Біздің Қостанай Социум

Белгілі қаламгер Нағашыбай Мұқатов жайлы толғаныс

Адамдар өмірге қонақ екен. Кеше ғана арамызда жарқырап жүрген ардақты ағамыз Нағашыбай Оразбайұлының бақилық болғанына да бір жылдан асып қалды. Жуырда облыс орталығында оның ғибратты ғұмырына арналған «Қарапайым қазақтың бір ұлымын» атты еске алу кеші өтті.

Ол артында өшпес мұра қалдырған тұлға. Сондықтан ақын әрі ғалым жайлы әлі де талай жылы лебіздер айтылатындығына өз басым нық сенімдімін. Бүгін кезінде әріптес ретінде араласып, сыйласқан азамат жөнінде көзбен көріп, көңіліме түйгенімді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Жарқын бейнесі жүрегімізде

Тобыл-Торғай өңірінде Мұқатовтар әулетіне жұртшылық ерекше құрметпен қарайды. Бұған толық негіз де бар. Сөзіміз жалаң болмас үшін өткен кезеңдерге шолу жасап көрелік. Сонау бір жылдары марқұммен сырласып, қаншама рет сұхбат та алдым.

Сол кездері қойын дәптерімде жазылған деректер мен дәйектерге сүйенбекпін. Нәкең өте адамгершілігі мол, ешкімді жүз бен руға бөлмейтін кісі болатын. Ішкі жан дүниесінің кеңдігі соншалықты, ешкімді жатырқамай, үлкен-кіші демей бірден баурап алатын. Сондай шақтары өзінің әулеті хақында да пікірлерін ортаға салатын.

Өзінің поэзияға жақындығы жөнінде айтқанда әкесінің әкесі яғни бабасы Мұқат есімді абыз ақсақалға еріксіз тоқталатын. Өйткені, Мұқат атамыз да дархан дала төсінде жүріп, қамыстан сыбызғы жасаған. Оны шеберлікпен тартып, неше түрлі әуенге салғанда айналасындағы жұртшылық сілтідей тынып тыңдап қалатын.

Жалпы, Нағашыбай ағаның руханиятқа жақындығы жөнінде сөз болғанда бәрі де «Тектіден текті туады» демекші, оның жастық шағындағы руханиятқа жақын болғандығы киелі шаңырақтан дарып, кейінгі ұрпақтарына жұққандығын айтып өткеніміз абзал.

Кейіпкеріміздің әкесі Оразбай да есімін ел таныған, көпті көріп, өзгелерге ғибрат көрсеткен ардақты жан. Бұл кісі де сонау бір кезеңде өзінің жазу қабілетімен де замандастарының назарына іліккен-ді. Ол бұрынғы «Коммунизм таңы» қазіргі «Қостанай таңы» газетінің Торғай өңіріндегі қоғамдық тілшілерінің бірі болды.

Оңашада өлең шумақтарын да жазып, поэзияға деген құштарлығын байқатқан. Сөз өнеріне бейімі бар ағамыз артта қалған жылдары Жангелдин аудандық бұрынғы «Жаңа өмір» газетінде тұрақты түрде туындыларын жариялап отырды.

Міне, осының бәрі де өнегелі жанұяда тәрбиеленген перзенттері кішкентайынан көріп, көкіректеріне түйіп өсті. Күнделікті сол шақтарда үйлеріне еліміздегі көпке танымал «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақ әдебиеті» және басқа да ана тіліміздегі басылымдар үздіксіз келетін. Соларды жанұядағы мектеп жасындағы балалар да отағасы секілді әрбір санын жібермей оқитын. Әкеден көргендері балаларының бәріне де үлгі болды.

Нағашыбай Оразбайұлының өзі айрықша ардақ тұтқан үлкен ағасы Жақсылық та Қазақстанға белгілі журналист әрі жазушы-тын. Оның жазған публицистикалық еңбектері мен көркем шығармалары бірнеше кітаптарына арқау болып, талғампаз оқырмандарына жол тартты.

Негізінде Нәкеңнің журналистикаға біржола ден қоюына жоғарыда есімі аталған бауырының тікелей ықпалы тиді. Сондықтан бұл «Қызыл әскер» кеңшарындағы Жангелдин атындағы орта мектепте оқып жүрген жылдары 8 сыныптан бастап өлең жаза бастады. Мұның алғашқы мақалалары мен балауса өлеңдерін ол үстінен қарап, кедір-бұдырын түзеп, өңдейтін. Соның бәрін де бұл әлі білім ордасының шәкірті болса да зердесіне тоқып алатын.

Торғай өңірі нағыз хас таланттардың ордасы. Мұның қаламының шыңдалып, ой-өрісінің кеңеюіне сол аймақтан шығып, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларына айналған Сырбай мен Ғафудың, Қойшығара және Төленнің, Қоғабай мен Сейіттің, Кеңшілік, Серік, Серікбайлардың да белгілі дәрежеде септігі тигендігін ыстық ықыласпен ауызға алатын.

Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына ақын әрі қайраткер ретінде айтарлықтай үлес қосқан Нағашыбай Мұқатов 1949 жылы 15 наурызда дүниеге келіп, өңіріміздегі Торғай кентінде бақытты балалық шағы өтті. Өзге бозбалалар секілді орта мектепті аяқтағаннан кейін бірден жоғары оқу орнына бармады. Алдымен халықтың арасында жүріп, өмірді көргісі келді. Бойындағы қалыптасқан қабілеті мен қалам қарымының арқасында Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа қабылданды.

Редакциядағы тәжірибелі әріптестерінен көп жайды үйренді. Журналистік мамандықтың шыңына көтерілу үшін ғұмыр бойы ізденіс үстінде болу керектігін түсінді. Аға-ұрпақ өкілдерін өзіне өнеге тұтты.

1968 жылы әскер қатарына шақырылып, өзінің азаматтық борышын өтеді. Ата-анасының қадірін білді. Темірдей тәртіпке бейімделді. Содан кейін сол кезеңдегі республикамыздағы болашақ журналистерді дайындайтын жалғыз оқу орны Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, осындағы көрнекті профессорлардан дәріс алды.

Содан бергі өмір жолы оны танитын, азаматтар мен қаламгерлердің жадында болса керек. Қолына көптен күткен дипломды алған соң, туған жерінде қызметін одан әрі жалғастырды. Сол уақытта Арқалық шаһарындағы Торғай облыстық радио комитетінде аға редакторлық жұмыста жерлестерінің құрметіне бөленді.

Жылдар өте әріптесіміздің кәсіби шеберлігі бағаланып, ол республикалық радионың сол өңірдегі меншікті тілшісі болып бекітілді. Осы қазақы дәстүрімізді берік сақтаған аймақтағы жасампаз еңбек адамдарының ерлігі, тіршіліктегі ұстанған қағидалары, азаматтық қырлары жөнінде қаншама жан дүниеңді байытып, рухани нәр берер дүниелері жерлестерінің назарына ілінбей қалған жоқ.

Қостанайлық ағайындар да Нағашыбай Оразбайұлының облыстық телерадиокомпаниясындағы өзіне сеніп тапсырылған жауапты қызметтегі ешкімге ұқсамайтын бағдарламаларын, қайталанбас қолтаңбаларын ұмыта қойған жоқ. Сол күндерді бір мақсатта тың ізденіс танытқан әріптестері және шәкірттері сағынышпен еске алады. Бұл да болса ағамыздың жұртшылық арасындағы қадір-қасиетін, биік беделін айқын көрсетеді.

Ұмытылмас кезеңдер

Кімге болсын тіршіліктегі абырой адалдықпен, өз кәсібіңді жоғары деңгейде меңгеруіңмен, білім-білігіңмен келетіндігіне Нәкеңнің ғұмыры нақты айғақ бола алады. Сол үшін де қаншама кейінгілерге үлгі етіп айтып жүретіндей марапаттарға ие болды.

Ол тек облыс ғана емес, еліміздегі таңдаулы журналистердің бірі еді. Сөзіміздің дәлелі ретінде деректер келтіре кетелік. Мәселен, Қазақ радиосының ұжымы ұйымдастырған «Қазақстаным – қарашаңырағым» республикалық радиофестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды.

Сонымен қатар 2001 жылы Қазақстан журналистері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында «Жүректен жүрекке» ұлттық байқауының «Телевизияның үздік журналист – продюсері» номинациясының жүлдегері атанып, қуанышпен оралды.

Бұдан басқа да шығармашылықта қол жеткен табыстары аз емес. Оның кеудесіне «КСРО телевизия және радио үздігі» белгісі, Астананың 10 жылдық мерекелік медалі тағылды.

Кезінде Қостанай облысының өнер мен мәдениетте ерекше көзге түскен майталмандарға берілген меценаттар клубының «Әдебиет» номинациясы бойынша «Қазына» сыйлығына ие болды. Әріптесіміз кезінде аудандық, облыстық ақындар айтысына да қатысып, жеңімпаз да болған.

Оның көп жылғы қажырлы еңбегі ескеріліп, 2009 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанды. Өз саласының білгірі әрі туған жерінің мәртебесін асқақтатқан тұлға Арқалық және Қостанай қаласының Құрметті азаматы атағын алғаны да көпшілікке мәлім.

Нағашыбай Оразбайұлы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Көптеген поэзиялық, публицистикалық, танымдық-тағылымдық деңгейі жоғары кітаптардың авторы. Бұл орайда «Сөйле жүрек», «Айналайын адамдар», «Ақбұлақ», «Жанымның жасыл жапырақтары», «Қанат және Қаламқас», «Күлкім келеді» және басқа да бірқатар еңбектері оқырмандарға жол тартып, олардан лайықты бағасын алды.

Оның шығармашылығына тоқталатын болсақ, журналист әдебиеттің көптеген жанрларында қалам тартқандығын жақсы білеміз. Ол ардақты әкесі Оразбай атамыз секілді әзіл-қалжыңға шеберлігімен өзі араласқан адамдардың есінде қалды.

Бұл орайда жазушының қаламынан туындаған бірнеше интермедиялары еліміздегі әйгілі «Тамаша» ойын-сауық отауында орындалды. Сонымен қатар Алматыдағы өнер баспасынан жарық көрген «Деген екен» атты шағын кітапшаның бірнеше сандарына тапқырлыққа үндейтін туындылары енді. Сөйтіп, интермедиялармен бірге әзіл өлеңдері, пародиялары қалың жұртшылықтың көңілінен шықты.

Оның публицистикалық шығармалары негізінен оқырмандарды әдет-ғұрыпқа, салт-дәстүрге, тағылымды тәрбиеге, бір сөзбен айтқанда, адамгершілікке, кішіпейілдікке, ізеттілікке баулитын.

Нағашыбай Мұқатов ғалым ретінде де баршаға белгілі. 2008 жылы даңқты жерлесіміз, көрнекті тұлға Қайнекей Жармағанбетовтің бай әдеби мұрасы туралы «Қазыналы Қайнекей» тақырыбында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғағанда барша інілері оның ғылымдағы табысына ең ізгі тілектерін білдірді.

Ол қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде болашақ журналистерге дәріс берді. Өзінен тағылым алған шәкірттері бұл күндері республикамыздың бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті қызмет атқарып жатыр.

Сөздің орайы келгенде, ақын, ғалым және белгілі журналистің Қостанай шаһарындағы руханият ордасы болып табылатын Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық мемориалдық музейінде басшылық қызмет атқарғаны да тілге тиек еткеніміз жөн. Мұнда да көптеген ғибратты басқосулардың ұйымдастырылуына тікелей ұйытқы болды.

Асқар таудай ағамыз өзінің отбасында тірек, сүйікті жар, мейірбан ата болды. Ол марқұм жеңгеміз Рәзиямен бір шаңырақтың астында сыйластықтары жарасып, жарты ғасырға жуық тіршілік кешті. Зайыбы есеп қызметкері болатын. Ол да поэзияны терең түсінетін. Сонау мектепте оқып жүрген кездерінде сахнада жарқын дарынымен көзге түсіп, көркем сөз оқумен баршаның ілтипатына бөленді.

Қазақтың аяулы қызы отағасының шығармашылықпен алаңсыз шұғылдануына қолдан келген барлық жағдайды жасады. Мұны Нәкеңнің өзі отбасы жайлы айтқанда тағдырын осындай жаны нәзік, кісілігі мол адаммен қосқандығын мақтанышпен ауызға алатын.

Елімізге танымал қаламгердің бір бойынан жұрт біле бермейтін қасиеттер аз емес-ті. Қазақтың қара домбырасын қолға алып, әуелете ән шырқағанда еріксіз тыңдап қалатынсың. Ол «Аққұм» әнін шырқағанда ерекше күйді бастан кешетінсің. Шешендігі, парасаттылығы өз алдына бір төбе.

Әріптесіміз, жан-жақты аға туралы мақала жазу барысында бірқатар інілері, перзенттері, туған туыстарын әңгімеге тартып, олардың жылы лебіздерін білдік.

Айбатыр Сейтақ – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын:

– Сонау бір жылдары Нағашыбай ағамен Қостанай облыстық телерадиокомпаниясында бірге қызмет атқардық. Ағалы-інілідей сыйластық. Өзім елордамыз Астанадан оның «Қарапайым қазақтың бір баласымын» деп аталатын еске алу кеші мен жылдық асына арнайы келдім.

Одан кейін Әулиекөл тас жолы бойындағы зиратына барып дұға еттік. Жалпы, кезінде араласып, дәм татқан бауырларымызды көріп, үлкен әсер алдым. Болашақта облыс орталығынан жергілікті ақын-жазушыларға арналған музей ашылса орынды болар еді.

Сонда осы жерге олардың жазған туындылары қойылып, дауыстары жазылып алынса өскелең ұрпаққа ғибрат емес пе.
Заңғар Санай – шәкірті, республикаға танымал журналист:

– Мен ардақты азамат, белгілі қаламгер Нағашыбай Оразбайұлынан университетте оқып жүргенде ұмытылмас тағылым алдым. Ол бізге журналистік мамандықтың қадір-қасиеті мен жауапкершілігі жайлы айтудан жалықпайтын. Адамгершілік, имандылық жайындағы ұлағатты сөздері өз алдына бір бөлек.

Қанат Нағашыбайұлы:

– Ол өмірдегі жанашыр тірегіміз әрі отбасымыздың берекесі, сыйлы әке болды. Қаламгерлік танымалдығы көпшілікке мәлім. Мінезге өте бай еді. Бізге бәрін де ақылмен түсіндіретін. Балалары мен немерелерін ерекше жақсы көрді.

Дастан – туған жиені:

– Оның қарындасы Отаркүлдің ұлымын. Нағашымыз жандүниесі кемел, кез-келген кісімен тез тіл табысатын жан еді.

Шығармашылық адамы болғандықтан айтары да аз емес-ті. Өзінен гөрі, өзгелерге қамқорлық жасауға тырысатын.

Нағашыбай аға мен Рәзия жеңгеміз қос перзентіне жастайынан тағылымды тәрбие берді. Үлкені Қанат бұл күндері кәсіпкер. Одан кейінгі қызы Қаламқас заңгер. Астана қаласында тұрады.

Әріптесіміз осы перзенттерінен үш немере сүйді. Бекзат кішкентайынан ата-әжесінен алған тәлімі мол. Ол да руханиятқа жақын болып өсті.

Оразалы ЖАҚСАНОВ, сурет ғаламтордан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77