Қостанай қаласындағы Физика-математика лицейінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Дархан Базарбаевтың құрметіне «Жас сақшы» патриоттық сыныбы ашылды.
Ашылу рәсімі ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастамасымен батыр полицейдің дүниеден озған күніне орай 19 қаңтарда өтті. Салтанатты жиын антына адал бола білген бозжігітті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Маңызды іс-шараға Қостанай академиясының басшылығы, «Жас сақшы» сыныбының оқушыларымен ата-аналары, сондай-ақ Дархан Базарбаевтың отбасы мен лицей ұжымы қатысты.

Академия бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ерлан Ахметов қаза болған полицейдің ерлігі мен азаматтық болмысына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, «Жас сақшы» сыныбы оқушылардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып қана қоймай, құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан жастарды ерте кәсіби бағдарлауға мүмкіндік береді.
– Дархан Базарбаев қызметтік борышын атқару барысында өз өмірін қатерге тігіп, соңына дейін антына берік болды. Оның ерлігі – бүгінгі жас ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің, батылдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Біз оның есімін ұлықтай отырып, болашақ сақшыларды елге адал қызмет етуге тәрбиелеуді мақсат етеміз. – деді өз сөзінде Ерлан Ахметов. – «Жас сақшы» – академияның тәртіп пен білімді қатар ұштастыратын маңызды жобасы. Аталған жоба оқушыларға құқық негіздерін терең меңгеруге, полиция қызметінің ерекшеліктерімен жан-жақты танысуға мүмкіндік береді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, патриоттық сезімді ояту, тәртіп пен жауапкершілікті нығайту, сондай-ақ жастардың құқық қорғау органдары қызметіне деген қызығушылығын арттыру.
Полиция сержанты Дархан Базарбаев небәрі 25 жасында қызмет бабында қарулы қылмыскердің қолынан қаза тапты. Қайғылы жағдай 2020 жылы 19 қаңтарда Тобыл қаласында орын алған еді. Отбасында жанжал шығып, оқиға орына патрульдік полиция экипажы шақырылған. Отбасы мүшелеріне қауіп төндірген ер адамды ұстау кезінде Базарбаев жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, жедел жәрдем келгенше көз жұмады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етугеәрекет жасап, осылайша ол өз өмірін қатерге тікті.ҚР Президентінің Жарлығымен Дархан Базарбаев қайтыс болғаннан кейін қызметтік борышын орындау кезіндегі жан қияр ерлігі үшін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ал оның есімі «Қостанай облысы жастарының Алтын кітабына» жазылды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан Дархан Базарбаевтың отбасы батыр сақшының есімін ұлықтауға бағытталған бастама үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Олар баласының ерлігі ел есінде сақталып, жас ұрпаққа үлгі болып отырғанына риза екендерін айтып,мектеп ұжымына және «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына ізгі тілектерін жеткізді.
– Бүгін Дарханнан айырылғанымызға 6 жыл толып отыр. Алайда оның есімі Қазақстан полициясының тарихында қалды. Ұлымыздың рухына көрсетілген құрмет үшін Қостанай академиясына шын жүректен алғыс білдіреміз. Оның есімі осындай игі іспен аталып, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеуге қызмет етіп жатқаны – біз үшін үлкен жұбаныш. Дарханды үлгі тұтатын кейінгі ізбасарларына оның таңдаған жолы мен ерлігі адалдық пен жауапкершіліктің мәнін түсіндіреді деп сенімдеміз, – деді марқұмның әкесі.
«Жас сақшы» – жас полицейлер жасағы
Ашылу шарасы аясында қатысушыларғамамандандырылған оқу кабинетінің қажетті оқу-әдістемелік құралдары, көрнекі материалдары және құқық қорғау органдарының қызметін танытатын жабдықтар таныстырылды. Мұнда оқушылар үшін тәжірибелік сабақтар мен танымдық кездесулер өткізу жоспарланған. Академия басшысы атап өткендей, аталған кабинетті ашу идеясы жасөспірімдердің бойында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған. Сыныпта оқушылар құқық қорғау органдарының қызметімен танысып, алғашқы әскери және құқықтық даярлық негіздерін меңгереді. Айта кету керек, «Жас сақшы» патриоттық сыныбының құрылуына 4 «а» сыныбының белсенділігі мен тәртібі себеп болған.

– Өткен жылы Жеңіс күніне орай академия ұйымдастырған саптық ән байқауына қатысқан болатынбыз, онда балалардың ұйымшылдығы мен дайындық деңгейі көпшіліктің назарын аударды. Оқушылар әнді бір ырғақпен айтып, сап түзеп нық қадаммен жүре білді. Байқау қорытындысы бойынша біздің команда І орынды иеленді. Осы жетістіктен кейін бізге «Жас сақшы» сыныбы болу жайында ұсынысы жасалды, – дейді сыныптың жетекшісі Гүлнара Алимова.
Биылғы оқу жылының басында академия мен білім ордасы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойылды. Соның негізінде 4-сынып оқушыларынан«Жас сақшы» патриоттық сыныбын құру туралы шешім қабылданған.

Ал 20 қыркүйек күні жас сақшыларға арнайы куәліктер табысталып, олар ресми түрде отряд мүшелері атанды. Қазіргі таңда сыныпта құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан, тәртіп пен жауапкершілікті басты құндылық санайтын 34 оқушы тәрбиеленуде. Өз кезегінде «Жас сақшы» сыныбының оқушылары да бұл отрядта оқуды үлкен мақтаныш санайды.
– Біздің өз командиріміз бар, оның аты – Сұлтан Шабанов. Отряд мүшесі болу маған өте ұнайды. Мұнда біз тәртіпті болуға, бір-бірімізге көмектесуге үйретеді. Академия оқытушыларымен өтетін сабақтар қызықты әрі пайдалы. Болашақта полиция қызметкері болуды армандаймын, – дейді отряд тәрбиеленушісі Велизар Вавилов.
Сынып жетекшісінің айтуынша, «Жас сақшы» жобасы балалардың бойында заңға құрмет, отанға адалдық және азаматтық жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруды көздейді. Аптаның әр сейсенбі күні Қостанай академиясының оқытушылары лицейге келіп, оқушыларға құқық негіздері бойынша дәрістер оқып, тәрбиелік әңгімелер өткізеді. Сонымен қатар балалар полиция қызметінің қыр-сырымен танысып, саптық түзеу сияқты түрлі практикалық сабақтарға қатысады.
Жас сақшылар үшін жасалған мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Сынып оқушылары Қостанай академиясының спорттық секцияларына тегін қатысып, дене дайындығын шыңдауға мүмкіндік алған. Бұл олардың салауатты өмір салтын ұстануына және тәртіпке бейімделуіне оң ықпал етуде.

«Жас сақшы» патриоттық сыныбына жетекшілік ететін мұғалімнің айтуынша, бұл бастама оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, олардың бойында жауапкершілік пен тәртіпті ерте жастан қалыптастыруға ықпал етеді.
– Бүгін бізге келген қонақтар Дархан Базарбаевтың қандай ерлік жасағаны туралы айтып берді. Академиядан келетін оқытушылар бізге заңды бұзуға болмайтынын, әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі бар екенін түсіндіреді. Мұндай сабақтар бізді тәртіпті, адал болуға тәрбиелейді, – дейді «Жас сақшы» мүшесі Ирада Саид.
Лицей әкімшілігінің айтуынша, академиямен бірлескен сабақтар балалардың қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауға оң әсер етуде. Құқық негіздері бойынша өткізілетін дәрістер мен тәрбиелік кездесулер оқушыларға заңды құрметтеуді, азаматтық ұстанымды дұрыс қалыптастыруды үйретеді.
Ержүрек полицейдің есімімен аталатын «Жас сақшы» сыныбы жасөспірімдердің бойында патриоттық рухты, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді. Бұл бастама құқық қорғау саласына қызығушылық танытқан оқушыларды ерте кәсіби бағдарлауға бағытталған.
Назгүл Азатқызы
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
