Шерхан Есболат бала кезінен қазақтың ұлттық спортын бойына сіңіріп өскен. Ол республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Бозкілемде белдесіп, қарсыластарын талай мәрте тізе бүктірген балуан. Өзінің әлемдік аренада чемпион болуды елге деген патриоттық сезімнен және қайрат-жігерімен байланыстырады.
Қазақ халқының ұлттық өнері саналатын қазақ күресі бүгінгі таңда халықаралық аренада кеңінен танылып келеді. Оның дәлелі аталмыш спорт түрінен әлем чемпионаттарының тұрақты түрде өткізіліп, спортшылардың қатары көбеюінде. Бұл спорттан біздің облысымызда қалыс қалып жатқан жоқ. Шерхан Рүстемұлының арқасында еліміздің аты әлемге аталмыш спорттан бірнеше рет танылып үлгерді.
Жас спортшы халықаралық аренада екі рет, республикалық жарыстарда бірнеше рет болған. Ресей Федерациясы Қазан қаласында жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатынан 1 орынды жеңіп алды. 3 спорт түрінен «Қазастан Республикасының спорт шебері».
Бала күнгі қызығушылықтан бұл спортқа басталған махаббат осындай жетістікке әкелгеніне дән риза.
– Әрбір жеңіс мен үшін үлкен еңбек пен тер төгудің нәтижесі. Қандай жарыс болмасын елдің намысын қорғау үшін жаттығулардан қалмай, тыңғылықты дайындалып отырамын. Тұтастай бір елдің намысын қорғау мені қайрап қана қоймай одан әрі шыңдай түседі. Халықаралық жарыстарға барғандағы сезім ерекше болғанымен түрлі ойлар мазалайды. Қарсыластар қандай деңгейде? Қалай өтеді екен деген ойлар жиі мазалайды. Екінші жағынан ойымда-мен елімнің намысын қорғауға келдім, мен жеңіске жетіп, өзімді дәлелдеу керекпін деп жігерлендіремін. Сонда бойда адреналин оянып, жеңуге деген ішкі мотивация күшейеді. Күрескенде бәрін ұмытасын. Бозкілемде әрбір қозғалыс пен алғашқы жасаған әдісің маңызды. Себебі, сені қолдап тек бапкерің ғана емес барлық ел үміт артып отырады. Сондықтан әр қозғалысыма жауапкершілікпен қарап, барынша сақ болуға тырысамын. Жеңіске жетіп, туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқау мен үшін үлкен абырой әрі бақыт, – дейді жас спортшы.
Спортшының осындай жетістігі құрдастары мен өзінен кейінгі жас бүлдіршіндерге үлкен ерік-жігер болары сөзсіз. Шерхан өзінің қазақстандық екенін мақтанышпен айтатынын сөз етті. Әрбір жетістігін отбасы мен Отанына қосқан шағын ғана үлесі деп есептейді.
– Менің өмірімде Отанға деген сүйіспеншілік, бағыт беруші күштің бірі. Ол мені жақсы азамат болуға, жауапкершілікпен әрекет етуге, өз ісімді адал әрі шын ниетпен жасауға жетелейді. Мен өзімнің Қазақстан деген елден екенімді мақтан тұтатын сәттер өте көп. Әсіресе, жарыста жеңімпаз атанып, елімнің туы көтеріліп, Әнұран шырқаған сәт ерекше. Мен дәл осы сәтте қатты толқимын. Бойымды «Мен осы елдің ұлымын» деген сезім кернейді. Дәл осы сәтте өзіңді бір спортшы емес, бір елдің намысын қорғап тұрған батыр секілді сезінеді екенсін,- деп сәл жымиды кейіпкеріміз.
Жүректің батылдығын, білектің мықтылығын қажет ететін спорт түрі кеңге қанат жайды. Балуанның бағы, бабымен тікелей байланысты. Ал біздің кейіпкеріміз үнемі бабында жүріп, бағын сынайтын нағыз білекті балуан. Алар асуы, бағындырар белесі алда. Әлі талай мемлекетіміздің көк байрағын көгімізде желбіретеді деген сенім мол. Айтпақшы, жас балуан мамыр айында Индонезияда өтетін Азия чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суретті ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77