Біздің Қостанай Социум

Бірлігі жарасқан Шамбулаевтар отбасы қаламыздың үлгі тұтар тұрғындары

Біз қашанда қартын құрметтеген, қариясын сыйлаған халықтың ұрпағымыз. Оны қоғамымыздағы берекелі, ынтымағы жарасқан отбасылардан ақ көріп, білуге болады. Осындай шаңырақтық бірі қаламыздағы Шамбулаевтар отбасы

Отағасы Жолшара ағай мен отанасы Дамеля бүгінде зейнет жасында болғанымен де қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып, ұрпақ тәрбиесіне де өз үлестерін қосып келе жатқан жандар. Олар көп балалы ата-ана, күні бүгін сол балаларынан он екі немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Айтуларынша немерелерінің алды жиырмадан асса ең кішісі үш жаста екен.

Аталмыш отбасын үш ұрпақ жалғастығы қосып отыр. Дамеля апай өзі ене атанып отырғанымен, үйде тоқсаннан асқан дария кеуде атасының алдында келіндік міндетін де қалтқысыз атқарады.

– Біз қалаға біраз жыл бұрын Денисов ауданынан қоныс аударған едік. Сол жақта ағаң екеуіміз еңбек еттік. Жолшара ағаларың зоотехник болды, мен әкімдікте хатшылық қызметте болдым. Қазір балаларымыз бір-бір үй болды. Немерелеріміздің алды студент. Біз осындай тәрбиелі, білімді ұрпақ өсіргенімізді мақтан етеміз. Олар бізді қашанда қолдап, көмектерін беріп тұрады. Қазір біздің қолымызда үлкен ұлымыз Бауыржан мен келініміз Гүлім бірге тұрады. Немерелеріміз Бахытжан мен Алімжан да көз алдымызда ер жетіп келеді. Келінім Гүлім үйге келген қонағымызды қарсы алып, әрдайым қызмет етіп жүгіріп жүреді. Қашанда дастарханы жаюлы, қолы берекелі. Келіндеріміздің бәрі де сыйлап, құрметтеп тұрады. Алғыстан басқа айтарым жоқ.

Үлкен әрі бірлігі жарасқан интернационалды отбасымызды мақтан тұтамын, – деді Дамеля апай.

– Жолшара ағай зейнеткерлік жасқа жеткенімен қол қусырып уақытты бос өткізуден аулақ жан. Өзі шаруашылыққа мығым әрі ұйымдастырушылық қабілеті зор. Тұрғындардың жалпы жиналысында біз ол кісіні екі жыл бұрын МИБ төрағасы етіп сайладық. Жолшара ағай өзіне жүктелген сенімді ақтады. Үйге қатысты кез-келген мәселенің шешімін тауып отырады. Тіпті, қолы алтын жан. Су құбырына, электр желісіне қатысты ұсақ-түйек шаруаны бір өзі жасап жатқанын да көреміз. Жуырда МИБ төрағасының уақыты аяқталғалы отыр. Қайтадан төраға сайлауымыз керек. Дегенменен, тұрғындар бір ауыздан Жолшара ағайды ұсынып, қол жинап, әрі қарай жұмыс істегенін қалап отыр. Міне, қоғамымызда еңбекті сүйетін осындай жандар барына қуаныштымыз. Дамеля апай да ағайды қолдап МИБ (Меншік иелерінің бірлестігі) қатысты құжаттарды реттеп жүреді, – деді Герасимов көшесі 7 үйдің тұрғындары.

«Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Расында, дария кеуде, тау мүсін қарияларымыз қашанда елдің ұйытқысына айналып, татулығына тірек болып келеді. Олардың әрбір тағылымды тірліктері өскелең ұрпаққа үлгі екені даусыз. Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас кенішіндей болған қарттарымыз аман-есен жүргейсіздер!

Жан ШАЙМЕРДЕН,
суретті ұсынған Шамбулаевтар отбасы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77