Біздің Қостанай Образование

Балалардың жазғы демалыс орталықтары өз жұмыстарын бастауға дайын ба?

Балалардың жазғы демылысын тиімді ұйымдастыру мақсатында барлығы 105 мыңнан астам жеткіншекті қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 232,9 млн теңге бөлінген.

Жаз – балалар үшін ең қызықты әрі есте қаларлық мезгілдердің бірі. Себебі, бұл кезеңде балалар демалысқа шығып, денсаулықтарын нығайтып, жаңа орта тауып, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Мұны жүзеге асыру үшін жазғы лагерлердің атқаратын жұмысы ерекше екендігін атап өткен жөн. Ал, жаз басталысымен ата-аналар мен балаларды толғандыратын басты сұрақ жазғы демалысты қалай және қайда жоспарлау?

Балалардың жазғы демалысын көңілді әрі пайдалы өткізу мақсатында қала сыртындағы 12 лагерь жұмыс істейді. Олардың 9-ы мемлекеттік, 3-і жеке меншік. «Светофор», «Болашақ», Арқалық қаласындағы «Строитель» лагерлері жекеменшік иелеріне тиесілі. Аталмыш демалыс орындарына 8267 бала сауықтыруға жіберілмек.

– Ең бірінші кезекте әлеуметтік осал санаттағы балалардың демалысын ұйымдастыру жоспарланған. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен шамамен 167 млн теңге бөлінген. Жалпы 43 279 баланың ішінен 37 874 бала, немесе 87,5% бүлдіршін жазғы демалыспен қамтылады деп күтілуде. «Генерал Бәкір» атындағы демалыс базасы мен «Лесная сказка» және «Алтынгүл» мемлекеттік лагерьінде балалар үйі мен ата-ана қарауынсыз қалған интернат тәрбиенушілері демалады. Қалған лагерьлерде мүмкіндіктеріне қарай 3-тен 6 маусымға дейін демалысты өткізу қолға алынып отыр. Білім бөлімі мектеп жанындағы және сыртқы лагерьлерге жолдамалар сатып алуға конкурс өткізді. Жолдама құны -18 мыңнан 75 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Ал әлеуметтік осал топтағы балалар үшін баға құны өзгеше. Бірінші ауысымның ашылуы 9-18 маусым аралығында жоспарланған, – дейді білім басқармасының басшысы.

«Строитель» лагері

Аталмыш лагерь Арқалық қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жердегі Көктау ауылында орналасқан. Жекеменшік лагерь көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл жерде 7- 14 жас аралығындағы бүлдіршіндер демала алады.

– Біз 11 маусым күні өз жұмысымызды бастаймыз. Бірінші ауысымға 122 бала қабылданған. Жалпы лагерімізде 3 ауысым бойынша 600 бала демалады деп жоспарлануда. Соның ішінде 50%-ы мемлекеттік қаржы есебінде өз демалыстарын өткізеді. Биыл баға тұрақты – 50 000 теңгені құрайды. Бүлдіршіндердің жол ақысы осы қаражат есебіне кіреді, – дейді еңбек қауіпсіздігі инженері Сұңқар Хасенов.

«Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры ауылдық елді мекендердегі балаларға арнап «QH Жаздық жобасын» ұйымдастырып келеді. Аталмыш жоба аясында биыл облысымыздағы 2 лагерьде 246 оқушы жазғы демалысын тегін өткізе алады. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында төртінші жыл қатарынан «Хатико» оңалту орталығының базасында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар демалып келеді. Бұл жылы 13 өңірден 359 бала аталмыш жерде демалып, сауықтыру шараларынан өтеді.

«Болашақ» лагері

10 маусым күні аталмыш танымал лагерьде бірінші ауысым өз жұмысын бастады. Мұнда 8 бен 15 жас аралығындағы балалар демалып, денсаулықтарын нығайта алады.

– Біздің лагерь жолдамасының құны 10 күнге 70 000 теңгені құрайды. Биылғы жылғы жазғы маусымға жолдамалар сату аяқталды. Жалпы 3200 бала демалады деп жоспарлап отырмыз. Барлық дайындық жұмыстары пысықталды. Жыл сайын маусым басталар алдында жетекшілерге нұсқаулық жиындар өткізіп, дайындаймыз,- дейді лагерь басшысы Ғабит Құсайынов.

«Генерал Бәкір», «Лесная сказка», «Алтынгүл» атты мемлекеттік үш лагерьде жетімдер үйі мен интернат тәрбиенушілері демалып, денсаулықтарын түзейтін болады. Мәселен, «Лесная сказка» лагерінің базасында Рудный қаласындағы ерекше білім беру қажеттілігі бар тәрбиелушілерді қамтитын ЦПД-ның 125 тәрбиеленушісі демалады. Ал «Алтынгүл» балалар демалыс базасында Қостанайдағы арнайы мектеп-балабақшасының 150 бүлдіршіні үш ауысым бойы сауықтырудан өтеді. Сондай-ақ, «Генерал Бәкір» атындағы демалыс лагерінде Рудный қаласындағы балаларды қолдау орталығы, Қостанай қаласының арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Қостанай мен Жітіқара аудандарындағы балаларды қолдау орталықтарының 150 жеткіншегі денсаулықтарын түзетеді.

«Генарал Бәкір» атындағы демалыс базасы

Аталмыш лагерьге балалар 16 маусымнан бастап келеді. Олар жаз маусымы аяқталғанға дейін осында уақыттарын көңілді өткізетін болады. Білім бөлімі мамандары, СЭҚ, ТЖ қызметтері мен қоса біздің газетіміздің тілшілері «Генарал Бәкір» атындағы демалыс базасына барып, лагерь маусымына дайындық барысымен танысып қайтты.

Лагерь 1960 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қарағайлы орманда орналасқан. Балалардың таза ауамен тыныстап, түрлі ойындар ойнауына жағдай жасалған.

– Бүліршіндердің қажеттіліктері үшін барлық жағдай жасалғанын қамтамасыз етеміз. Бізде ауысым деген жоқ. Балалар 16 маусым келіп, 27 тамызға дейін осында болады. Олар үшін ойын алаңы, АКТ залы, баня, бассейн бар. Барлық зиянкестерге қарсы улау, шөп шабу жұмыстарын жүргіздік. Қажетті техникалар мен ыдыс-аяқтар ауыстырылды, – дейді лагерь басшысы Зинаида Уакбаева.

Лагерь басшысы балалар келген кезден бастап сол жердің көркі кіретінін тілге тиек етті. Барлық жерде өрт сөндіргіштер қойылған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 6 күзет таңертең-кешке тынымсыз жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, бүлдіршіндерді қадағалау мақсатында 6 жетекші, 6 күндізгі тәрбиеші, 5 түнгі тәрбиеші қызмет етпек.

«Орленок» және «Чайка» сауықтыру лагері

Бұл екі демалыс базасы Рудный қаласына қарайды. Жазғы демалыс кезінде «Чайка» лагеріне 6-12 жас аралығындағы бүлдіршіндер келсе, «Орленок» лагеріне 7-15 жастағы балалар демала алады. Балаларды Рудный қаласынан арнайы автобуспен жеткізеді. Аталған демалыс лагерлері Алтынсарин ауданына қарасты Красный Кордон ауылында, бір-біріне жақын орналасқан. Барар жолда жақсы. Кішкене бөлігі жөндеуден өтіп жатыр. Биыл бұл лагерьге бару үшін 10 күнге 54 000 теңге төлеу керек.

– Бүгін барлық қызметкерлер лагерь базасына келіп, өз жұмыстарын бастауда. Барлық жеткіншектерді арнайы білімі бар мамандар қарайтын болады. Біз 22 жыл жұмыс істеп келеміз. Былтырдан бастап бірінші ауысымға 115 бала қабылдап жатырмыз. Ыстық және салқын сумен қамтылған. Биыл балалар үшін бассейінде қалыпқа келтіру жұмыстарын жасадық. Олардың қауіпсіздігіне арнайы Рудный қаласынан келетін бала дәрігері жұмыс істейді, – дейді лагерь басшысы Елена Ивановна.

Лагерьді аралап жүрген кезде, жетекшілік етіп жұмыс істеуге келген жас қыз бұл жер балалар келген сәтте одан сайын көркем болатынын сөз етіп қалды.

– Өзім мектеп кезінде лагерьге барғанмын. Барлық системадан хабарым бар. Бірақ биыл алғаш рет өзімді балаларды тәрбиелеуде сынап көрмекшімін. Қазіргі таңда балабақшада жұмыс істеймін. 4 жылдық еңбек тәжірибем бар. Өз еркіммен бұл жердің атмосферасын сезіну үшін келдім. Менің қолымнан келетініне сенемін, – деп Аружан Қазиева күлімсіреп жауап берді.

Аталмыш лагерьдің қасында орналасқан «Орленок» лагері 1 ауысымға 278 бала қабылдауға дайын.

– Қазіргі таңда балалардың келуі үшін корпустарды дайындау үстіндеміз. Бір корпуста екі отряд балалары жатады. Барлық корпустың жанында күннен қорғайтын шатырмен жабылған беседка бар. Сондай-ақ, әрбір отрядқа музыкалық колонкалар беріледі. Биыл ойын алаңына жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Мердігер уақытында үлгермейді, бірақ, бір ауысымға дейін үлгеріп қалады деген ойдамын. Бірінші ауысым балалары 12 маусым күні келеді. 14-не ресми ашылуымыз болады,-деді Елена Ильинична.

«Светофор»

Араға 4 жыл уақыт салып бұл лагерь өз жұмысын қайтадан жандандырып жатыр. Лагерьдің қаншалықты өзгергенін көзбен көру үшін біздің газетіміздің тілшісі барып қайтқан еді. Бірақ, ішке кіруге рұқсат еткен жоқ. Демалыс орнынының жабдықталмағанын, әлі де жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Дегенмен сол уақытта легерь ішіндегі тіршілік қайнап жатты. Аталмыш демалыс базасы 7-15 жас аралығындағы балаларды 18 мамырдан бастап қабылдайды.

– Біздің аумақ 5 га жерді алып жатыр. Лагерьге жолдама құны 10 күнге 75 000 теңгені құрайды. Балалар үшін барлық қолайлы жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. 5 ауысым бойы 1500-2000 бүлдіршінге жарқын жаз сыйлаймыз деген жоспар бар. Түрлі қызықты бағдарламалар дайындау үстіндеміз. Қазір лагерь толық жабдықталмаған. Жұма күні барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін, көруге рұқсат беріледі,-дейді лагерь басшысы.

Лагерь Ауысым Бағасы  

Мекенжайы

 

«М.Шаяхметов» атындағы «Светофор» демалыс лагері Барлығы 10 күннен  5 ауысым

1 маусым: 18.06-27.06

2 маусым: 29.06-08.07

3 маусым:10.07-19.07

4 маусым: 21.07-30.07

5 маусым: 01.08-10.08

75 000 т

 

 

 

Алтынсары ауданы, Щербаков ауылы
«Болашақ» балалар сауықтыру лагері Барлығы 9 күннен 6 ауысым

1 маусым: 10.06-19.06

2 маусым: 22.06-01.07

3 маусым: 04.07-13.07

4 маусым: 16.07-25.07

5 маусым: 28.07-06.08

6 маусым: 09.08-18.08

70 000 т

 

 

Алтынсары ауданы,

Басбек ауылы

«Орленок» балалар сауықтыру лагері Барлығы 10 күннен 5 ауысым

1 маусым: 12.06-21.06

2 маусым: 24.06-03.07

3 маусым: 06.07-15.07

4 маусым: 18.07-27.07

5 маусым: 30.07-08.08

53 645 т Алтынсары ауданы, Красный Кордон ауылы
«Чайка» балалар сауықтыру лагері Барлығы 10 күннен 5 ауысым

1 маусым: 12.06-21.06

2 маусым: 24.06-03.07

3 маусым: 06.07-15.07

4 маусым: 18.07-27.07

5 маусым: 30.07-08.08

53 645 т Алтынсары ауданы, Красный Кордон ауылы
«Алюминстрой» ЖШС «Строитель» балалар демалыс және спорт орталығы Барлығы 10 күннен 3 ауысым

1 маусым: 11.06-22.06

2 маусым: 25.06-06.07

3 маусым: 09.07-20.07

50 000 т Қостанай облысы, Арқалық қаласы,

Көктау ауылы, Абай көшесі 2

Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суретті түсірген
Нұржан СМАИЛОВ,
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77