Новости Социум

Баспаналы болуға мүмкіндік зор

Қоғамдық кеңес мүшелері  Президенттің бес әлеуметтік бастамасының орындалуымен танысты

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» жергілікті аумақта қалай іске асып жатқандығын бақылау мақсатында «Nur Otan» партиясының жанында құрылған қоғамдық кеңес мүшелері кезекті рейд шарасын өткізді.

Онда «5 бастаманың бірінші бағыты бұқараны баспанамен қамту» мәселесі талқыланды. Өңірімізде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы үй алу тетіктерінің тиімділігі тілге тиек болды.

«Ағымдағы жылдың партияның Бес әлеуметтік бастаманы түсіндіру мен іске асу барысын тексеру бойынша  іс-шаралар тізбегі құрастырылған еді.Өткен жылдың өзінде 6 отырыс өткізіліп, нәтижесінде 13 ұсыныс әзірленді.Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын ақпараттық – түсіндіру шаралары аясында 900-ден астам кездесу ұйымдастырылып, 35 мыңнан астам тұрғынды қамтыды.  Ағымдағы жылы Қоғамдық кеңес мүшелері екінші деңгейлі банк өкілдерімен бірлесіп арнайы акция ұйымдастырды.  Қоғамдық қабылдауда 7-20-25 бағдарламасы түсіндірілді. Бірнеше сағатта 100-ден астам қостанайлық кеңес алды», –  дейді «Nur Otan» партиясы ҚОФ филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев.

Қостанай өңірінде 600-ден астам көп балалы отбасы баспана кезегінде тұр. Олардың 70%-і облыс орталығы мен Рудный қаласында және Қостанай ауданында тіркелген. Жуырда оларды баспанамен қамтамасыз етуге республикалық және облыстық бюджеттен 900 млн теңге бөлінген. Бұл қаржының бір бөлігіне аталған отбасылар үшін дайын пәтерлер сатылып алынса, екінші бөлігі баспана кезегінде тұрған көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы 2%-тік жеңілдікпен беріледі.

Құрылыс басқармасының ақпаратына сәйкес, «Бақытты отбасы» аясында жаңа бағдарлама мамыр айынан басталады. Қаржының қалған бөлігіне көп балалы отбасыларына арналған жалдамалы үйлер тұрғызылмақ. Өңір тұрғындарының «7-20-25» ипотекалық бағдарамасы бойынша баспана алу көрсеткіші де біршама өскен. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан екінші деңгейлі банктерге көлемі 2 млрд теңгеге жуық 400 ден астам өтінім түсіп, оның 306-і мақұлданған. Қостанайлықтар бұл бағдарламаны іске асыру жөнінен еліміз  бойынша алдынғы қатарда.

– Былтыр бұл бағдарлама бойынша тұрғындарға жалғыз «Центркредит Банк» қана несие беріп келсе, биыл оған «Халық банкі», «Форте», «АТФ», «Цесна банк», «Еуразия» және «Сбербанк» сияқты қаржы мекемелері қосылып отыр, – дейді ҚР Ұлттық банкі ҚОФ қаржы мекемелерін қадағалау және қаржылай қызмет көрсету бойынша тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы  Әсет Қуанышбаев

Жалпы биыл «7-20-25» бағдарламасы бойынша 11 тұрғын үй салынады. Онда 1233 пәтер бар. Мұның сыртында аталған бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында екінші жартыжылдықта облигациялық қарыздар бойынша салынып жатқан несиелік тұрғын үйлердің есебінен 368 пәтерді екінші деңгейлі банктерге өткізу жоспарланған. Арнайы бақылау іс-шарасы барысында құрылыс сапасында кемшіліктер табылмады. Айта кету керек, алдағы уақытта да қоғамдық кеңестің тексеру шаралары ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Басты мақсат «Бес әлеуметтік бастаманың»  уақытылы әрі мерзімді орындалуы дейді, кеңес мүшелері.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті ұсынған «Nur Otan» Партиясының

Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77