Біздің Қостанай Социум

Бірнеше ай бұрын қаламызда шағын сөрелер сатушыларға жалға берілген болатын

Биыл қала көшелерінде ескі сауда павильондары жойылып оның орындарына қаланың сауда аймақтарын тиісті эстетикалық түрге келтіру үшін шағын габаритті сөрелер орнатылды

Олар Арыстанбеков көшесі, «Аврора» сауда үйінің тұрағы аумағында, Гоголь көшесі, Алтынсарин көшесі, Бородин көшесінде орналастырылды. Сондай-ақ, мұндай жаңа павильондар Чкалов көшесінде де бар. Онда бақша дақылдарының маусымдық саудасы, сондай-ақ, жаңа жылдық шыршалардың саудасы жүзеге асырылады деп көзделген болатын.

Осы павильондардың бүгінгі жағдайы қалай, алдағы қыста жұмыс жасайма, жалға алушылардың көңілінен шығып жатыр ма деген сұрақтарымызбен біз шағын рейд жасаған болатынбыз. Біз барған кезде шағын аудандардағы повильондардың біразының бос тұрғанын көрдік, бірен сараң сауда жасап тұрған кісі ғана бар екен. Біз сөзге тартқан саудагер «Аврора» сауда үйінің сол жақ бетінде орналасқан павильонда өзінің қолынан шыққан табиғи таза өнімдернін саудалап тұр екен.

– Біз жоласым екеуіміз өзімізді-өзіміз жұмыспен қамтушымыз. Бұрындары көше бойында саудамызды жасай беретінбіз. Кейін әкімдіктен көше бойында, сауда орындарының алаңында тұрып сауда жасауға тиым салынып, арнайы осындай сөреден сауда жасау ұсынылды. Міне, биыл осы орынды жалға алып отырмыз. Бізді қазір «Аврора» сауда үйінің жөндеу жұмыстарына байланысты алаңнан алып бір қуысына ауыстырды. Саудамыз тіпті жүрмей қалды. Бізді мына жерден ешкім көрмейді де. Одан қалды көшенің қарсы бетіндегі дүкендердің маңында әлі күнге дейін сауда жасап отыратын адамдар бар. Халық керегін сол жерден алып кете береді, бізге арнайы бұрылып келмейді. Қазір бұл жерде сауда жасап тұрған үш адамбыз. Қалғандары бақша дақылдарының маусымында ғана жұмыс істеді. Менің жанымдағы кісі қазір құс етін сатуды бастайды. Біз үй жағдайында тосап, консервіленген қияр мен қызанақ, түрлі салаттар, табиғи бал сияқты өнімдерді қыс бойы саудаға шығарамыз. Дегенмен, қыстың қытымыр аязы мен мынау күздің қара суығында бұл ашық павильонда тұрып сауда жасау мұмкін емес жан-жақтан соққан желдің суығы төбеңнен өте шығады. Сонымен қоса бұл жер қыста қар астында қалады. Борандағы қарды өзіміз келіп тазалауымыз керек. Қыс бойы далада тұру мүмкін емес, көлігімізде жылынып отырамыз. Сондықтан қыс бойы бұл жерді жалға алу бізге тиімсіз, – деді жергілікті саудагер Лидия Машутина.

Сонымен қатар қаламызда Гагарин моншасы аталып кеткен Назарбаев, 78 көшесінде орналасқан №6 қалалық моншаның алдында да екі жабық дүңгіршек орнатылып қолданысқа берілген екен. Бұл жерде саудагерлер қайын, емен, емдік шөптер мен шырша қылқандарынан буылған моншаға арналған сыпырғыштар сатады. Рейд барысында бұл жерге де бас сұғып, сатушыларды сөзге тарттық.

– Мен қазір осы жабық дүңгіршек үшін айына 215 мың теңге төлеп отырмын. Мемлекеттік мүлікті жалға алу қосымшасы арқылы ай сайын төлем жасаймын. Бұрындары сауда жасауға шыққан күнді ғана төлейтінбіз. Қазір саудам жүрсе де жүрмесе де осы сомманы толеуге мәжбүрмін. Күзде бір ай бойы тауарсыз отырдым, оған себеп ормандағы өрт қауіпсіздігі бойынша сыпырғыш жинауға болмады. Бұл жерде мен шығынға шықтым. Қазір күн суытып, қараңғы ерте батқандықтан жарық қажет екені айтпаса да белгілі. Ал, бұл жерде жарық жоқ, дүңгіршектің іші салқын. Осы мәселемен қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне бірнеше рет хабарластым. Келісімшартты кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімімен жасастық. Осы сұрақ бойынша Кәсіпкерлер палатасына да бардық. Міне, үш ай өтті әлі шешімін тапқан жоқ, – деді дүңгіршек иесі Жанар Кусаинова.

Дүңгіршектің ай сайынғы жалға алу бағасын естігенімізде таң қалғанымыз анық. Оған себеп аукционда бастапқы сомманы көтеру арқылы ұтып алу мүмкіндігі екен. Кәсіпкер өз ісін жүргізу үшін осындай қадамға барғанымен бүгінгі күні пайдасын көріп отырмағанын жасырмайды.

Осы аумақта орналасқан келесі кәсіпкер аукцион арқылы ұтып алған дүңгіршегі үшін ай сайын қанша қаржы төлейтінінің жасырын қалғанын қалады. Тек аукциондағы бастапқы баға 25 мың теңгені құрайтындығын айтты.

– Біздің отбасымыздың осы салада еңбектеніп келе жатқанына қырық сегіз жылдан асады. Бұрындары әулетіміздің үлкендері осы Гагарин көшесінің бойында тұрып сауда жасаған. Кейін осы жерде ашық сауда орындары болды. Міне, биылғы жаз айынан бастап қалалық әкімдік осындай жабық дүңгіршек қойды. Аукционның бастапқы бағасы қолжетімді болды. Келісімшартта жарық орнатылады деген сөз болмады. Алдағы уақытта өз қаражатымызға қажетті жағдайды жасап алғымыз келеді. Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырғандары үшін әкімдікке рахмет айтамыз, – деді «VENIK-MARKET.KST» ЖК иесі.

Рейд барысында байқағанымыз, қанша адам болса, сонша пікір, әр нәрсенің оң жағын да сол жағын көруге де болады.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті түсірген автор
және Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77