Біздің Қостанай

Білімнің атасы – Ахмет Байтұрсынұлына 150 жыл

«Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болу керек. Бай болуға кәсіп, білімді болуға оқу, күшті болуға бірлік керек. Сол керектің жолында жұмыс істеу керек»

Ахмет Байтұрсынұлы

Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, «қазағым» деп жүрегі соққан, халқын алға жетелеуге ұмтылған, оның зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан Алаш тобының рухани көсемі, тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына  арналған жас ұрпаққа ұлт ұстазын жан-жақты таныту мақсатында мектепшілік, қалалық, облыстық деңгейде өткізілетін іс-шаралар жоспары мен ережелері  әзірленіп бекітілген болатын.

Осы жолға апарар алғашқы қадам ретінде, 2 ақпан күні қаламыздағы №28 мектеп-гимназиясының қабырғасында дөңгелек үстел өтті.

Бұл шараға ақын, жазушы Серікбай Оспанов, Ахмет Байтұрсынұлының  ұрпағы Ибраһим Ағытаев, Қостанай өңірлік университетінің профессоры, Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының жетекшісі Қалқаман Жақып және арнайы шақырылған қонақтар  қатысты.

– Төл  тарихымызда орын алатын Алаш азаматтарының бірегейі, қазақ елінің азаттығының туын көтерген, қазақ елінің рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлына биыл 150 жыл толуына байланысты жергілікті жерлерде, бірінші, өзінің туған елінде, Торғай – Тобыл төңірегінде үлкенді-кішілі іс-шаралар жүріп жатыр. Бүгін Қостанай қаласындағы №28 мектеп-гимназиясында осы іс-шара басталып кетті, А.Байтұрсыновты  зерттеп жүрген, өмірбаянын, ғылыми еңбектерін насихаттап жүрген аға буын, орта буын азаматтарының басын қосып, осында жастарменен, мұғалімдермен кездесу болды. Мұндағы айтылатын нәрсе Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тарихында алатын орны. Мен өз басым Ахмет Байтұрсыновтың Орынбор кезеңіндегі оқуы, еңбегі туралы қысқаша айта кеттім,- деді Қалқаман Жақыпұлы.

Іс-шара барысында кішігірім көрме де көрсетілді. Онда Ахмет атамыздың аударма кітаптары, әлі күнге дейін қытай қазақтары пайдалынатын  24 таңбадан тұратын төте жазуы, №28 мектеп-гимназиясының оқушылары жасаған пианино, жазу машинкасы, үй макеттері болды. Онымен қоса атамыз аударған әңгімелер мен ертегілерінің көріністері де көзге түседі, онда қазіргі заманға сай QR-код таңбасы берілген, бұл қараушыға осы ертегінің аудиоролигін тыңдап, бейнежазбасын көруге мүмкіндік береді.  

Жиын барысында Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейі басшысы мен Қостанай қаласы білім бөлімінің №28 мектеп-гимназиясы директоры арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл өзара байланыстық жас ұрпақты қалыптастыруда айрықша орын алады.

Жоспар аясында облыстық деңгейде 2022 жылдың ақпан, наурыз, сәуір айларында кездесулер, танымдық сабақтар мен көрмелер, «Ұлтының ұлы ұстазы- А.Байтұрсынұлы» дебаттық турнирі, «Бала барысы» эстетикалық бағыттағы спорттық турнирі, «Тобыл- Торғай таланттары» атты фестиваль-байқауы өткізіледі және облыстық деңгейге жолдама алу үшін мектепішілік, аудандақ, қалалық деңгейде іріктеу өткізіледі.

 

Анжелика ГРАЧЕВА

Суретті түсірген Әбіл ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77