10 регион Социум

Басты мақсат – ауыл тұрғындарына жайлы орта қалыстастыру

Мичурин ауылдық округінің әкімі, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының өкілі Майшин Талғат Кенжебаұлының қызметіне кіріскеніне биыл бір жылдан асты. Сайлау кезінде тұрғындар оған 66% дауыс беріп, үлкен сенім артқан еді.

Бүгінде әкім осы сенімді ақтау үшін жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде атқарып келеді. Оның айтуынша, ауылдағы әр өзгеріс нақты жоспардың, тұрақты еңбек пен халықпен ашық диалогтың нәтижесі. Талғат Кенжебайұлы алғашқы күннен бастап басты мақсатты айқындады: «Халықтың әл-ауқатын жақсарту – менің бірінші міндетім. Біз кез келген жұмысты тұрғындардың қажеттілігі мен сұранысына қарап бастаймыз», – дейді ол. Мичурин ауылдық округі Қостанай ауданының ірі және дамып келе жатқан елді мекендерінің бірі. Округке Алтынсарин, Садовое және Мичурин ауылдары кіреді.

– Ауыл әкімі қызметіне келгелі бір жылдан асты. Алғашқы кезең қаншалықты қиын болды? Қандай мәселелерді бірінші кезекте қолға алдыңыз?

– Шынымды айтсам, алғашқы айлар өте жауапты әрі қарбалас кезең болды. Әр ауылдың өзіне тән мәселелері бар, ал оны сырттай көру бір басқа, әкім ретінде ішіне енгенде мүлде басқа деңгейде сезінесің. Ең алдымен ауылдағы негізгі мәселелерін жүйеледік, жолдардың жағдайы, ауызсу мәселесі, жарықтандыру, әлеуметтік нысандарға қатысты сұрақтар және тұрғындармен байланыс. «Ақ жол» партиясынан сайланған әкім ретінде мен үшін ең басты талап – ашық жұмыс істеу, халықпен тікелей кездесіп, мәселелерді жасырмай айту, шешім жолдарын бірге қарастыру болды. Бірінші кезекте ең өзекті мәселелер – ауызсу және жолдарды жөндеу бағыттарын қолға алуды жөн көрдім. Сонымен қатар өздеріңіз білетіндей бізде көктемде туындайтын өзекті мәселе бұл су тасқыны.

Біз ауылдарға қоршау орнатып, тұрғындардың үйлерін сақтап қалу бойынша жұмыс атқардық.

– Бүгінгі таңда округтің жалпы халқы қанша және ауыл шаруашылығы қандай деңгейде? .

– Жалпы тұрғындар саны – 5014 адам бар. Округ аумағында төрт өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл – «БК-Стройпром» зауыты, кірпіш және құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ «Мичуринец-А» және П.Корнеев компаниялары, құрылыс құмдарын өндіру саласында қызмет етеді. Төртінші компания – «Одақ», бұл кәсіпорын бөтелкедегі су шығарады. Ал ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығы мен сүт өндірісі дамыған. «MilkFarmKZ» сүт өндіру және жем өндірісімен айналысады. Округте 23 шаруа қожалығы бар: олардың 4-і мал шаруашылығымен, қалған 19-ы – көкөніс өсірумен айналысады.

– Тұрғындармен жұмыс қалай жүріп жатыр, сізге көбінесе қандай сұрақтармен келеді?Бір жыл ішінде халықтың ең көп көтерген шағымдары қандай болды?

– Иә, халықпен ашық диалог қалыптастыру – менің негізгі басымдығым. Бұрынғыдай тек жиналыс өткізумен шектелмей, өздері әкімдікке келіп, сұрақтарын қоя алады. Ол жерде кез келген тұрғын кезексіз, алдын ала жазылмай-ақ келіп, өз мәселесін көтере алады. Ең бастысы – адамдар өз дауысының естілетінін сезініп, билікке деген сенім артып келеді. Негізгі шағым – жол, жарық және ауызсу. Бұл – барлық ауылдарға тән ортақ мәселелер. Сонымен қатар кейбір тұрғындар жеке бастарына қатысты мәселелермен де келеді: жер учаскесінің құжаттары, әлеуметтік көмектер, тұрғын үй кезегі, мал жайылымына қатысты сұрақтар және тағы басқа. Барлық шағымды бірден шешу мүмкін емес, бірақ әрқайсысын назардан тыс қалдырмаймыз. Менің басты қағидам – «ешбір өтініш жауапсыз қалмасын». Осы ұстаным нәтиже берді, тұрғындар жиі жиналысқа келеді, пікір білдіреді, ұсыныс айтады. Біз ашық форматқа көшкеннен кейін адамдар белсенді бола бастады.

– Инфрақұрылым бойынша нақты қандай жұмыстар атқарылды?

– Инфрақұрылымды жақсарту – ауыл дамуындағы негізгі фактор. 2025 жылы Садовое ауылында Ленин, 70 лет Октября, Озерная көшелері және Озерная өткелі орташа жөндеуден өтті. Жұмыстар сапалы және уақытында орындалды. Сонымен қатар, жарықтандыру жаңартылды: Мичурин және Садовое ауылдарында жаңа желілер мен бағаналар орнатылды. Ескі желілер модернизацияланып, қосымша 15 шам қойылды.Әлеуметтік жұмысшылардың күшімен көшелер, скверлер, балалар мен спорт алаңдары тазартылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында апта сайын сенбіліктер өткізіледі. Ағаштар қырқылып, зақымдалған жерлер жөнделеді. Садовое ауылында контейнер алаңдары қалпына келтіріліп, жаңа қоршаулар орнатылды. Екі автобус аялдамасы жөнделді, балалар алаңдары жаңартылды, жаңа ойын элементтері (МАФ) орнатылуда. Бұрын қараңғы, тұрғындар үшін қауіпті саналатын көшелер қазір жарықтандырылып, адамдар түнде еркін жүретін болды. Ауызсу мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп жатыр, магистральды желілердің 40 пайызы жөндеуден өтті, келесі жылы толық жаңарту жоспарға енгізілді. Электр желілерінің тозуы бойынша да үлкен жұмыс басталды, өйткені кейбір бағандар 40 жыл бұрын орнатылған. Бұл тек әкімдіктің ғана емес, облыстық басқармалардың да қолдауын қажет етеді. Сол себепті тиісті бағдарламаларға қатысу үшін бірнеше жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Қаражат бөлінсе, ауыл инфрақұрылымы толығымен жаңарады.

– Әлеуметтік сала мен білім беру бағытында қандай өзгерістер бар?

– Әлеуметтік бағыт – бұл ауылдың жүрегі. Барлық үш ауылда мектептер бар, толық қамтамасыз етілген, газдық жылыту жүйесі жұмыс істейді. Өткен жылы екі фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін де ұйымдастырдық. Округте жұмыссыздар мен жастарды мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларына тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атқарылып жатқан шаралардың нәтижесінде округте атаулы әлеуметтік көмек алушылар жоқ. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 13 адам өз кәсібін жүргізу дағдылары бойынша оқытудан өтті, жоспар 11 адам болған. Биылғы жылы жұмыспен қамту бағытында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді: бос жұмыс орындарына 204 адам орналастырылды (жоспар 162), жастар тәжірибесі арқылы 4 адам жұмысқа тұрды, «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 5 адам еңбекке тартылды, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 1 адам еңбек жолын бастады, ал СРМ бағыты бойынша 4 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы жұмыспен қамту шараларымен қамтылғандар саны 466 адамды құрап, жоспарланған 328 адамның 142 пайызы орындалды. Бұл көрсеткіштер округте жұмыспен қамту саласындағы жұмыстың тиімді жүргізіліп жатқанын және халықтың белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Яғни, ауылда тек мәселелерді шешу емес, өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр.

– Мичурин ауылындағы су құбыры мәселесі неге әлі шешімін таппай отыр және жобаның кейінге қалдырылуына не себеп?

– Мичурин ауылындағы ең маңызды мәселелердің бірі – орталықтандырылған су құбырының болмауы. Ауылда су құбырына қатысты жоба 2027 жылға шегерілді. Бұған басты себеп – су құбырымен қатар кәріз жүйесін де бірге салу мәселесінің қарастырылуы. Тұрғындар екі жұмысты бір уақытта атқаруды тиімді деп санайды, яғни жолды бірнеше рет қазбай, бір ретте толық жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, бұл бағытта тұрғындар арасында сауалнама жүргізіліп, көпшілік те бір реттік қазу жұмыстарын қолдайтындарын айтқан. Су құбырына байланысты жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін 2026 жылдың басында ауыл тұрғындарымен жиын өткізу жоспарланып отыр.

– Алдағы жылға қандай жоспарлар қойдыңыз? Солар жайында айтып өтсеңіз…

– Ең үлкен жоспар – ауылдың даму стратегиясын толық іске асыру. Оның ішінде инфрақұрылымды әрі қарай жаңарту, ауызсуды толық шешу, көшелерді асфальттау, жастарға арналған шағын спорт алаңын салу бар. Сондай-ақ ауыл кәсіпкерлерімен жұмысты жалғастыру. «Ақ жол» партиясының негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті қолдау, сондықтан осы салада да белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы бір-екі жыл ішінде ауылдың келбеті айтарлықтай өзгереді деп сенемін.

– Тұрғындарға қандай үндеу айтар едіңіз?

– Ең бастысы – ауылды бірге дамыту. Әкім жалғыз өзі бәрін шеше алмайды. Халықтың қолдауы, ұсынысы, белсенділігі қажет. Бір жыл ішінде тұрғындардың бірлігі мен түсіністігіне көзім жетті. Сол үшін алғыс айтамын. Кез келген мәселені бірге талқылап, бірге шешсек, ауылымыз әлдеқайда жақсы әрі жайлы болады.

Мичурин ауылдық округі бір жыл ішінде маңызды жобаларды жүзеге асырып, ауылды көркейту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар атқарды. Басты мақсат – тұрғындарға жайлы, қауіпсіз және заманауи өмір сүру ортасын қамтамасыз ету.

– Әңгімеңізге рахмет!

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77