Новости События

Белгілі ақын Нағашыбай Мұқатов – 70 жаста

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың  оқырман қауымнын қуанышын еселеген ерешке бас қосу өтті

Бұл кештің кейіпкері Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, жиырмаға тарта кітаптардың авторы, ғалым, ақын, оқытушы Нағашыбай Мұқатов.

Ақын ағамыз дәл бүгін торқалы 70 жасқа толды. Осыған орай кездесуді арайы журналистика және филология мамандығының оқытушылары мен студенттері ұйымдастырған. Кеш шымылдығы «Көрісу күніне» арналған қойылымнан басталып, жас ақын Дінмұхаметтің арнауымен жалғасын тапты.

Мерейтойымен ағамызды басшылық атынан, Ректордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мәмиев Нұрлан Бекентайұлы арнайы құттықтап, ақжарма ізгі тілегін білдірді.

-Біздің студенттерге сіздей адал, еңбекқор, білімді азамат дәріс беріп жүрген шақта олар ешқашан жаман адам болып қалыптаспайды. Сіз берген тәлім-өнегеңіз студенттерге   зор тәрбие. 70 жас мерейтойыңыз құтты болсын. Отбасыңыз аман, қаламыңыз мұқалмасын,– деді проректор.

Кеш барысында қарымды қаламгердің шығармашылық әлеміне саяхат жасалып, жазушының рухани тебіренісінен туған дүниелер дәріптелді. Ақын қаламынан зор тебіреніспен туған өлең-жырларды болашақ журналист-филолог мамандар көркемдеп оқып берді.

Мерейтой иесін замандасы, досы әріптесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, ҚМУ профессорыАқылбек Қожаұлы Шаяхмет те арнайы құттықтап лебізін білдірді.

-Шерхан Мұртазаның атқан сөзі бар. Жетпіс деген «жет-жеттім» деген, «піс-пістім» деген мағына береді деп. Нағашыбай 70-ке жетіп-пісіп келіп отыр. Үлкен олжамен келіп отыр. 80-нің де ауылы алыс емес. Қара нар көтерердей шығармалары бар. Прозалық, поэзиялық кітаптары мол-ақ. Тағы айтарым журналистикада жүрген де қай жанрға болмасын қалам тербеп шебер суреттей білетін. Сол тұрғыдан алғанда көптің көңілінен шыға білді. Қазір дәріс оқиды студенттерге. Олар үшін Нағашыбайдың оқыған әр дәрісі үлкен үлгі-өнеге тәрізді. Нағашыбайға тілерім отбасына амандық, ғұмыры ұзақ болсын.

Нағашыбай ағаның жазу шеберлігі өз алдына бір төбе. Ойлау қабілеті терең, сөз тапқырлығы  татымды. Әр шығармасын сана таразысынан өткізіп, талғап-талдап, тарқата жазады. Одан барып талғампаз оқырманға ұсынады. Бұндай қасиет меніңше әр жазушы, жуналистің және ақынның бойынан табылу керек. Қазақтың қара сөзінің қадірің жетік меңгерген ағамыз, өлең жазуда салиқалы, саналы сөздерін қыраңдай аспан көгінде қалықтатты. Сол себептен де жазған дүниесі дүйім жұрттың жүрегінен орын алып, өміршең келуінің сыры осы болар.

Сөз зергері бүгінде журналистика саласының ардагері, қара нары.  Публицистикаға өлшеусіз үлес қосты Нағашыбай Оразбайұлы қара басының күйін күйттеген жоқ. Бар күш-жігерін қоғамдағы қайшылықты, шиеленіскен түйіндерді тарқатуға жұмсады. Өңір тынысының жаңалықтарын дер кезінде дәйекті деректі мағұматтармен зерделеп, оқырманға ұсынып отырды. Теледидар-радиодағы жемісті жеткен жетістіктері оған дәлел бола алады.Ол Қазақстан радиосы және теледидары саласында 40 жылға жуық қызмет жасады. Байырғы Торғай, Қостанай облыстық радиолары редакциясында журналистік қызмет атқарған. Қостанай облыстық телерадио компаниясында қазақ редакциясын, «Шаңырақ» шығармашылық бірлестігін басқарған. Республикалық теледидар хабарлары фестивалінде үш мәрте жүлдегер атанды.

Бұдан, ел алдындағы азаматтық парызымен қатар, журналистикаға деген адалдығын байқауға болады.

Қаламгер көрнекті ақын, әдебиетші, аудармашы, қоғам қайраткері, қазақ поэзиясына оқиғалы өлеңді (баллада) орнықтырып, жетілдіруші Қайнекей Жармағанбетовтің әдеби бай мұрасынан кандидаттық диссертация қорғаған.

-Нағашыбай ғалым. Ғалым болып ашқан қандай жаңалығы бар дегенге келетін болсақ мынадай.  Қайнекей Жармағанбетов қазақ әдебиетіне «Баллада» жанрын өмірге әкелді. Оның сыртында ерең еңбегі мол. Нағашыбай жаңаша сүрлеу салды. Балладаның құндылығының ерекше екенін білдірді. Осы тұрғыдан жілік-жілігімен бөліп, талдап-таразылап ғылыми еңбек жазған Нағашыбай болатын. Қайнекей қазынасын қазбалап ғылымға үлес қосты. Сол еңбегі үшін филология ғылымдарының кандидаты атанды. Ал, әншілік қыры бөлек әңгіме, – деп ҚМУ профессоры Қалқаман Жақып, замандасының ғылымға салған сара жолына тоқталды.

Ақын «Сөйле, жүрек», «Айналайын адамдар», «Ақ бұлақ», «Жанымның жасыл жапырақтары» өлеңдер жинағының авторы. Сондай-ақ «Ой отауда оңаша», «Көкірек көзбен көргендерім» (ой-толғамдар), «Бейсенбай биік бәйтерек» (деректі әңгіме), «Қанат және Қаламқас», «Бекзат аға, Санжар іні» (балаларға арналған өлеңдер), «Күлкім келеді» (сатиралық интермедиялар), «Қазыналы Қайнекей» (ғылыми монография) деп аталатын кітаптары жарық көрген.

Нағашыбай Мұқатов «Кеңес одағы теледидары мен радиосы қызметінің үздігі» белгісімен, Астананың 10 жылдық  мерекелік медалімен марапатталған. Қостанай облыстық меценаттар клубы тағайындаған «Қазына» сыйлығының екі мәрте иегері.

Сералы РАМАНҰЛЫ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77