Біздің Қостанай Социум

Биылғы жылы жоспар бойынша 13157 адам жұмыспен қамтылмақ

Қазіргі ғаламтор ғасыры біздің өмірімізді барынша жеңілдетіп жатқаны белгілі.

Технология дамығаны сонша, кез-келген елдің экономикасы үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселе – жұмыссыздық та үйден шықпай-ақ жұмыс қарастырып, табуға болатыны дәлел. Бұрын-соңды екі қолға бір күрек табу үшін дүниені шарқ ұрса, енді саусақтың ұшымен ғана ізделінеді. Дегенмен, қазір түрлі «жұмыс тапқыш» бағдарламалар болғанымен, жұмыспен қамту орталығы әлі де өз ісінен танбай, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартам деген жандарға қол ұшын созуда. Бұл орталыққа мүмкіндігі шектеулі жандармен қатар, өзінің жанына жақын мамандық бойынша жұмыс іздеген жандар да көптеп келеді. Осы және басқа да мәселер турасында Қостанай облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Қостанай облысы бойынша мобильділік орталығының Қостанай қаласының мансап орталығы филиалының жұмыс іздеушілер секторының басшысы Альбина Абайқызы Утемисовамен сөйлескен едік.

Бүгінгі күні «жұмыс істеймін» деген жанға ғаламторда бар жағдай жасалған. Түрлі сайттарға өз резюмесін жүктеп, жеке басының мәліметтерін растаса жеткілікті. Бірақ, сол сайттар арқылы жастардың өзі жұмыс таба алмай дал. Неліктен? Мамандар сапасыз ба?Әлде жұмыс берушілер талапшыл ма? Бұл туралы Альбина Абайқызы былай деді:

Қазір жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыссыз ретінде тіркелу мәселесі барынша жеңілдетілді. Қазіргі таңда «Еңбек кз» электронды еңбек биржасы арқылы да жүмыссыз ретінде тіркелуге болады. Бірақ кейде ол жерге мемлекеттік қызметтегі кейбір мамандықтар жарияланбай, біздің орталыққа қағаз түрінде келгендіктен, жастар бізге жүгінуге мәжбүр болады. Мысалы, тек қана біз «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орын» мемлекеттік бағдарламаларына жолдама бере аламыз.

Мансап орталығының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Қостанай қаласы бойынша 13345 адам жұмыспен қамтылған. Ал жоспар бойынша 12844 бекітілген екен. Яғни жұмыспен қамту орталығы өз жоспарынан тыс адамдарды еңбекпен қамтыған. Қазір жұмыс берушілер қай мамандыққа зәру және жұмыс іздеушілер қандай салада жұмыс іздеуде деген сұраққа орталықтың жұмыс іздеушілер секторының басшысы:

Жұмыс берушілер тарапынан көбінесе, мұғалім, дәрігер мамандықтары сұранысқа ие. Ал жұмыс іздеушілер болса, көбісі, белгілі бір мамандық бойынша білімі жоқ азаматтар. Ол кісілерге қара жұмыс ұсынылады. Сонымен қатар мансап орталығының 3 айлық оқыту курстарына қатысып, бір мамандық иесі атануға да мүмкіндік бар. Ол жерде тігінші, аспаз, электрші секілді мамандықтар бойынша оқып, шәкіртақы алып, курс соңында сертификат алуға болады. Және айта кетерлігі, сол сертификат аясында толыққанды оқыған әрбір азамат жұмыспен қамтылады.

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап мансап орталығы жоспар бойынша 13157 адамды жұмыспен қамтымақ. Ақпан айының ортасына дейінгі мәлімет бойынша 751 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде кәсіптік оқыту, әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындар, «жастар практикасы» және «күміс жас» бағдарламалары бар.

Альбина Абайқызының айтуы бойынша, Қостанай қаласынан жұмыс іздеуші азаматтардың басым бөлігі зейнет жасына дейінгі әйелдер. Яғни, орта жастағы адамдар үшін де мемлекет арнайы «күміс жас» бағдарламасын жасап жатқанын да айтып өттік.

Осы орайда сөзімізге тұздық әрі дәлел болу мақсатында осы жұмыспен қамту орталығында 2025 жылдың қаңтарынан бастап тіркеліп, жұмыс іздеп жатқан екі адаммен сөйлескен едік. Соның алғашқысы Ғазиза Сапарбекова қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Зейнет жасы жақындаған сайын Ғазиза Райымбекқызы жұмыс табу қиын екенін былай түсіндірді:

Қазір жұмыс нарығында да біздің өкшемізді басып келе жатқан жастарымызға сұраныс көбірек. Бірақ, жұмыспен қамту орталығының арқасында түрлі ұсыныстарды қарап шықтым. Бірақ әзірге жалақысы мен талабы жаныма жақын жұмыс табылмады.
Сондай-ақ, жұмыс іздеушілер арасынан экономист, заңгер сынды мамандықтары бойынша жұмыс табу қиын. Сондықтан олар жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақы алуға жүгінеді. Дегенмен, мемлекет әркімнің өз жасы мен шамасына орай жұмыссыздық бойынша бағдарламалар жасаса да, одан өзінің бас пайдасын ойлар әккі-қулар да бар. Яғни, 6 ай бойы тек қана жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту орталығына жүгінетін жандар. Айта кету керек, жәрдемақы мөлшері, әркімде әртүрлі. Ол әр азаматтың алдыңғы жұмыс орнында төленген жалақысының 45%-ын құрайды.

Дегенмен жәрдемақы алушылардың қатарында шынайы жұмыс іздеп жүрген жастар да бар. Соның бірі Наталья Бубнова. Ол 2024 жылдың шілдесінен бері жұмыссыз ретінде тіркеліп, жәрдемақы алып келді. Оның мамандығы экономист. Ол бүгінде жас ана. Сол себепті де алдыңғы жұмыс орнынан шығып, бүгінде өз отбасысы үшін ыңғайлы жұмыс кестесі бар кәсіп іздеуде. Ол жұмыспен қамту орталығына келуінің себебін былай түсіндірді.

– Менің балам кішкентай болғасын, аурушаң. Балаң ауырғасын жұмыстан қайта-қайта сұрана бергесін берекесі кетеді екен. Сол себепті мансап орталығы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеліп, бүгінде олардан келіп түсіп жатқан түрлі ұсыныстарды қарап жүрмін. Әзірге өзім қалағандай жалақысы бар жұмыс табылмады. Сондықтан әлі де жұмыспен қамту орталығымен тығыз қарым-қатынаста болып, жұмыс қарастырмақпын, – деп Наталья Бубнова өз ойын тәмамдады.

Қостанай – өнеркәсіптік-аграрлық өңір. Бәріңізге белгілі машина жасау саласының ең ірі кәсіпорындарының бірі «Сарыарқаавтопром» және «Агромашхолдинг KZ» зауыттары осы қалада орналасқан. Екеуі де Қазақстандағы автокөлік және ауыл шаруашылық техникасын шығаратын жетекші өндіріс орындары. Сонымен қатар бұл кәсіпорындар Қостанайдағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі болып саналады. Мұнда инженерлер, механиктер, конвейер жұмысшылары, темір ұстасы саласының мамандарына сұраныс жоғары. Осы екі жетекші өндіріс орындары да мансап орталығымен бірлесе 2024 жылы қысқа мерзімді оқыту курстарын өткізді. Яғни сіз бен біздің жүріп жүрген автокөлігімізге мемлекет көмегімін оқыту курстарын оқып, білімін шыңдаған жандардың да үлесі бар.

Бүгінгі жазылған мәселеміздің көтерер жүгі ауыр. Өйткені, жұмыссыздың еліміздің экономикасы тікелей әсер етер фактор.

Сондықтан еліміздің үкіметі жұмыспен қамту орталықтары арқылы көмек қолын созып, оқытып, әр азаматтың өзі аңсаған мамандық бойынша жұмысқа орналасуына септігін тигізуде. Осы орайда қазақ ағартушысы, лингвист, әдебиеттанушы, ақын, публицист, аудармашы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деген орамды сөзі ойға түседі. Яғни мемлекетіміз бүгін оқытып, тоқытып, жұмыспен қамтыған жастарымыз ертең ел болашағы үшін өлшеусіз үлес қосарына сенеміз.

Жанай-Керім ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77