Біздің Қостанай Образование

Білім бөлімінің айтуынша алдағы уақытта барлық қажетті шаралар қолданылады

Көктемнің алғашқы күндерімен бірге қар еріп, көшелер ғана емес, мектепке дейінгі мекемелердің де мәселелері айқындала бастады. Қостанай қаласындағы бірнеше балабақшада ғимараттардың ескіргені, уақытылы жөндеу жүргізілмегені анық байқалуда.

Әсіресе, №14 және №2 бақшаларының жағдайы ата-аналардың алаңдаушылығын туғызды. Бірінде шатырдан су сорғалап, топтар ылғалданса, екіншісінде терезелерден жел өтуде.

Көктемгі жылынумен бірге кейбір балабақшалардың шатыры ағып, ішке су кіріп, топтардың ылғалдануы бұрыннан бар мәселелердің ушыға түскенін көрсетті. Мұндай жағдай №14 балабақшада тіркелді. Ал №2 балабақшада жылу жүйесі қиындық тудырып отыр – терезелердің ескіруінен топтар суық болып, балалар қалың киіммен отыруға мәжбүр.

Мамандардың айтуынша, балабақша ғимараттарының уақытылы жөндеуден өтпеуі балалардың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Ылғалды бөлмелерде зең (плесень) пайда болып, тыныс алу органдарына зиян тигізеді. Ал суық топтарда ұзақ уақыт отырған балалар жиі ауырып, иммунитеттері әлсірейді.

— Балаларымызды жылы жерде, қауіпсіз жағдайда тәрбиелеуіміз керек. Бірақ балабақшадағы жағдайды көріп, қатты алаңдаймыз. Жаңбыр жауса немесе қар ерісе, төбеден су ағып, қабырғалар көгеріп кетеді. Бұл балалардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, — дейді №14 балабақшасына баласын апаратын ата-аналардың бірі. Біз бірден білім бөліміне ресми хат жіберіп, істің анық-қанығын білуге тырыстық. Қалалық білім бөлімі бұл мәселеден хабардар екенін және тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен, нақты жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ.

№14 балабақша

№14 балабақша 1971 жылы салынған. Соңғы рет 2017 жылы ғимараттың шатырына ағымдағы жөндеу жүргізілгенімен, күрделі жөндеу мүлде болмаған. Енді көктем келген сайын су сорғалап, бөлмелер ылғал тартып, балалардың денсаулығына қауіп төндіруде.

Осыдан екі жыл бұрында ата-аналар осы балабақша бойынша шағымданған. Жалпы төбеден су 2022 жылдан бері келе жатқан мәселе. Ол кезде білім басқармасы былай деп жауап берген еді:

– Шынында да, соңғы қалың қардың түсуіне және одан кейінгі күрт жылынуға байланысты №2 бөбекжайдың жұмсақ шатыры пайда болды. Нәтижесінде еріген су топтық бөлмеге ағып кетті. Осы топқа баратын балалар басқа топтық бөлмеге ауыстырылды. Бүгінгі күні мәселе шешілді. Шатырды жөндеу жазғы кезеңде ағымдағы жөндеу аясында жоспарланған, – деп түсіндірді білім бөлімінде.

Алайда көріп тұрғанымыздай, мәселе әлі жойылған жоқ.

Білім бөлімінің мәліметінше, қазіргі уақытта балабақша төбесін жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құжаттар дайын болған соң, бюджеттік өтінім берілмек. Бірақ ата-аналар бұл процестің ұзаққа созылып кетуінен қауіптенеді.

Олардың айтуынша, балабақша шатыры жаңбыр жауған сайын ағып, бүлдіршіндер қолайсыз жағдайда ұйықтауға мәжбүр.

Ата-аналардың айтуынша, жазда шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, ал күзгі жауын-шашын басталғаннан бері жағдай ушығып кеткен.

— Жауын жауған сайын су бөлмелерге ағады, әсіресе ұйықтайтын бөлмелердегі жағдай қиын. Ата-аналар өз күшімен шатырды тазалап көрді, бірақ одан еш нәтиже жоқ. Қабырғалар да су болып, балалар дымқыл ауада ұйықтауға мәжбүр. Мұның соңы түрлі ауруларға әкелуі мүмкін, — дейді ата-аналар.

Олардың сөзінше, ұзақ демалыс күндері балабақша қызметкерлері арнайы жылытқыш құрылғыларды пайдаланып бөлмелерді құрғатуға тырысқан. Алайда қар еріп жатқандықтан мәселе қайта туындайды.

— Қабырғалар қайта суланып, балалар ылғалды ауамен тыныс алуға мәжбүр. Соның салдарынан бронхит сияқты аурулар көбейіп жатыр. Басшылықтан балаларды уақытша басқа топқа ауыстыруды сұрадық, бірақ ол өтінішіміз орындалмады. Директор уәде бергенімен, мәселе шешілер емес, – дейді ата-ана.

Ата-аналардың айтуынша, балабақша басшылығына бірнеше рет шағымданған, бірақ нақты шаралар қабылданбаған.

— Бізге жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп уәде еткен еді, бірақ іс жүзінде ештеңе жасалып жатқан жоқ. Біз балабақшадағы балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдаймыз, – дейді.

Содан кейін біз бұл жайында Қостанай қалалық білім бөліміне хат жазған едік, олардан ресми жауап келген болатын.

-Тәрбиеленушілердің қауіпсіздігі мен жайлы жағдайын қамтамасыз ету мақсатында, топтар уақытша басқа топтарға орналастырылды. Болашақта жөндеу аяқталғанға дейін бұл топ музыкалық залда уақытша орналастырылуы жоспарлануда, — деп жауап берді қалалық білім бөлімі.

№2 балабақша

№2 балабақша 1993 жылы пайдалануға берілген. Бұл мекемеде ғимараттың жылу жүйесі үлкен мәселе туғызып отыр. Қыста да, көктемде де топтардағы температура төмен болып, балаларға қолайсыздық тудырады.

— Шұғыл жөндеу қажет. Барлық терезелер көрпелермен жабылған, жел соғады. Сол себепті топтарда шаң бар, — дейді ата-аналардың бірі.

Білім бөлімінің мәліметінше, 2019 жылы 1 252 000 теңгеге төрт топтың терезелері ауыстырылған. Бірақ ғимаратта әлі 94 терезе ескі күйінде тұр. Биыл оларды ауыстыруға бюджеттен 25 214 300 теңге сұралды, алайда қаржы бөлінген жоқ.

Сонымен қатар, 2023 жылы балабақша шатырының 50%-ы жөнделіп, жаңбыр суын ағызу жүйесі жаңартылған. Ал 2024 жылы шатырдың қалған бөлігі жөнделгенімен, толыққанды күрделі жөндеу жоспарда жоқ.

Биліктің жауабы

Қостанай қалалық білім бөлімі екі балабақшадағы жағдайдан хабардар екенін, бірақ жөндеу жұмыстары үшін уақыт пен қаржы қажет екенін мәлімдеді.

№14 балабақша бойынша 2024 жылы шатырды жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Құжат бекітілгеннен кейін ғана бюджеттен қаржы сұралады.

№2 балабақша бойынша 2025 жылы терезелерді толық ауыстыру жоспарда жоқ. Биыл 94 терезені ауыстыруға бюджеттен 25 миллион теңгеден астам қаржы сұралды, бірақ әлі мақұлданған жоқ.

Ата-аналар жөндеу жұмыстарының кешіктірілуіне наразы.

— Балабақша басшылығы «құжат дайындалуда» дейді, бірақ нақты жұмыстар басталатын уақыт белгісіз. Балаларымыз қашанға дейін суық бөлмеде отыруы керек? — дейді ата-аналардың бірі.

Мамандардың пікірінше, мектепке дейінгі мекемелердегі инфрақұрылымдық мәселелерді кешіктірмей шешу қажет. Себебі бұл тек балалардың денсаулығына ғана емес, олардың жалпы дамуына да әсер етеді. Суық бөлмелерде баланың зейіні төмендейді, ал ылғалдылық тыныс алу органдарының ауруларын тудырады.

Қостанайдағы №14 және №2 балабақшаларындағы мәселелер жыл сайын қайталанып келеді. Ата-аналардың өтініштері мен шағымдарына қарамастан, ғимараттарды жөндеуге қаржы бөлінуі ұзаққа созылуда.

Қала билігі бұл мәселелерге жедел назар аударып, жөндеу жұмыстарын тездетуі қажет. Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Егер уақытында шешім қабылданбаса, бұл жағдай келесі жылдары да қайталана беретіні анық.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
және ата-аналар ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77