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың атын беруді орынды санады. Қалалық және облыстық деңгейдегі ономастикалық комиссиялар бұл ұсынысты қолдап, 2025 жылдың 17 маусымында ресми шешім қабылданды. Осылайша, Дзержинский көшесі тарихта қалып, жаңа атауымен ел жадында сақталды.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов – ұлт тарихындағы ерекше тұлға. Ол екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атанды. Кейін Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары Қорғаныс министрі болып, ұлттық армияның іргетасын қалады. Елге, жерге адалдығымен, қайсар мінезімен халық жүрегінде өшпес із қалдырды.

Бұл көшеде орналасқан ең ірі әлеуметтік нысандардың бірі – Ахмет Бірімжанов атындағы №115 жалпы білім беретін мектеп. 1959 жылы ашылған оқу орны қазақ тілінде білім беріп, осы уақытқа дейін мыңдаған түлекке білім нәрін сусындатып келеді. Мектептің өзі де көшенің тарихымен біте қайнасып кеткендей.
Көше бойында қоғамдық көлік жиі қатынайды. Әсіресе вокзалға жақын бөлігінде қозғалыс бір сәтке де тоқтамайды. Сауда нүктелері, шағын дүкендер, асханалар да осында шоғырланған. Бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарының негізгі бағыттарының бірі. Көшенің бойы Гоголь, Пушкин, Жеңіс көшелерімен, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев даңғылымен қиылысады.

Алайда атауы ресми түрде өзгертілгенімен, көшенің бас жағында әлі де ескі “Дзержинского” деген жазуы бар тақтайшалар сақталған.
– Біз осы көшеде отыз жылдан бері тұрамыз. Бұрынғы атауы құлаққа үйреншікті болғанымен, жаңа атаудың мәні бөлек. Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл елге үлгі болған батыр. Оның атымен көшеміздің аталуы біз үшін мақтаныш. 2023 жылы қоғамдық тыңдау болғанда барған едім, басқа атаулар жайында дау болған бірақ біздің көшеміз жайында ешкім ештене деп айтпады, – дейді қала тұрғыны Гүлсім апай.
Иә расыменде, қаламызда өткен қоғамдық тыңдаулар кезінде көшелерді қайта атау мәселесі талқыланған еді. Сол кезде ешқандай дау-дамай туындамады, қарсы шыққандар да болған жоқ. Басқа да көшелердің атауын өзгерту үлкен ажиотажға себеп болмады. Барлығы қарапайым сценарий бойынша өтті – алдымен спикерлер өз пікірлерін білдіріп, кейін депутаттар бірауыздан дауыс берді. Революционерлер Моисей Урицкий мен Феликс Дзержинскийдің есімдерін сақтау туралы да залда ешкім сөз қозғаған жоқ.
Тағы бір қала тұрғыны, зейнеткер Нұрлан.
– Көшенің атауын өзгерту жайлы алғаш талқылауларда өзім де қатыстым. Бұл ұсынысты ардагерлер кеңесі көтерген еді. Қолдап дауыс бергеніміз дұрыс болды. Өйткені көшелерге батырлардың, елге еңбегі сіңген азаматтардың есімін беру – жастарға тәрбие. Бүгінгі ұрпақ Сағадат Нұрмағамбетовтың кім болғанын біліп өссе, елдің болашағы жарқын болады. Көбі жастар оның кім екенін білмейді, сол жағы енді қиыншылық тудырады, – деп ойымен бөлісті.

Осылайша, Сағадат Нұрмағамбетов көшесі – Қостанай қаласының орталығындағы тіршілігі қайнаған, тарихи және тәрбиелік мәні зор көше. Уақыт өте келе ескі атауға қатысты барлық із жойылып, көшенің жаңа бейнесі қалыптасары сөзсіз.
Бұл көше бүгінгі ұрпақ үшін – батырлықтың, қайсарлықтың және елге адал қызмет етудің символы болып қала бермек.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
