Образование

Білім ордасында студенттерге арналған семинар-тренинг өтті

Қостанай қаласындағы Қазтұтынуодағы жоғары колледжінде студенттер арасында ерекше форматта өткен семинар-тренинг жастардың назарын өз отбасы мен ұлттық құндылықтарға аударды. «Ұлттық дәстүрлерге негізделген отбасылық психология» тақырыбында «Жанашыр бол» ҚҚ ұйымдастырған бұл шараға екінші курс студенттері қатысып, психология ғылымының адам өміріндегі және ұлттық тәрбиедегі маңызы туралы терең мағлұмат алды.

Семинар барысында қатысушыларға өмірлік жағдаяттар ұсынылып, сол арқылы отбасы ішіндегі қарым-қатынасты, ата-ана мен бала арасындағы түсіністікті, сондай-ақ дәстүр мен заманауилық арасындағы тепе-теңдікті талқылау мүмкіндігі берілді. Әр топ өз көзқарасын қорғап, ұлттық дәстүрлердің қазіргі қоғамда қалай көрініс табатынын мысалдармен дәлелдеді.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тренингтердің мақсаты – жастарды ұлттық құндылықтарды сақтауға шақырумен қатар, олардың психологиялық сауаттылығын арттыру. Себебі, кез келген тұлғаның ішкі үйлесімі ең алдымен отбасы мен қоршаған ортамен қарым-қатынасынан бастау алады. Психолог жетекшілігімен өткізілген сұрақ-жауап сәттерінде жастар өздерін қызықтырған мәселелерді ашық талқылады. Әсіресе «қазіргі жастар мен ата­аналар арасындағы түсіністік», «ұлттық дәстүрлердің заманауи өмірдегі рөлі», «жастардың жауапкершілік сезімін қалыптастыру» тақырыптары ерекше қызығушылық тудырды.

Психолог Дарья Шарафилова студенттермен жұмыс барысында рухани және ұлттық құндылықтардың адамның психикалық саулығына оң әсер ететінін атап өтті.

– Бүгінгі жастар жаңа технологиялар мен ақпарат тасқынының ортасында өсіп келеді. Бірақ сол ақпараттың бәрі адамды рухани тұрғыдан байыта бермейді. Сондықтан ұлттық тәрбиенің психологиялық мәнін түсіндіру – қазіргі қоғамда өте өзекті. Ұлттық дәстүрлер арқылы адам өзін, өзінің тегін, өмірлік мақсатын жақсырақ түсінеді. Отбасындағы жылулық, ата-ана мейірімі мен құрмет – тұлғаның психологиялық тұрақтылығының кепілі, – дейді маман.

Дарья Шарафилованың айтуынша, жастар арасында өз-өзіне сенімсіздік, жалғыздық сезімі жиілеп барады. Оның бір себебі – отбасы құндылықтарының әлсіреуі мен адамдар арасындағы эмоционалды байланыстардың азаюы.

– Осындай семинарлар жастарды өмірлік бағыттарын айқындауға, өз сезімдерін түсінуге, өзгені тыңдай білуге үйретеді. Ұлттық дәстүрлердің тәрбиелік күші зор – ол адамды сабырлы, шыдамды әрі рухани бай болуға жетелейді, – дейді ұйымдастырушылар.
Семинар соңында студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ашық білдірді. Олардың айтуынша, мұндай форматтағы кездесулер психологиялық тұрғыдан демеу береді және өмірге басқаша көзқарас қалыптастырады.

Осындай семинар­тренингтер жастардың бойында өз тегіне, мәдениетіне деген сүйіспеншілікті арттырып, ұлттық сана мен рухани тәрбиеге деген көзқарасын нығайтады. Ал отбасы психологиясын ұлттық дәстүрлермен байланыстыра отырып түсіндіру – бұл болашақ қоғамның іргетасын дұрыс бағытта қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі.

Материал Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» ҚҚ жүзеге асырып жатқан «Жастар арасында қазақ отбасының жағымды имиджін насихаттау» жобасы аясында дайындалды.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77