Біздің Қостанай В ритме города

Бар ғұмырын перзенттеріне арнаған алтын құрсақты ана Жанкүміс Кенжибаева

Ежелден-ақ дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке-бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет қылу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше.

Шаңырақтың шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін ақ жаулықты аналар, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Осы ретте «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөздің астарына үңіліп, ақиқатын ақтарып көрсек, бала ата-анасына қарап бой түзейді. Міне, бүгінгі әңгімеміз өнегелі, дастарқаны берекелі отбасы, өнерлі жанұя туралы болмақ.

Отбасының бәйтерегі 84 жастағы аналары Жанкүміс Кенжибаева. Ол бар ғұмырын перзенттеріне арнаған алтын құрсақты ана. Дүниеге 11 бала әкеліп, олардан 16 немере, 12 жиен немере, 40 шөбере, 2 шөпшек сүйіп, қолдарынан су ішіп отырған бақытты жан. Жанкүміс әжеміз жастайынан қолынан ине-жіп түспейтін шебер жан екен, оның сыртында жіп иіріп қолдан байпақ, биялай тоқып, кез келген көйлекті де өз қолымен пішіп-тігіп беретін қабілеті бар екен. Жарасымды жанұядан түлеп ұшқан балаларын әкенің ақылы, ананың ақ сүті ақ жолдан адастырмаған екен. Бәрі де бір-бір шаңырақтың иелері. Еліміздің әр түкпірінде өз мамандықтары бойынша еңбек етіп жүрген азаматтар мен азаматшалар.

– Ең алдымен баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын деген мақсатта балаларды ата-дәстүр салтымен, рухы асқақ азамат, ибалы да инбатты қыз етіп тәрбиелеуге тырыстық. Елімізде жанұяға маңызды орын берілген, өйткені адамзат пен мәдени құндылықтардың бұлжымас ұясы отбасы болып табылады. Отбасымызда ұлдарымыз ержетіп, қалаған мамандықтары бойынша білім алды. Аллаға шүкір, балаларымыз әр саланы меңгерген мамандар. Балаға өнер де қасиет те атаның қанымен, ананың ақ сүтімен беріледі деген ақиқат екен. Балаларымның әкесі Әбдібек өз заманының көрікті ұстасы еді. Өзім де өз ортамыздың сұрауы бойынша тоң, көйлек тігіп беретінмін. Осы күнге дейін қолымнан ине-жібімді тастамаймын. Немерелеріммен, шөберелеріме, келіндеріме өз қолыммен тоқылған сыйлықтар жасаймын. Казір құрақ-құрап көрпешелер тігіп ермек қыламын. Мынау жіп иіретін аяқ машинкама да біраз жыл болды. Мұны ұлым Омар сыйға тарқан. Менің құр қарап отыра алмайтынымды біледі. Осымен талай жіпті иіріп іске жараттым, – деді Жанкүміс апай өз әңгімесінде.

Қала орталығында орналасқан үлкен шаңырақты да отбасының балалары өз күштерімен, адал еңбектерімен көтеріп, іргетасын қалаған екен. Балаларының бірі құрылысшы, бірі электрик, бірі әрлеуші екенін де апамыз мақтанышпен айтады.

Үйдің әрбір бөлмесі ерекше дизайнда жасалған, қабырғалары көздің жауын алатын суреттермен безендірілген екен. Мұның бәрі отбасындағы тағы бір өнерлі жан Омар балаларының жұмысы екенін білдік. Қабырғадағы әрбір сурет ерекше махаббатпен салынғанын байқауға болады.

– Омар балам мамандығы бойынша суретші, сонымен қатар асханаға да жақын. Шебер аспаздығы бойына біткен өнер деп қабылдаймын. Қазір Астана қаласында аспаз болып жұмыс істейді. Ал, суретшілік мамандығы да сұранысқа ие. Шақыртумен Астана, Алматы қалаларынан тапсырыс алып тұрады. Осы үйіміздің ішін де безендіруге бір өзі кірісті. Қазір Омар баламның қызы, немерем де осы қолөнермен айналысады. Астана қаласында тұратын үлкен қызым да тігін саласымен айналысады. Жеке шеберханасы бар. Әрбір балам осы өнерлерің арқасында нәпақаларын тауып отырғанын мақтан тұтамын, – деді Жанкүміс әжей.

Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең деген аталы сөзге бас иген халықпыз ғой. Бүгінде ұлттық құндылығымызды насихаттап отырған, кеудесі тарихқа толы әжейді немерелері білім алып жүрген білім ошақтары да қонаққа шақырып, жас ұрпаққа өзінің тәжірибесімен бөлісуін жиі сұрайды екен.

– Жуырда немерем Жалғас оқитын қаламыздағы нөмірі 28 мектеп-гимназиясында өткен «Әжемнің ертегісі» деген іс-шараға шақырту алып, арнайы барып қайттым. Ол жерде бірінші сынып оқушыларына ертегі айта отырып, жүн түтіп, жіп иірудің жолдарын көрсеттім. Балалар ынта қойып тыңдап, қызығушылық танытып отырды. Ең бастысы балалар ұлттық өнердің бір ұшқынын өз көздерімен көріп, атсалысу мүмкіндігіне ие болды. Осындай өнегелі іс-шаралар бала бойынтағы талантты оятуға түрткі болады деген сенімдемін, – дейді Жанкүміс Кенжибаева.

Бақытын балаларынан тапқан ана, немере-шөбереден шөпшек көріп өмірдің қызығына кенеліп отырған Балкүміс әжейдің киелі шаңырағында қуаныш шуағы үзілмесін дейміз.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77