Новости Социум

Баспаналы болсам деген жандарға зор мүмкіндік туып отыр

«Нұр жер» бағдарламасы арқылы Заречный ауылындағы «Северный» шағын ауданында қолжетімді бағада жаңа пәтерлер сатылуда

Елімізде жылдан жылға баспана мәселесі  де біртіндеп шешімін тауып келеді. Баспанасы болмай пәтер жалдап жүрген жандардың санын азайту мақстаныда мемлекетіміз бойынша жаңа көп қабатты тұрғын үй салу науқаны басталған еді.

Осы жаңадан салынған үйлердің қарапайым халыққа қол жетімді болуы үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар да іске қосылды. Осы игі бағдарламалар бойынша бүгінде судай жаңа пәтерге қол жеткізген көптеген қандастарымыз қоныс тойын да тойлады.

Міне, осындай жаңа көп қабатты тұрғын үйлер Қостанай шаһарында да көптеп тұрғызылып жатыр. Бірнеше жаңа үйлер орналасқан шағын аудандар да пайда болды. Бүгінде бұл үйлер тұрақты табыс табатын кез-келген жанға қолжетімді болып отыр.

Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Заречный ауылындағы «Северный» шағын ауданында тұрғызылған жаңа көп қабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер қолжетімді бағада сатылып жатқаны белгілі болды.

Бұл жайында  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Қостанай облыстық филиалының мамандары журналистерге баспасөз турын ұйымдастырып, хабарлады.

Филиал директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, аталмыш ауданда 11 үш және төрт қабатты тұрғын үйлер салынған. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жергілікті халыққа осы үйлерден пәтер алуға зор мүмкіндік туып отыр. 40 шаршы метр бір бөлмелі пәтер мұнда 5 млн 600 мың теңге, екі бөлмелі пәтер – 7 млн 420 мың теңге. Шаршы метрдің бағасы — 140 мың теңге.

Осы жерде тағы да бір тиімді нұсқа — шағын ауданда екі үй бар, онда бір шаршы метр құны 128 мың теңге болатын бірнеше пәтер сатылмаған. Бұл үйлердің бір бөлмелі пәтері 5 млн 260 мың теңгені құрайды. Ал мұнда шаршы метр арзан, себебі, үйлер 2016 жылы салынған екен.

– Мұндағы біздің мақсатымыз өз салымшыларымызды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осыған қатысты жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп отырамыз, бұл орайда жергілікті әкімдік пен құрылыс компаниялары да өз көмегін көрсетуде. Нәтижесінде,  қазір біз өз клиенттерімізге  таза әрлеу күйінде 1 шаршы метрі 140 мың теңгені құрайтын 65 пәтерді ұсынып отырмыз. Жаңа үйлер экологиялық таза ауданда салынған және дамыған инфрақұрылымы бар. Яғни, үйдің жанында балалар ойын алаңы, асфальтталған территория, 350 оқушыға арлған жаңа қазақ мектебі және автобус аялдамалары бар. Он минут сайын 102 маршруты жүреді, — дейді Дәурен Мұратұлы.

Осы жаңа пәтеғрлерді тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатып алуға болады. Қазір банкте 65 бір және екі бөлмелі пәтер бар. Олар бойынша байқау 13 қарашаға дейін өткізіледі.
«Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес бастапқы жарна тұрғын үй құнының 20% құрайды. Сыйақы мөлшерлемесі — 5 пайыз. Шамамен 1,1 млн теңге құны 5 млн теңге тұратын бір бөлмелі пәтерді сатып алуға қатысу үшін жеткілікті. Ай сайынғы жарна 36-дан 64 мың теңгеге дейін болады. Бұл ретте үміткердің Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман статусы болуы тиіс. Сондай-ақ, өтінім беру кезінде үміткердің атына тіркелген баспананың болмауы, төлем қабілеттілігін растау сияқты талаптар да қойылғанын да естеріңізге саламыз.

Бұл баспаналы болсам деген жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Тек уақытында құжаттар дайындап, алғашқы жарнасын төлеп үлгіру қажет.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77