Правопорядок

Биыл өңірде 5 жалған хабар тіркелді

Қазіргі қоғамда қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Адам көп жиналатын орындар, қоғамдық мекемелер мен ұйымдар – барлығы да тыныштық пен тұрақтылыққа негізделіп жұмыс істейді. Осы тұрақтылықты сақтауда мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-қимылы ерекше маңызды.

Соңғы жылдары әлемде түрлі қауіп-қатерлердің сипаты өзгеріп, қауіпсіздікке деген көзқарас та жаңаша қалыптаса бастады.

Терроризмнің алдын алу, жалған хабарламаларға жол бермеу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру – бүгінде өзекті бағыттардың бірі. Қазақстан Республикасының заңнамасында терроризмге қатысты іс-әрекеттер үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сондай-ақ осы мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату – мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазасына әкеп соғады, – деп түсіндірді Қостанай облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Амангелді Бапинов. – Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 453 бабына сәйкес масс-медиа өнiмi тәркiленіп, жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – жиырма бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Соңғы жылдары жалған терроризм фактілері де қоғам үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Қоғамдық орындарда «жарылғыш зат қойылды» деген жалған хабарламалар адамдардың дүрбелеңге түсуіне, мекемелердің жұмысының уақытша тоқтауына, төтенше қызметтердің ресурсын босқа жұмсауға әкеледі.

Мұндай әрекеттер үшін де заң алдында жауапкершілік көзделген. Ең өкініштісі – қауіпті «әзіл» таратушылардың арасында жасөспірімдер де кездеседі. Осыған байланысты отбасындағы және білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы ерекше маңызға ие.
2025 жылы облыста терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау бойынша 5 қылмыстық іс тіркелді. Аталған заңбұзушылықтардың барлығын мектеп оқушылары жасаған – бастауыш сынып оқушысы террористердің шабуылы туралы хабарласа, қалған жағдайларда жасөспірімдер сауда орталықтарына жарылғаш зат қойылғанын айтқан. Қылмыстық жауапкершілік жасына жетпегендіктен, олардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігі бойынша бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқушылар мектепішілік есепке қойылды, – деді полиция қызметкері.
Осындай жағдайлардың алдын алу, жалған хабар таратудың салдарын түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Облыстық ПД білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық орындарда кездесулер өткізіп, тұрғындарға қауіп төнген жағдайда өзін қалай ұстау керектігін түсіндіреді. Себебі әр азаматтың қырағылығы, заңға құрметі мен жауапкершілігі – қоғамдық қауіпсіздіктің басты кепілі.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді Қостанай облысының ПД ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77