Біздің Қостанай Социум

Білікті кітапханашы Күлзинат Оспанова жайлы мөлтек сыр

Мен бұл кейіпкерімді көптен бері білемін. Өз саласын жетік меңгерген маманды әріптестері де ерекше құрмет тұтады

Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында қызмет атқарғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Өзі өте ақжарқын, жұртшылықпен тез тіл табыса біледі. Сондықтан да болар, ұжымында абыройлы әрі беделді.

Жуырда руханият ордасында арнайы болып, онымен асықпай сөйлесудің сәті келді. Ұзақ уақыттан бері бір орында тапжылмай қызмет атқарып келе жатқан замандасымыздың өзіндік айтар пікірлері де аз емес.

Бойжеткеннің асыл арманы

Адамды өзі өскен орта тәрбиелейді деседі. Бұл рас та шығар. Бүгін сөз еткелі отырған Күлзинат Оспанова табиғаты сонадайдан көз тартарлық, тұрғындары еңбекқор өңірдің тумасы. Өзі қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Көксайек елді-мекенінде дүниеге келді.

Ол да өзге бойжеткендер секілді орта мектепті тәмәмдаған соң халқына пайдасы тигізер мамандық иесі болуды армандады. Жұрт қатарлы қолына кәмелеттік аттестат алған соң ата-анасымен ақылдасты. Олар қызының жүрек қалауына қарсы болған жоқ.

Өйткені, әке-шешесі де айналасына сыйлы жандар еді. Әулет басшысы Тұрсынәлі аға кешегі қанды майданды бастан кешкен азамат-ты. Ол кісі өз қатарының алды болды. Сөзге шешен, жұмысына мығым, уәдеге берік-ті. Сондықтан да шығар, ауылдастары айрықша құрмет тұтатын.

Ал, анасы Шынар ұлттық салт-дәстүрімізді жетік меңгерген кішіпейіл кісі-тін. Отағасы екеуі үш ұлы мен бір қызын жастайынан ізгілікке баулыды. Апамыз құдай қосқан қосағына тіршілікті қолдаушы болумен қатар балаларын өз қатарынан қалдырмай оқытуға барын салды.

Әулеттің сүйікті перзенті Күлзинат ата-анасының ақ батасын алған соң, мәңгілік жасыл қала Шымкент шаһарына аттанды. Сол кездегі елімізге талай білікті кадрлар дайындаған Әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтына құжатын тапсырды.

Талапкердің жолы болды. Өзі армандаған жоғары оқу орнына түсіп, студент атанды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген жастармен тонның ішкі бауындай араласып, көп уақытын ізденіске арнады. Болашақ кітапханашы болғандықтан оның қыры мен сырына ерекше мән берді.

Ұстаздар қауымы білімге құштар жастың келешегінен үлкен үміт күтті. Өйткені, өзі алғашқы курстан бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, институттағылардын назарына ілінді.

Жолдама Қостанайға берілді

Уақыт жылжып өте берді. Ол 1987 жылы аталмыш жоғары оқу орнын аяқтады. Оған сол кездегі тәртіп бойынша жолдама Қостанай облысына берілді. Сөйтіп, Күлзинат еңбек жолын облыс орталығындағы кәсіподақтар кітапханасынан бастады.

Жаста болса, мұндағы қызметкерлермен етене араласып, өз мамандығын жетік игерген жас маман екендігін жұмыс барысында айқын байқатты. Осылайша жаңа ортаға бейімделіп, шаһарымыздың бір тұрғынына айналды.

Бірте-бірте тәжірибе жинақтап, өз саласының майталманы атанды. Оның қазіргі Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында қызмет атқарып жатқанына ширек ғасырдан асып қалды.

Мұнда ұжымның кітапты толықтыру бөлімінде сектор менгерушісі. Ол негізінен мемлекеттік тапсырыс бойынша еліміздің беделді баспаларынан түскен кітаптарды өңірдегі төрт жүзге жуық кітапханаларға таратумен айналысады. Білікті маманды бәрі де өздеріне өнеге етіп, ақыл-кеңесіне сүйенеді.

Күлзинат Тұрсынәліқызының ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Соның жарқын айғағы ретінде бірқатар мараппатарға ие болды. Қазақстаның құрметті кітапханашысы атанды. Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасын алды.

Ол үздік кітапханашы ғана емес, бір отбасының тірегі әрі ұйытқысы. Өзі ұнатқан Аманбек есімді азаматпен отау құрып, екеуі 25 жыл тату-тәтті ғұмыр кешті. Тағдырдың жазуы шығар, азаматы дүниеден ерте өтті.

Содан әке орнына әке, шеше орнына шеше болып, екі қызын уақыт талабына сай оқытты. Олар да аналарының сенімін ақтады. Қазір елге белгілі білікті мамандар. Тұңғышы Диана дәрігер-гинеколог. Ал, Айгүл экология министрлігінде бас маман. Бұл күндері Астана қаласында тұрады.

-Күлзинат Оспанова біздің ұжымдағы тәжірибелі де әріптестерінің ілтипатына ие болған ардақты жандардың бірі. Ең бастысы, адамгершілігі мол, қызметте жауапкершілікті сезінетін кітапханашы. «Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, жемісті жұмысы үшін құрметке бөленді. Оның өткен жылдардағы руханият саласындағы өмір жолы мен кәсіби тың ізденістері кейінгі жастарға ғибрат, – дейді облыстық кітапхананың директоры Сәния Серікқызы сұхбат барысында.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден
алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77