Жекеменшік мектептерге деген талаптар өзгере ме?
Бәріміз де баламыздың білімді, тәрбиелі әрі қабілетті болып өскенін қалаймыз. Сол мақсатта уақытын бос өткізбесін деп, сан түрлі курстарға, үйірмелерге, қосымша сабақтарға жетелейміз.
Бүгінде бұл үрдіске тағы бір құбылыс қосылды – баласын жекеменшік мектепке беретін ата-аналардың қатары көбейді. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: сонда мемлекеттік мектепте білім деңгейі төмен бе? Әлде онда жұмыс істейтін мұғалімдер әлсіз бе?
Жекеменшік мектептер бірыңғай цифрлы жүйеге көшіріледі
Соңғы жылдары еліміздегі жекеменшік білім беру ұйымдары көбейді. Демек, сұраныстың арта түскенін көреміз. Қазір жеке меншік білім ошақтарының қызметі қоғам назарында тұр. Өткен жылдан бері Мәжіліс пен Сенат депутаттары жекеменшік мектептердің елеулі қаржы тапшылығына ұшырағанын бірнеше мәрте Үкіметтің назарына ұсынды. Әсіресе бюджет есебінен қабылданып, тегін оқытылған оқушылар үшін мемлекет тарапынан төлемдердің тоқтатылуы басты мәселе ретінде көтерілді. Бұл жағдай жекеменшік білім беру ұйымдарының тұрақты жұмыс істеуіне елеулі қауіп төндірді.
Осы мәселе жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында нақты әрі ашық пікір білдірді. Президенттің айтуынша, бірқатар жекеменшік мектептер ұзақ уақыт бойы бюджеттен қомақты субсидия алып келгенімен, бұл салада жүйелік бұрмалаушылықтар орын алған. Нәтижесінде нарық қағидаттарына қайшы, бақылаусыз қаржыландыру тетігі қалыптасқан.

– Ауқатты кәсіпкерлердің меншігіндегі және ата-аналары балалардың оқу ақысына қомақты қаржы төлейтін элиталық мектептерге де бюджеттен қаражат бөлініп келді. Бұл – мемлекеттен қаржыландыру жүйесінің бұрмаланғанын көрсетеді. Қазіргі тәртіп бейберекеттікке әкеп соқтырып отыр, өйткені қазірдің өзінде қаражат жетіспейді. Бұл – күрделі мәселе, Үкімет бұған ерекше назар аударуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, елімізде «жан басына шаққандағы қаржыландыру» қағидаты бойынша жекеменшік мектептерге, балабақшаларға, түрлі оқу орталықтары мен үйірмелерге едәуір көлемде бюджет қаржысы бөлініп келген. Алайда бұл тәсіл нақты қажеттілікке емес, жаппай қаржыландыруға негізделіп, әлеуметтік әділетсіздікке жол ашты.
Осы олқылықтарды жою мақсатында 2026 жылдан бастап еліміздегі барлық жекеменшік мектептер бірыңғай цифрлы жүйеге көшіріледі. Мемлекеттік қаржыландырудың барлық түрі бір сервисте шоғырланып, қаржы ағыны толық ашық болады. Қазіргі таңда жекеменшік мектептердің 86 пайызы осы жүйеге қосылып үлгерген.
Қостанай облысындағы жағдай
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2001–2002 оқу жылында елімізде 8 456 мектеп болса, 2024–2025 оқу жылына қарай олардың саны 7 920-ға дейін қысқарған. Ал осы кезеңде оқушылар саны 3,08 миллионнан 3,89 миллионға дейін өскен. Бұл мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығының айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Қостанай облысында 9 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 4 орта мектеп, 1 негізгі орта мектеп және 4 бастауыш мектеп бар. Барлық білім беру ұйымдары облыс орталығында орналасқан. Жалпы оқушылар саны – 1816. Бұл мектептерде 205 педагог еңбек етеді және барлығы да тиісті лицензияға ие.
Облыстық білім басқармасының дерегінше, 2025 жылдан бастап жекеменшік мектептерді қаржыландыру республикалық деңгейден облыстық деңгейге ауыстырылған. Бұл шешім өңірлердегі қаржылық тәртіпті күшейтіп, бақылауды арттыруға бағытталған. 2025–2026 оқу жылына барлық жекеменшік мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды. Алдағы жаз айларында мектеп әкімшіліктері келесі оқу жылына тапсырыс алу үшін біліктілік талаптарына сәйкес құжаттарды қайта ұсынуы тиіс. Жекеменшік мектептерді ашуға қатысты талап өзгеруде. Алдағы уақытта жекеменшік мектептер тек нақты қажеттілік бар өңірлерде ғана ашылатын болады. Лицензиялар үш ауысымда оқытылатын мектептердің жүктемесін азайту немесе апатты жағдайда тұрған білім беру ұйымдарын алмастыру қажеттілігі туындаған жағдайларда ғана берілмек.
Жаңа талаптар қандай болмақ?
Елімізде жекеменшік мектептерге лицензия беру тәртібі де түбегейлі өзгерді. Енді жаңа лицензиялар тек оқушыларға орын жетіспейтін өңірлерде ғана беріледі. Үкімет жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізіп, құрылтайшыларға қойылатын талаптарды күшейтті.

Мемлекеттік қаржы бұдан былай тек нақты қажеттілік бар өңірлерге бағытталады. Басымдық үш ауысымды мектептерді жоюға, апатты мектептердің орнына жаңа білім нысандарын салуға және мемлекеттік мектептер жетіспейтін аймақтарды қамтуға беріледі.
Қазір Қазақстанда лицензиясы бар 890 жекеменшік мектеп жұмыс істейді екен. Алайда олардың басым бөлігінде оқу ақысы өте жоғары. Бастауыш сыныптар үшін жылдық төлем 4,5–8 миллион теңге аралығында болса, жоғары сыныптарда 5–18 миллион теңгеге дейін жетеді. Жалпы алғанда, жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістер – білім беру саласын тәртіпке келтіріп, бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалануға бағытталған маңызды қадам. Бұл реформалар елдің білім сапасын арттырып, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс.

Жеке меншік мектептерге сұраныс жоғары ма?
Ақбота Сатмағамбетова, ата-ана:
–Баламды жеке меншік мектепке ауыстырдым. Басты себеп – мемлекеттік мектептердегі сыныптардың шамадан тыс толуы, үш ауысымда оқыту, оқу жүктемесінің көптігі, қағазбастылық еді. Осындай жағдайлар мұғалімнің әр балаға жеке көңіл бөлуіне мүмкіндік бермей отырған сияқты. Ал жекеменшік мектептердің басты артықшылығы – сыныптағы бала санының аздығы, қосымша қызметтердің көптігі және ата-анамен тығыз байланыс орнатылған. Біз жартылай ақшаны өзіміз, жартысы үкімет тарапынан төленді Мұның өзі ата-анаға үлкен көмек.
Күлтай Шалтенова, мұғалім:
–Жекеменшік мектептерде оқушылар санының аз болуы – олардың басты артықшылықтарының бірі. Мұндай жағдайда мұғалім әр балаға жеке көңіл бөліп, қабілетін тереңірек ашуға мүмкіндік алады. Осы себепті кейбір ата-аналар жекеменшік мектептерде тек тәжірибелі, мықты мамандар ғана жұмыс істейді деген пікірде.
Сондай-ақ жекеменшік мектептердің бірқатарында үйірмелер мен спорттық секциялар мектептің өз ішінде ұйымдастырылған. Бұл да ата-аналар үшін ыңғайлы. Көпшілігі жекеменшік мектеп баланы міндетті түрде білімді етеді деп ойлайды. Алайда бұл – әрдайым ақиқат бола бермейді.
Менің бұл салада еңбек етіп жүргеніме отыз жылдан асты. Осы уақыт ішінде мемлекеттік те, жекеменшік те мектептердің жұмысын көрдім. Айтарым – жекеменшік мектептің бере алатын білімін мемлекеттік мектептің мұғалімі де бере алады. Мәселе мектептің мәртебесінде емес, мұғалімге жасалған жағдай мен берілген мүмкіндікте.
Бүгінде мемлекеттік мектеп мұғалімінің уақытын қағазбастылық, артық есептер мен қосымша талаптар алып отыр. Егер осы жүктеме азайып, ұстаз тек оқыту мен тәрбиелеуге басымдық бере алса, нәтиже де әлдеқайда жоғары болар еді. Сонымен қатар ата-ананың баласына деген жауапкершілігі де шешуші рөл атқарады. Мектеп қанша жерден жақсы болса да, үйдегі қолдау болмаса, толық нәтиже күту қиын. Тағы бір маңызды жайт – барлық жекеменшік мектеп бірдей емес. Олардың материалдық базасы да, педагогикалық құрамы да әртүрлі. Сондықтан жекеменшік мектепті білімнің жалғыз кепілі деп қабылдау – қате түсінік.
Мемлекет басшысы бұл мәселені бекерден-бекер көтеріп отырған жоқ. Білім саласындағы басты мақсат – мектептерді бір-біріне қарсы қою емес, барлық білім беру ұйымында сапаны арттыру, мұғалімнің беделі мен мүмкіндігін күшейту. Сонда ғана бала қай мектепте оқыса да, сапалы білім алуға толық жағдай жасалады.
Құралай Шодорова, “Айгерім-ай” жеке мектебінің басшысы:
–Бюджетте қаржы тапшылығына байланысты элиталық, халықаралық мәртебесі бар мектептерге мемлекет тарапынан қаржы бөлу қарастырылмай отыр. Мұндай мектептер тек Астана мен Алматы қалаларында ғана орналасқан. Сонымен қатар, олардың ата-аналардан алатын оқу ақысы өте жоғары, бұл да қаржыландырудың тоқтатылуына әсер еткен негізгі себептердің бірі.
Қостанай облысындағы жекеменшік мектептердің барлығы тиісті цифрлық тексеруден өтті. Нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық немесе талапқа сай келмейтін жағдайлар анықталған жоқ.
Жалпы, жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет деп есептейміз. Қазіргі таңда Үкіметтен бөлінетін субсидия көлемі жеткіліксіз. Соның салдарынан жетіспейтін қаржыны ата-аналардан алуымызға тура келеді. Бұл жағдай білім беру қызметінің қолжетімділігіне әсер етуі мүмкін.
Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
