Социум

Барыс жылы баршаға бейбітшілік пен бақыт әкелсін

Кітапханада «Жаңа жыл: күтпеген жерден келер шабыт» атты көрме ұйымдастырылды

Биылғы жыл атаулы күндерге, мерейтойларға, есте қаларлық оқиғаларға толы жыл болды. Міне, 2021 жылды қорытындылап, тарих қойнауына табыстап, төрімізге келер Жаңа жылды қарсы алуға санаулы күндер қалды. Баршамыз Жаңа жыл бізге не берер деген үміт пен жақсылықтар күтеміз. Қазақта жыл қайыру, яғни санау он екі жылдан тұрады. Он екі жылды ата-бабамыз бір мүшел деп білген. Бір мүшелдің жылдары он екі түрлі аң мен жануардың атымен аталған.

Жыл санауы бойынша келер 2022 жылдың иесі – Барыс жылы болып табылады. Жаңа жыл барлығымыз үшін ерекше мереке. Әлемнің көптеген халықтары тойлайтын ортақ мерекенің тарихы да әр түрлі. Әр елдің тойлау дәстүрі де өзгеше. Дегенмен, барлығы Жаңа жылды ерекше салтанатпен, үлкен үмітпен қарсы алады. Әсіресе, жас бүлдіршіндер мерекені ерекше жақсы көретінін білеміз. Осы мереке нышанына айналған Жаңа жылдық шыршаны өз қолымен құру, оны айнала ән шырқау, түрлі сәнді киімдер киіп, аяз атаға тақпақ айтып беру, отшашуды далаға шығып тамашалау олар үшін ұмытылмас шаққа, жыл сайынғы дәстүрге айналды. Мерекеде бірі достарымен кездесіп, бірі отбасымен қауышып, бір-біріне жақсы тілектерді жолдай отыра, сыйлықтармен қуантады.

Барыс жылының да табалдырығымызды аттауына санаулы ғана күндер қалды. Өңірімізде келер жылды қарсы алуға жан-жақты дайындықтар басталып та кетті. Осы ретте Л. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да тыс қалмады. Абонементтер бөлімі оқырмандарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап «Жаңа жыл: күтпеген жерден келер шабыт» көрмесін ұйымдастырды. Оқырмандар көрмеге қойылған басылымдардан мерекеге дайындық кезінде пайдалы болатын көптеген идеяларды таба алады. Мұнда киім мен макияжды қалай таңдау керектігі, үйді қалай безендіруге болатыны, үйге және жұмысқа арналған жаңа жылдық көңілді кештің сценарийін қалай ойлап табуға болатыны, шыршаның әшекейлерін қалай жасауға болатыны және сыйлықты қалай таңдау керектігі жайында, мерекелік рецептер туралы кеңестер, сондай-ақ дастарханды жасауға арналған және тағы басқа пайдалы кеңестер бар.

С. Креллердің «Снежный великан», Р. Уэллстің «Алфи и зимние чудеса», «Рассказы к Новому году и Рождеству», Е. Неволиннің «Охота снежной королевы» кітаптарын оқи отырып, ғажайыптар мен қысқы сиқырлар әлеміне сапар шегіп, шытырманға толы оқиғаларды бастан кешкендей әсер алып, көптеген қызықты және тың мәліметтерді алуға болады.

-Биыл ұйымдастырылып отырған кітап көрмесі өзінше бір әлем. Осыған дейін жаңа жыл қарсаңында көптеген іс-шаралар ұйымдастырған болатынбыз. Бірақ жақында жасаған көрме көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Онда жаңа жылды өзіңе сәттілік, бақыт әкелетіндей қалай қарсы алуға болады деген жанға мәлімет көп. Сондай-ақ халық арасында «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің» деген түсінік бар. Сондықтан жылына бір рет келетін және күнтізбені толық өзгертетін мерекені жақсы көңіл-күймен, етжақындарыңмен, шаттанып, қуанып, үлкен сүйіспеншілікпен қарсы алғаннан артық ештеңе жоқ. Біздің жасаған көрмемізді кітапқұмар қала тұрғындары ұлкен қызығушылықпен тамашалап жатыр. Әсіресе, жаңа жылға үміт артатын жандар өздері бұрын соңды білмеген мәліметтерге қанығып, өздерінің алғыстарын білдіріп жатыр,-дейді Л. Толстой ат. Қостанай ОӘҒК қызметкері Айман Елибаева.

Жаңа 2022 жыл жағымды жаңалықтар мен телегей табысқа толы, ырыс пен ынтымақтың, береке мен байлықтың, бейбітшілік пен бақыттың жылы болғай! Баршаңызды Л. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұсынған «Жаңа жыл: күтпеген жерден келер шабыт» атты мерекелік көрмемен танысып шығуға шақырамыз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77