Социум Экономика

«Бастау Бизнес»: Аспаздықты кәсіп көзіне айналдырған

Жеке кәсіпкер, көп балалы ана Сағадат Баймолдина жайында

Бүгінде жеке кәсібін ашып, күнкөріс көзіне айналдырып жатқан жандар көптеп саналады. Солардың ішінде бала күтімімен үйде отырған көп балалы аналар да бар. Жалпы, еңбектеніп, табыс табуда ең бастысы ниет болса болғаны емес пе. Осы ретте төрт балалы ана Сағадат Бамолдинаны айтпай кетуге болмайды.

Сағадат Жангелдин ауданына қарасты Степняк совхозында   көп балалы отбасында дүниеге келген. Үйіндегі 8 баланың 5-шісі. Әкесі Балтабай мен анасы Күләштан тәлімді тәрбие алып, білімді де еңбекқор жан болып қалыптасады. Осы ауылда мектеп бітіріп, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің экономист-бухгалтер мамандығы бойынша оқуға түседі.

Бүгінде оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемесе де, жоғары оқу орнынан алған білімі жеке кәсібінде есеп-қисабты дұрыс жүргізу үшін өте қажет болып отыр.

Үш жылдай уақыт жартылай фабрикаттық өнімдер жасаумен айналысып келе жатқан кәсіпкермен тілдескенімізде, ол:

-Мен бала кезден тамақ әзірлігенді жақсы көретінмін. Ас дайындауды ерте үйрендім. Ата-анам жұмыстан шаршап келгенде, кешкі астарын дайындап қоятынмын. Тұзын келтіріп, ас дайындау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оған ерекше ептілік қажет. Бала кезден бұл қасиет бойымда болды. Мен алғаш рет ас дайындағанда ата-анам да, бауырларымда менің тамағымның тәтті екенін айтты. Содан  бастап, көбінесе апаларым мен сіңілілерім үй жинаса, мен ас әзірлейтінмін. Шыны керек, сол бала кезден бойыма қалыптасқан қасиетім міне, бүгінде өмірімнің мәніне айналып отыр. Қазір де тамақ әзірлегенді жаным сүйеді, – дейді.

Расында да, асты дәмді етіп әзірлеу екінің қолынан келе бермейді. Тамақ әзірлеуге икемді ерекше жандар болады. Сондықтан да қала аралап, тағамы тәтті шатханалар мен асханаларды тұрғындар бекер іздемесе керек. Сол дайын ас ұсынатын орындардың мол табыс табуы да сондағы аспазшының ерекше талабына байланысты болса керек.

Осы ретте Сағадаттың аспаздың қасиетіне ешқандай күмәндануға болмайды. Оның қолынан шыққан тұшпара, вереники, мәнті, самса, бауырсақ бүгінде үлкен сұранысқы ие. Көп балалы ана күнделікті бала күтімінен уақыт тауып жеке кәсібін шыр айналдырып отыр.

-Мен 1998 жылы тұрмыс құрдым. Жолдасым Асқар екеуіміз көп балалы ата-ана атануды жөн көрдік. Бала адамға Алланың берген сыйы. Сондықтан үйімізде улап-шулап жүрген балаларымыздың барына тәубә етеміз. Бала күтімімен үйде отырсам да, еңбек етуден қашқан емеспін. Үйде отырып табыс табуды қолға алдым. Қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, жеке кәсіп ашуды қалайтынымды жеткіздім. Қажетті құжаттарымды жинап, кәсіпкерлерге арналған қысқа мерзімдік курсқа қатысып, арнайы сертификатқа ие болдым. Сөйтіп, орталық қызметкерлері маған мемлекеттік грант иеленуге арналған конкурсқа қатысуыма болатынын айты. Сондай-ақ көп балалы аналарға арналған жеңілдіктердің де бар екенін түсіндірді.

Керек құжаттарды жинақтап, жеке кәсібімнің жоспарын құрып, қолыма алып отырған ісімді толық қорғап шықтым , – дейді жеке кәсіпкер.

Сағадат «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 583 400 теңгені құрайтын қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған. Ол бұл қаражатты жеке кәсібіне қажетті газ плита, электр пешін, тоңазытқыш сатып алуға жұмсап, бүгінде кәсібі үшін жалға алып отырған кеңсеге орналастырған.

Жаңадан сатып алығна тұрмыстық техникалар оның көп мөлшерде өнім жасауына шығуына өте қолайлы болып отыр. Бүгінде ол самса мен бауырсақты қатырып та, пісіріп те сатумен айналысып жүр. Сонымен қатар қатып тұрған тұшпара, мәнті, вареники көпшіліктің сұранысында екен. Осындай дәмді тағамдар түрін жасайтын Сағадаттың күнделікті табысына көңілі толады.

Кәсібі көңілінен шығып, табысы қуантып отырған көп балалы жас ана Дария, Мадина, Айша, Сабыржан есімді балаларының тәрбиесімен де айналысып отыр. Олардың күнделікті тәтті қылықтарын көргенде, ас әзірлеп шаршағанын ұмытады. Табыс табу жолында аянбай еңбек етеді.

-Жеке кәсіп ашып, көпшілікке тәтті тағамдар түрін ұсынып отырғаныма қатты қуаныштымын. Менің жасым 21-де. Осы уақытқа дейін өзіме өзім қожа жеке кәсіп иесі болуды армандаған едім. Міне, сол арманым орындалып, мемлекет тарапынан қолдау тауып отырмын. Қуанышымда шек жоқ. Әрине, алдыма қойған мақсаттарым  да көп. Жеке кәсібімді жылдар өте ұлғайтуды қалаймын. Мен көп тағам түрлерін дайыдауды білемін. Сондықтан болашақта санаулы тағам түрлерімен шектеліп, қалмай санын арттыру жоспарымда, – дейді кәсіпкер.

Үйренсем, білсем деп талпынған жанның жетер асу асқақ. Ол алдына үлкен мақсат қойып, сол жолдан таймаса, биіктерге жетері хақ. Кәсібін жаңа ашып, сол мақсатта тапжылмай еңбек етіп жүрген жанға бізде сәттілік тілейміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77