Бұған бірнеше маңызды себеп бар
Елімізде бала бақшаларға талаптарды күшейту мақсатында лицензиядан өткізу жайында бір емес бірнеше рет сөз болып жүргені белгілі. Бала бақшаларды лицензиядан өткізу қашан басталады және қалай өтеді деген сауал көпшіліктің көкейін де жүргені де анық. Осы ретте біз қаламыздағы беделді жеке бала бақшалардың бірі «Айгерім – ай» бала бақша-мектебіне арнайы атбасын тіреп, директоры Құралай Шодоровамен арнайы жолығып, мән-жайды білген едік.
– Иә, соңғы жылдары бала бақшаларды лицензиядан өткізу керектігі жайында көп айтылып жүр. Бұл жайында біз де біліп, естіп отырмыз. Мен мұны өте орынды деп есептеймін. Халыққа қызмет ететін мекемелердің заңды талапқа сай болуы қажет. Әсіресе, келешек ұрпағымыз үшін бүгін алаңдап отырғанымыз да орынды. Кішкентай бүлдіршіндердің көп уақыты өтетін бала бақшаның белгілі бір талапқа сай болуы тиіс деп білемін. Сондықтан бала бақшаларды лицензиядан өткізуді өзім толық орынды деп санаймын.
Ал енді лицензиядан өтуге біздің бала бақшалар толық дайын ба? Деген сауалға келетін болсақ, мұндағы талаптардың барлығын толық орындауға көптеген шағын жеке бала бақшалардың мүмкіндігі жоқ. Ол мысалы, лицензия алу үшін бала бақшада жоғары категориялы тәрбиешілер жұмыс істеуі керек. Ал мұндай категорияда тәрбиешілерге жоғары жалақы төлену қажет. Оларға тиісті жалақы төлемесеңіз олар жұмыс істемейді. Ал оны кез-келген шағын бала бақшаның бюджеті көтермейді. Мәселен, бала бақшаға «эксперт» тәрбиеші өте қажет. Оның жалақысы жоғары. Оны ай сайын төлеуге шағын бала бақшаның қаражаты жетпейді. Әрине, менің бала бақшам үлкен деп саналады. Бірақ біздің өзіміз жыл сайын тәрбиешілерге жоғары жалақы төлеуде қиналамыз. Әсіресе, олар демалысқа шыққанда демалысының ақшасын төлегенмен, сауықтыруға арналған төлемақыны төлеу қиынға түседі.
Егер мемлекет бала бақшалардан лицензия талап ететін болса, оларға жоғары категориялары бар мамандарға төленетін жалақыға көмек беруі қажет. Сонымен қатар білікті де тәжірибелі мамандарды ұстап қалулары үшін сауықтыру төлемдеріне де көмектесулері керек. Бұл мәселені, көптеген бала бақшалардың басшылары министрлікке бір емес, бірнеше мәрте жолдап жүрміз. Бірақ кейбір себептермен бұл шешілмей келеді. Міне, мен жоғарыда атап өткен мәселелерге байланысты келешекте бала бақшалар жабылып қалатын болса, тағы да балалардың бала бақша орналаса алмай, ата-аналардың жұмысқа шыға алмауы сынды мәселе туындайды.
Бүгінде Қостанайда көптеген шағын жеке бала бақшалар жұмыс істеп жатыр. Олардың бірінде әрі кетсе 50 баладан. Бұдан түсетін табыс көп емес. Сонымен қатар азық-түлік бағасы да күнде қымбаттап барады. Балаларды тамақтандыруда қомақты қаражатты талап етеді. Сондықтан қазір еліміздегі бала бақшаларды лицензиядан өтуге дайын емес деп ойлаймын.Әрине, бала бақшаларды лицензиялау бүгін басталмайды. Тек 2024 жылдан бастап ғана бастау алмақ. Сол кезге дейін біз көтеріп отырған мәселелер шешемін тапса, нұр үстіне нұр болар еді,-дейді.
Бала бақшаға талапты күшейту керек деп дабыл қаққанымызбен, оның астарында да үлкен мәселе жатыр екен. Бүгінде баласын бала бақша орналастыра алмай жұмысына алаңсыз шыға алмай отырған аналар қаншама. Ал енді оның үстіне бірнеше жеке бала бақша жабылып, ондағы балалар мемлекеттік бала бақша барса жағдай тіпті қиындап кетері анық. Сондықтан елімізде кезең-кезеңмен жүргізілуді көздеп отырған лицензиялау тәсілі уақытша кешеуіндеп тұр. Мұның да өзіндік себебі осы.
Болашақта айқын көрініп тұрған мәселелер оң шешімін тауып, бала бақшаларды толық лицензиялау жұмыстары жүзеге асатын болса, ата-ананың көңілі орнына келетіні анық.
2024 жылы жүзеге асырылатын лицензиялау жұмыстары қатаң жүргізілмейді. Бала бақшалардың жағдайымен санасатын болады. Бұл жерде «былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» кебі болып тұр.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет кейіпкерден алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77