Мектеп бітірушілерді алда үлкен сын күтіп тұр
Өткен жылы әлемді жайылған коронавирус дерті елімізге де айтарлықтай өзгерістерін алып келді. Жұқпалы дертке байланысты оқушылар қашықтықта білім алып, онлайн режимде үйлерінде отырды. Ұстаздың алдына барып оқымаған соң бұл қандай білім болады деп басында наразылық танытқанымыз рас. Бірақ қауіпті дерттің жұғу көрсеткіші жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай өсіп, көкейге қорқыныш ұялатты емес пе. Кеудеге түскен вирустан үш күннің ішінде алды артынан қарамай өмірден өтіп кеткен жандарды ойласа, әлі күнге дейін есеңгіреп қаламыз.
Міне, осыдан кейін кімде болса, көзінің қарашығы баласының аман-есен көз алдында жүргенін қалап, үйде толық білім алуы үшін жағдайын жасап, яғни ғаламторының сапасын жақсартып, компьютермен қамтамасыз еткен болатын.
Үйде отырып оқушылар білім алды. Енді міне, осы білімді тексеретін шақ та келіп жеткендей. Әне-міне дегенше жылда жас түлектердің болашақ маман атану үшін жоғары оқу орнына түсерде тапсыратын үлкен сынақтары ҰБТ-де басталмақ.
Биылғы ҰБТ-тің өту жолы да өзгерген. Бұрынғысына ұқсамайды. Енді осы үлкен сынқтың қалай өтетінін біз де білмек болып, облыстық білім басқармасына хабарласып, қажетті мәліметтерді алған болатынбыз.
Биыл наурыз айынан бастап ҰБТ-ның өту форматы өзгерген. ҰБТ электрондық форматта күніне 2 мәрте өтетін болады. Мәселен, наурыздың 10-нан сәуірдің 10-на дейін ақылы жоғары оқу орнына түсетіндер үшін ҰБТ өткізілген. Енді мемлекеттік оқу грантына үміткерлер үшін мамырдың 6-нан маусымның 30-не дейін тестілеу өткізілетін болады. ҰБТ-ға қатысу үшін меткеп бітірушілер ұлттық тест орталығына өз еріктерімен тіркелуі қажет. Сондай-ақ олар онда өздеріне тест тапсыруға ыңғайлы болатын орын мен уақытын таңдай алады. Мектеп түлектері ҰБТ-ті тегін тапсырады.
Осы жерде ерекше атап өтетін жайт, мемлекеттік оқу грантына үміткерлер ҰБТ-ны екі мәрте тапсыруларына болады. Бірақ бір күнде емес. Бір тапсырғаннан кейін екінші рет тапсыруға өтініш беріп, арада уақыт өткеннен кейін қайтадан ҰБТ тапсыруларына мүмкіндік берілген. Тапсырып болған соң, мемлекеттік оқу грантына үміткер ретінде өзі қалаған қорытындыны жібере алады.
ҰБТ тапсырылатын пәндер баяғыша қалды. Олардың үшеуі міндетті пәндер болса, қалған екеуі таңдауға берілген. Тесте барлығы 140 сұрақ. Тестке берілетін уақыт – 240 минут. Сонымен қатар кейбір сұрақтардың дұрыс құрылмағаны, немесе дұрыс жауабы болмағанын байқаған жағдайда, тест тапсырушы тестілеу аяқталған бетте күмәнді болған сұрақтарды қайтадан қарастыруды өтініп, өтініш білдіре алады.
Қостанай қаласында биыл тестілеу Тәуелсіздік көшесі, 118 мекен-жайында 100 адамдық орында өткізілетін болады.
Үстіміздегі жылы облыс бойынша 3469 мектеп бітіруші ҰБТ тапсырады. Қостанай қаласында 1019 жас түлек тестте бақтарын сынамақ.
Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқалы отырған жас түлектерге алдарында тұрған осынау үлкен сынақта сәттілік серік болсын. Болашақта өздері қалаған мамандықтың иесі атанып, өмірден өз орындарын табуларына тілектеспіз.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет ашық ақпараттар көзінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77