Әкімдікте өткен жиында қаланың тазалық жұмыстары талқыланды. Қала әкімі Марат Жүндібаев сонымен қатар Әл-Фараби даңғылы бойындағы жұмыстарға тоқталды.
– Әл-Фараби даңғылының бірінші желісінде орналасқан 29 үйдің 23-і жөнделді, алтауы қалды. Тротуарлар жаңартылып жатыр, қасбеттер жөнделуде, жарықтандыру ауыстырылуда. Ғимараттардың келбеті өзгеріп келеді, – деді ол Қазір вокзал аумағында да үлкен жұмыс жүріп жатыр. Біздің мақсатымыз – вокзалдан бастап Әл-Фараби даңғылына дейін жаяу жүргіншілерге арналған әдемі, жайлы көше қалыптастыру. Ол үшін бұрынғы дүңгіршектер алынып тасталды, көгалдар егілуде, ағаштар отырғызылып жатыр. Мұның бәрі біртұтас сәулеттік тұжырымдамаға сай болуы тиіс.
Қала басшысы инженерлік желілерге жөндеу жүргізгеннен кейін абаттандыруды қалпына келтіру мәселесіне де қатаң талап қойды.
– Қаздыңыздар ма – артынан қалпына келтіріңіздер. Тегістеп, асфальттап, абаттандыруды толық аяқтап барып қана нысанды тапсыру керек. Келесі жолы бұл талап орындалмаса, шара қолданамыз. Бұл – қатаң талап болуы тиіс, – деді Марат Жүндібаев.
Құрылыс алаңдарындағы тәртіп мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазір Қостанай қаласында 20-дан астам құрылыс алаңы бар.
– Барлық құрылыс алаңында тәртіп болуы керек. Полициямен бірге бақылауды күшейтіңіздер. Бұлжытпай орындалатын талап болуы тиіс: құрылыс алаңынан шыққан әрбір техника дөңгелегін жуып барып қана жолға шығуы керек, – деді әкім.
Жиында рұқсатсыз қоқыс үйінділері мәселесі де көтерілді.
– Негізі мұндай үйінділер мүлде болмауы керек. Бірақ кейбір тұрғындар құрылыс алаңдарына тұрмыстық қалдықтарды апарып төгеді. Егер құрылыс нысаны қоршалмаса, бақылау болмаса, ол жер бірден қоқыс алаңына айналады. Кейін бәрі әкімдікке кінә артады. Сондықтан мұнда қатаң бақылау қажет, – деді қала басшысы.
Осыған байланысты қалада бейнебақылауды кеңейту жөнінде арнайы бағдарлама әзірленіп жатқаны айтылды.
– Біз балалар және спорт алаңдарын, қоқыс контейнерлерін, аулаларды толық қамтитын қалалық бейнебақылау бағдарламасын қабылдауымыз керек. Қаржы қарастырып, оны кезең-кезеңімен іске асыру қажет. Сонда тәртіп те болады, бақылау да күшейеді, – деді әкім.
Сөз соңында қала әкімі аулаішілік аумақтарды абаттандыру жұмыстары туралы айтты.
– Біз жыл сайын аулаішілік аумақтарды абаттандыруға 1,5-2 миллиард теңге бөліп келеміз. Егер дұрыс жоспарласақ, осы қаражаттың өзі бірқатар маңызды мәселені шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан әр теңге нақты нәтижеге жұмыс істеуі керек, – деп қорытындылады қала әкімі.
Сералы Мырзабай, фото – ЖИ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
