Біздің Қостанай Спорт

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында алыш белбеу күресінен балуандар боз кілемде белдеседі

Бұл ұлы шараға әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар өз өнерлерін паш етуде. Солардың қатарында қостанайлық балуан Әділет Жаңбыршы да бар. Ол алыш белбеу күресінен жарысқа қатысып, өзінің шеберлігі мен күш-қуатын көрсетуге дайын.

Қостанайдың дарындары арасынан ерекше көзге түскен Әділет күрес өнеріне деген махаббатын, күш-қуатын, шыдамдылығын сан мәрте дәлелдеді. Оның әр қимылы мен тәсілі – қазақтың бай спорттық дәстүрінің бір бөлшегі, жаттығулар мен жарыстардағы тәжірибесі – оның өнерін шыңдай түсті. Әділет Елікұлының осы шараға қатысуы спорттық жеңістер мен мәдени жетістіктердің жалғасы болары сөзсіз.

Қыркүйектің 11-і күні Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында әр елдің балуандары бақ сынап, боз кілемде белдеседі. Алыш белбеу күресі бойынша, 80 келі салмақ дәрежесінде Әділет Жаңбыршын сайыста жақсы нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз. Осыдан екі, үш күн бұрын ғана сайыс алдында оқу-жаттығу дайындығы жүрген еді. Енді, міне осы қызу дайындықтың жемісін көру Әділет үшін маңызды.

– Алыш белбеу күресімен 2017 жылдан бастап айналысып келемін. Мен үшін бұл сайыс – жай ғана күрес емес, үлкен сынақ, әрі өз елімнің абыройын асқақтатуға мүмкіндік. Алыш белбеу күресі – бабалардан мұра болып қалған өнер, ал менің міндетім – сол мұраны сақтап, ары қарай жалғастыру. 11-ші қыркүйек күні өтетін бұл жарысқа үлкен дайындықпен келдім. Менің үмітім – тек жеңіске жетіп, туымды биікке көтеру ғана емес, осы күрестің мәнін әлемге таныту, рухани күшіміздің қаншалықты биік екенін көрсету. Бойымда намыс барда, маған ешқандай кедергі жоқ. Тек жеңіс жолында батылдықпен күресемін, ал қалғанын алаңның өзі көрсетеді, – дейді Әділет Елікұлы.

Жаңбыршы Әділет – алыш белбеу күресінде өз орнын қалыптастырып үлгерген дарынды спортшы. Ол жас кезінен бастап ұлттық күрес түрлеріне қызығушылық танытып, алаңда жанкештілікпен жаттығулар жасап, көп еңбек сіңірді. Оның күреске деген сүйіспеншілігі мен таланты оны еліміздегі белді спортшылар қатарына қосып, халықаралық деңгейде де таныла бастады.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77