Өнегелі отбасы Қадыр мен Майра Қаржауовтар өмірдің қызығын бірге көріп келеді
Қазақта «бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген ұғым бар. Өмірдегі ең маңызды дүние отбасы. Адам адаммен жолыққанда бірінші кезекте «үй іші аман ба?» деп сұрап жатады. Отбасының амандығынан қымбат дүние жоқ.
Сені тағатсыздана күтіп отыратын отбасың болса, осыдан артық бақыт бар ма. Ұрпақ тәрбиелеп, бір өнегелі отбасының иесі атану үлкен бақыт.
Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында биыл «Біздің Қостанай» газеті «Мерейлі отбасы» жобасын қолға алып отырған жайы бар.
Отбасы құндылықтарын дәріптеуді көздеген жоба аясында өңіріміздің мәдениетін қалыптастырған, өнердің майталманына айналған өнегелі де өнерлі отбасы Қадыр және Майра Қаржауовтардың отбасы жайында жазуды жөн көрдік.
Жасыратыны жоқ, бұл отбасы өңірімізде ең тату да өнегелі болып табылады. Қадыр ағамыз бен Майра апамыздың әніне қаншама ұрпақ тербеліп өсті. Киелі Қостанай жерін танытуда өнер иелері ешқашан аянып қалған емес. Облыстық филармонияда уақытпен санаспай жұмыс істеген өнер иелерінің еңбексүйгіштігіне тамсана да қызыға қарайсың.
Қадыр ағамыз Атырау облысы Индербол деген жерде дүниеге келген. Ал Майра апамыз болса, Меңдіқара ауданына қарасты Қаратал кешенінің Төлеңгіт деген бөлімшесінде туған. Еліміздің екі өңірінде туып өскен жандарда өнер табыстырды.
Алматы шаһарында «Алло, мы ишем таланты» деген байқау өтеді. Бұны Қостанайдан Майра апамыз естісе, Атыраудан Қадыр ағамыз да біліп, бірден қатысып, бақ сынауға бел буады. Осылайша өнер жандар 1973 жылы аталмыш байқауда бақтары жанып, Абай атындағы опера және балет театрының әншілік классына оқуға қабылданады. Бір оқу орнында оқып жүрген Қадыр ағамыз бен Майра апамыз ауылшаруашылық жұмыстарының бірінде жеміс-жидек жинап жүріп танысады.
-Бізді өнер таныстырда да табыстырды. Арман қуып Алматыға ақу барып, Қадыр ағаларыңмен таныстым. Ол кездері студенттерді сабақ кейін ауылшаруашылық жұмыстарына жұмылдыратын. Біз бау бақшаларға барып, жеміс жинайтынбыз. Осылайша бір жолы Қадырмен таныстық. Сол таныстығымыз үлкен махаббатқа ұласты. Махаббатымыз бақытты отбасын құруымызға себепші болды. Әрине, мен де Қадыр да көп балалы отбасының перзентіміз. Үйде бала көп болған соң, ата-анамызға көмектесу үшін еңбекке ерте араластық. Сол жерде оқып жүріп, жұмыс істедік. Сол театрдың хорына қатысып, коптеген спектакльдерде өнер көрсеттік. Сол кездері өнердің ұлы тұлғаларымен бір жерде жұмыс істеуіміз біз үшін үлкен бақыт еді. Ермек Серкебаев, Роза Жұманова, Ғарифолла Құрманғалиев сынды өнер тарландарымен бірге қызмет атқардық. Өнерге енді ғана бет бұрып бастаған біздер үшін бұл үлкен мектеп болды. Білмегенімізді үйреніп, жыл өте тәжірибемізді ұлғайта түстік. Сол кездері осы театрда 80 сом жалақы алатынбыз. Сол ақша біз үшін үлкен табыс еді.
Бір жағынан оқу оқып, жұмыс істеп жүріп, 1974 жылы шаңырақ көтердік. Сол жылы оқуымызды аяқтап, Қадырдың туған жері Атырау облысы Индерболға жұмысқа орналастық. Аудан орталығындағы мәдениет үйінде Қадыр директор болса, мен әдіскер ретінде еңбек жолымды бастадым. 1975 жылы тұңғышымыз ұлымыз Айдынғали дүниеге келді. Сол өңірде екі жылдай абыройлы еңбек етіп 1977 жылы Қостанай облысына қоныс аудардық. Осы жылы қызымыз Әсел туылды.
Біз келген жылдары Қостанай облысының қазағы өте аз еді. Халық тек орыс тілінде сөйлейді. Қазақ тілінде ән айтатын өнерпаздарды саусақпен санауға болатын. Сөйтіп, Қостанайға біржола тұрақтап, осындағы облыстық филармонияға жұмысқа орналдасып, өңірдің мәдениетін дамытуға үлесімізді қосуды бастап кеттік. Кей кездері 6 ай қатарынан госролде жүретінбіз. Қыс демей, жаз демей ауарайының ыстық суығына қарамастан, өңір-өңірлерді аралап, ән салып, өнерімізді көпшілікке паш ететінбіз. Қадыр да, мен де еңбек етуден қашқан емеспіз. Өнер жолы ауыр жол, бірақ ешқашан халықтың алдында қол ұстасып, ән айтудан жалыққан емеспіз. Облыстың атынан көптеген республикалық байқауларға қатысып, намысты қолдан бермеуге тырыстық. Жүлделі орындарға ие болып жүрдік.
Әрине, өнермен қоса отбасын бірге алып жүру оңай емес. Өйткені, өнеріңді дамытып, көпшілікке танылу үшін сен бір орында отырып қалмай, өңір-өңірлерді аралап, концерт беріп, әндеріңді орындап, өзіңді таныстыру өте маңызды. Ал отбасы үшін әйел адамының ошақ қасында бала тәрбиесімен айналысқаны маңызды. Егерде біз бүгінде өнерімізбен қоса отбасымызды сақтап қалғанымыздың басты себебі, екеуіміз де өнер адамы болғандығымыз деп білемін. Қайда барсақ та бірге бардық,-дейді Майра апай.
Бүгінде бақыты шалқыған отбасының иелері Майра апай мен Қадыр ағамыз немере сүйіп отырған жандар. Ұлдары Айдынғали да өнерден құр алақан емес. Кішкентайынан қасиетті қара домбыраны жанына серік етіп, бүгінде қаламыздағы педагогикалық колледжде домбырадан сабақ береді. Оның бірнеше тәрбиеленушілері республикалық, халықаралық байқаулардың жеңіспазы анатынып жүр. Айдынғали Қадырұлының да күйшілігін Қостанай жұртшылығы жақсы біледі. Ол да көптеген өнер додаларының жеңімпазы атанған. Ала Айдынғалидің келіншегі Әлия да өнерден алыс емес. Ол да Қостанай педагогикалық колледжінің мука пәнінің мұғалімі. Майра мен Қадыр ағамыздың қыздары Әсел мен күйеу балалары Сәкен жеке шаруашылықпен айналысады.
Өнер тарландарының Айдынғалидан сүйіп отырған Шерхан, Бибінұр есімді немерелері бар. Шерхан Нұр-Сұлтан қаласында студент, ал Бибінұр болса 9 сынып оқушысы. Ол қаламыздағы музыка мектебінің қобыз сыныбына барады. Мектептің 7 сыныбында оқиды. Бибінұр да өмірін өнермен байланыстыруды мақсат етіп отыр. Қазірдің өзінде ол көпетеген байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ал Майра апамыз бен Қадыр ағамыздың қыздары Әселден Ділназ, Әмірәлі, Нарбек есімді жиен немерелері бар.
-Немере өте тәтті болады екен. Екі баламызды өсіп, жеткізгеннен кейін міне, немере сүйіп отырмыз. Оларға енді жан теңгермейміз. Тәй басқандарын да, былдырлап сөйлегендерін де қызық көріп, үлкен махаббатпен өсірдік. Қызымыздың балалары да бізді жақсы көреді. Жиі келіп тұрады. Оларға да жан теңгермейміз. Құда мың жылдық жемекші, келінді де күйеу баланы да өзіміздің туған қызымыз бен ұлымыздай жақсы қабылдадық. Бірінші күннен ақ жылы қабақ танытып, отбасымыздың мүшесі ретінде сезіндік. Құдайға шүкір, олардың да бізге деген құрметін сезініп жүрміз. Екеумізді де жақсы көріп, құрметтеп, сыйлап тұрады.
Отбасының бақыты сыйластықта жатса керек. Біз жастайымыздан бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Сол ыстық сезім әлі күнге дейін сақталып келеді. Қадыр екеуіміз қаншама жыл бірге ғұмыр кешіп, бір-бірімізбен ренжісіп көремеген екенбіз. Арамызда берік сыйластық орнаған.
Бақытты отбасының басты құпиясы отағасын сыйлап, құрметтеуде жатыр. Сондай-ақ әйел жанұяның берекесі. Отағасының тапқан табысын, ұқсатып, үйдің қажетіне орынды жұмсай білген әйел кез-келген отбасын айрандай ұята алады. Қашанда отағасын сыйлаған әйелдің ырысы таусылмайды,-дейді бақытты отбасының атанасы Майра апамыз.
Бақыт ауызбрілігі жарасқан, сыйластық орнаған отбасыға барып қонары белгілі. Майра апамыз бен Қадыр ағамыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, зейнеткерлік жасқа жеткенде өздерінің бақытты отбасы екендерін айтады. Бірдей бір өңірдің мәдениетін дамытып, оның қалыптасуына зор үлес қосқан өнерлі жандар лайықты құрметке бөленгендерін айтады. 2000 жылы Майра апамыз өнер саласына қосқан қомақты үлесі үшін, ал Қадыр ағамыз 2017 жылы ерен еңбегі үшін медальдарымен марапатталған. Екеуі де ҚР Мәдениет қайраткерлері. Елімізге танымал өнер иелері.
-Отбасының бақыты ауызбіршілікте жатыр. Мен бүгінде келінге үлгілі ене болып отырған жанмын. Келінді сен келінсің деп сыртқа итеруге болмайды. Ұлымды қалай жақсы көрсем, келінімді де солай жақсы көремін. Олар үйленгеннен кейін он жыл қатарынан біздің қолымызда бір шаңырақ астында өмір сүрдік. Осы он жыл ішінде келініме дауыс көтеріп, бір-бірімізбен түсініспей қалған кезіміз болған емес. Оның мені қатты сыйлайтынын білемін. Сондықтан мен де оған үлкен сыйластықпен қараймын. Оны түсінемін және өз қызымдай жақсы көремін. Алтын асықтай немере сыйлағанына ризамын. Сол үшінде оған айтар алғысым шексіз.
Кейін біз балаларды өзіміз тұрып жатқан үйде қалдырып Қадыр екеуіміз он жылдай бөлек тұрдық. Міне, биыл үлкен жер үй сатып алып сонда қайтадан балалармен бірге тұруға шешім қабылдап отырмыз. Өйткені, Қадыр екеуміз жасарып келе жатқан жоқпыз. Керісінше ауырып, сырқаттанып қалатын кездеріміз жиі болып тұрады. Осындай кездері ұлымыз бен келініміз қасымыздан табылса дейміз. Ұлым бұл ойымызды құп алып, әрдайым қасымыздан табылатынын жеткізді. Сонымен қатар барлығымыз бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, бір-бірімізге тіреу болуды ұйғардық. Бір жерде тұрсақ мақсатта бір болады. Біз балаларға қолымыздан келгенше көмектесеміз. Олардың күнделікті тіршілігін жеңілдетеміз деген оймен қайтадан барлығы үлкен отбасы болып, кең үйде ғұмыр кешуді мақсат етіп отырмыз.
Міне, қазір осы үлкен жер үйдің жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қадыр тек өнер адамы ғана емес, ол кісінің қолынан келмейтін дүние жоқ. Нені болмасын қолына алса соңына дейін жоғары деңгейде жасап шығады. Үйдің тірлігіне өте икемді. Үйдің жөндеу жұмыстарымен де айналысып жатқан сол кісі. Сантехниканы да жақсы біледі. Отағасының қолынан келмейтін іс жоқ,-деп Майра апай құдай қосқан қосағының мақтауын арттырады.
Отбасы дегеніміз жер бетіндегі жұмақ. Оның ішіндегі тыныштықты, берекені орнататын ер азамат пен әйел. Ал оның бақытын, қуанышын тасытатын бала болса керек. Міне, осындай түсіністік пен сүйіспеншілік, сыйластық көрініс тапқан отбасы ғана бақытты болса керек. Өмірде шын бақыттың дәмін татқың келсе, бақытты отбасын құруға тырыс. Сонда ғана сен бақыттың не екенін түсініп, өміріңді мәнді де маңғыналы өткізерің анық.
Материал Қостанай қаласы әкімдігінің әлеуметтік даму бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жастар ортасында қазақ отбасының оң имиджін насихаттау» жобасы аясында дайындалды. Ұйымдастырушы – «Жанашыр бол» қоғамдық қоры.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет отбасылық альбомнан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77