Бұл жеке кәсіп ашамын деген жандарға мемлекет тарапынан зор көмек болып отыр
«Қостанай қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ үстіміздегі жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік бойынша оқу курсынан өткен, Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздар тізімінде тұрған жеке кәсіппен айналысуды мақсат еткен жандарға 43,8 млн теңгені құрайтын 75 мемлекеттік грант берген болатын.
Осы гранттардың 74 пайызы мемлекеттік грантқа үміткер аз қамтылған, көп балалы отбасыларының мүшелері мен жұмыс істеуге қабілеті бар мүмкіндігі шектеулі жандарға және 29 жасқа толмаған жастарға берілді.
Осындай кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік грантқа ие болған Сағадат Баймолдинаға хабарласып, қандай кәсіп түрімен айналысқалы жатқанын, иеленген қаражатты қандай мақсатқа жұмсағалы отырғанын сұрап білген болатынбыз.
-Менің жартылай фабрикаттық өнімдер дайындап жүргенімен биыл 3-ші жыл. Осы уақыт ішінде үйімнің жанындағы кеңсені жалдап, тұшпара, мәнті, вареники, бауырсақ, самса жасап, сатамын. Бұл өнімдерді шикілей қатырып та, пісіріп те сатумен айналысып жүрмін. Табысым жаман емес емес. Маған үнемі келетін тұтынушыларым да бар. Осыған орай болашақта жеке кәсібімді дамыту мақсатында мемлекеттік грантты иеленсем деген ойман, конкурсқа қатыстым. Бағым жанып, мемлекет тарапынан қолдау тауып, 583 400 теңге көлеміндегі грантқа ие болдым. Қуанышымда шек жоқ. Қазіргі таңда осы қаражатқа кәсібіме қажетті газ плита, электр пеш және тоңазытқыш сынды қажетті құралдарымды сатып алып жатырмын. Бұл қаражат маған үлкен қолдау болды. Алдағы уақытта да бір тынбай осы кәсібімді шыр айналдырсам деген ойдамын, – деді.
Тың идеяларды жүзеге асыру мақсатына арналған жобаларға мемлекеттік грант айына 200 реттік есептік көрсеткішпен беріледі.
-Берілген мемлекеттік гранттар кәсіпкерлерге жеке істеріне қажетті құрал-саймандар, кәсібін жүргізетін кеңсе немесе сауда орын, ал мал шаруашылығымен айналысамын дегендер үшін мал, жем-шөп, басқа да қажетті технологиялық құрылғы алу үшін жұмсалуы тиіс, – дейді «Қостанай қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының» басшысы Надежда Костенюк.
Мемлекеттік гранттың иегері атанған жандар жақын арада, өздері армандаған кәсіпті қолдарына алып, жаңа жұмыс орындарын ашулары қажет.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77