Социум

Бір жерде табан аудармай қызмет етіп құрметке бөленген жан

Облыстық кітапхана қызметкері Күлшара Умургалиева жайында

Менің бүгінгі кейіпкерім Күлшара Умургалиева 32 жыл қатарынан Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жұмыс істеп келеді.

Күлшара Умарқызы Қостанай қаласында 1962 жылы дүниеге келген. Осы шаһарда №8 орта мектепті тәмамдап, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, биология-химия пәні мұғалімі мамандығы бойынша қызыл диплом алып шығады. Оның биология-химия пәнінің маманы атануы да бекер емес еді. Анасы Ануза көп жылдар қатарынан химия заводының аппарат қызметкері болып жұмыс істеді. Анасының күнделікті жұмысына қызы да қызығушылық танытады. Ал әкесі Умар болса, құрылысшы болған. Отбасын да 5 бала тәрбиеленген.

Отбасындағы талабы зор, білімі терең Күлшара апамыз жас маман ретінде жоғары оқу орнының ұсынған жолдамасымен қазіргі Нұр-Сұлтан (сол кездегі Целиноград) шаһарында ұстаздық қызметіне кіріседі. Онда екі жыл қатарынан жұмыс істеп, туған жері Қостанайға оралады.

Қостанай қаласында сол кездері «Севказ» деп аталған химиялық лабораторияда инженер-химик болып 2 жыл жұмыс істейді. Ал қазіргі еңбек етіп жүрген облыстық кітапханаға 1988 жылы жұмысқа орналасады.

Бүгінде Күлшара Умарқызы құнды дүниелер қатарына жататын сирек кездесетін кітаптар қойылған музейдің эксководы. Ол осында келушілерге өздерінде сақтаулы тұрған құнды көркем әдебиеттермен жан-жақты таныстырып, олардың сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар ұлттық мәдени мұра объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген сирек кездесетін кітаптарға сипаттама жасаумен де айналысады.

Сондай-ақ кейіпкерімнің өзі жайында айтқан әңгімесінен ұққаным, ол кісінің кітапхана өмірінде өте маңызды орын алатыны. Ол қазір өлкетану әдебиеттері бөлімінде жұмыс істейді. Осыған дейін оқу залында, абонемент бөлімінде кітапханашы болып қызмет еткен.

Музейдің эксководымен қоса кітапханада ұйымдастырылатын кездесулер мен көрмелерді ұйымдастыру, сценарий жазу жұмыстарымен де айналысады екен. Оның алдында сценарий жазу, әдебие кештердің қонақтарын алдын ала шақыру, оларға қойылатын сауалдарды дайындау сынды бір сөзбен айтқанда жауапкершілігі мол шығармашылық жұмыстар тұрады.

Өзінің оқыған мамандығы биология-химия болса да, қазіргі жұмысына байланысты шығармашылық адамы болып кеткенін де жасырмайды.

– Шынымды айтсам, кітапханада өтетін іс-шралардың сценарийін жазу, ақын-жазушыларды шараларға шақыру, тұрақты оқырмандармен жұмыс жасау оңай емес. Үлкен төзімді, сабырлықты талап етеді. Жұмыс болған соң түрлі жағдай орын алып жатады. Менің жұмысым ұйымдастыру болғандықтан қай жағдайға болмасын дайын болуы керек. Көп ізденісті қажет етеді, – дейді ол.

Күлшара Умарқызы күнделікті таңертең жұмысқа асығып, жұмыстан үйге асығып жүрген кезде жасының зейнетке де таяп қалғанын байқамай да қалғанын айтады. Иә, ол келесі жылы зейнет жасына толады. Бірақ сыртынан қарап оны жасы зейнеткерлікке жақын, үлкен кісі деп ойламайсыз. Өзін сергек те, шапшаң ұстайды. Сөзі де ісі де жинақы. Жас көрінеді.

Бүгінде тәлімді тәрбие беріп өсірген қызы Нелядан Ян емісді немере сүйіп отыр. Қолы жұмыстан босаса болды, немересімен уақытын көңілді өткізеді. Оның білімді де тәрбиелі болып қалыптасуына өзінің септігін тигізеді. Кішкентайынан оған ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіріп отырады. Жұмысынан пайдалы да қызықты балаларға арналған журналдар мен кітаптар апарып береді.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Еш қиындығы жоқ. Осында еңбек етіп келе жатқан 32 жыл ішінде бәрін де үйрендім. Мен үшін кітапханада қолымнан келмейтін жұмыс жоқ. Бізге жас мамандар келмейді. Көбінесе, өзім сияқты бір жерде жұмыс істеп үйреніп қалған жандар ғана жұмыс істеп жатыр. Айлығымыз бұрын өте аз болатын. Соңғы жылдары ғана шамалы көтерілді. Бірақ өзіме жетеді. Жұмысқа күнделікті үлкен құлшыныспен келемін, – дейді Күлшара апа.

Күнделікті жұмысына үлкен қуанышпен келетін қарапайым жанның еңбекқорлығы еріксіз таң қалдырады. Қазіргі жастар бір жерге жұмысқа барса, бірден басшы болғысы келеді, жоғары айлық алғысы келеді. Ұнамаса жұмыстан бірден шығып кетіп жататынын соңғы кездері жиі байқаймын.

Осындайда айлығынан жұмысы көп жерде табан аудармастан көп жылдар қатарынан қызмет етіп отырған жанға қалай тамсанбайсың. Бұл әрине, бірінші кезекте адамның еңбексүйгіштігін көрсетсе керек. Қарапайым жұмыстан бақытын тапқан бақытты жандардың әрдайым абыройы арта берсін.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77