Біздің Қостанай Социум

Дәстүр мен шоу: тойдағы қойылым – дәстүрдің жаңа келбеті

Қазақ халқы үшін үйлену тойы – тек мереке емес, ғасырлардан келе жатқан дәстүрлердің жалғасы. Бүгінде той мәдениетінде жаңа үрдіс пайда болды

Қыз ұзатып, келін түсіру, беташар сияқты салт-жоралғылар соңғы жылдары жаңа форматта көрініс табуда. Ұзатылар бойжеткенді немесе жаңа түскен келінді ортаға ерекше қойылыммен алып шығу кең тараған үрдіске айналды. Бұл – қазіргі тойлардың сәніне айналған көрініс. Осындай көрнекі қойылымдарды ұйымдастырып жүрген ұжымдардың бірі – «Інжу» ансамблі.

Хореографиялық топ 2017 жылдың басында құрылған. Осы уақыт ішінде өнерпаздар қазақтың ұлттық билерін және өзге халық билерін де сахнада орындап, концерттер мен мәдени іс-шараларда да, той-мерекелерде де көрерменге ерекше әсер сыйлап келеді.

«Інжу» би тобының жетекшісі – хореограф Мадина Нұрлқанқызы Абуева. Ол Қостанай жоғары педагогикалық оқу орнын тәмамдап, әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық көркем шығармашылық мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде Мадина ханым өнерпаз ұжымның репертуарын қалыптастырып, ұлттық би өнерін дамытуға өз үлесін қосып келеді.

– Келер жылы бізге 10 жыл толады. Қазіргі таңда ансамбль құрамында 10-ға жуық биші бар. Олардың жасы негізінен 18 бен 25 жас аралығында. Барлығы да кәсіби дайындықтан өткен, сахна тәжірибесін меңгерген жас қыздар, – дейді Мадина Абуева. – «Інжу» атауы інжу-маржан сөзінен шыққан, оның өте бағалы екені баршаға мәлім. Бұл атау қазақ қыздарының нәзік қимылдары арқылы ұлттық бидің әсемдігін інжудей жарқыратып көрсету мақсатында таңдалды.

Шығармашылық ұжымының ерекшелігі – дәстүр мен заманауи өнерді үйлестіре білуінде. Бишілер тойларда, беташар, сыңсу, қыз ұзату сияқты салт-жоралғыларды жаңа форматта ұсынады. Мәселен, қалыңдықты ортаға шығару «аққу қанаттары» бейнесіндегі көрініспен көркемделеді. Ал беташар рәсімі шаңырақпен бейнесіндегі сахналық сәтпен толықтырылады.

Мұндай тәсіл рәсімнің көркемдігін арттырып, қонақтарға әсерлі көңіл-күй сыйлайды. Той иелері есте қаларлық қойылымдарды қалайды. Кейбірі өз ұсыныстарын айтып жатады, ал кей жағдайда біз толық бағдарламаны ұсынамыз. Әр тойдың өзіндік ерекшелігі бар, – дейді хореографиялық жетекші.
Ұжымның ұсынар қызметі тек беташармен шектелмейді. Репертуарында қыз ұзату, сыңсу, түсаукесер, шілдехана сияқты түрлі салт-жоралғыларға арналған арнайы бағдарламалар да бар.

– Біз әр қойылымда қазақтың салт-дәстүрінің маңызын сақтай отырып, оны көрерменге әсерлі, айрықша жеткізуге тырысамыз. Өйткені бүгінгі жастар көрнекілікке, креативті форматқа қызығады. Сол арқылы олардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға болады. Ал заманауи элементтермен үйлестірілгенде, ол қайта жаңғырып, жаңа өмірге ие болады, – деп есептейді Мадина Абуева.

Сахна сәні – тынымсыз еңбектің жемісі

«Інжу» шоу-балеті ұлттық салт-дәстүрге қатысты бағдарламалармен қатар түрлі бағыттағы көркемдік билерді де орындайды. Өнер қоржынында қазақ, өзбек, үнді және шығыс билері бар. Кейбір қойылымдар LED-шоу элементтерімен толықтырылып, көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Сонымен қатар мерекелік кештерде қонақтарды би алаңына тартатын интерактивті нөмірлер топтамасы да ұйымдастырылады.

– Қазіргі таңда той мәдениетінің өзгеруі – уақыт талабы. Бүгінде мұндай шоу-балеттердің көбейіп келе жатқаны байқалады. Бұл, бір жағынан, ұлттық өнерге деген қызығушылықтың артуымен байланысты болса, екінші жағынан той-мерекелерде ерекше әрі көркем бағдарламаларға сұраныстың артуын көрсетеді, – дейді.

Ұжым жұмысының тағы бір маңызды ерекшелігі – сахналық киім үлгісіне қойылатын талап. «Інжудің» барлық қойылымдары ұлттық әдеп пен көркемдік талғамға сай дайындалады. Бишілер қандай бағыттағы би орындаса да, ашық киімдерге жол берілмейді.

– Біз үшін сахна мәдениеті мен ұлттық тәрбие өте маңызды. Сондықтан биші қыздар тек жабық, етегі ұзын костюмдермен өнер көрсетеді. Тіпті үнді немесе шығыс билерін орындағанда да осы ұстанымнан айнымаймыз. Бұл – біздің саналы таңдауымыз. Себебі біз тек би билеп қана қоймай, сыртқы бейне, іс-қимыл арқылы көрерменге тәрбие мен мәдениетті де қатар жеткізуге тырысамыз, – дейді ансамбльдің жетекшісі.

Оның айтуынша, әрбір қойылымның артында ұзақ дайындық пен жүйелі жоспар жатыр. Ұжымды ұйымдастыру, бишілердің кәсіби дамуына жағдай жасау, тұрақты дайындықтар өткізу және әр қойылымның сапасын бақылау – жетекшінің күнделікті міндеті. Сонымен қатар әрбір тойға, беташарға, қыз ұзату немесе мерейтойға арналған сценарийді жеке дайындап, сахналық элементтерді үйлестіру қажет.

– Шоу-балетті басқару – үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап ететін жұмыс. Көрермен көбіне дайын нәтижені ғана көреді. Ал оның артында костюмдерді дайындау, реквизиттерді әзірлеу, ауыр жабдықтарды тасымалдау сияқты үлкен еңбек бар. Бұл жұмыстардың басым бөлігі сахна сыртында атқарылғанымен, дәл осы дайындық көрерменге ұсынылатын қойылымның сапасын айқындайды, – дейді Мадина Абуева.

Алдағы уақытта «Інжу» шоу-балеті шығармашылық бағытта дамуын жалғастырып, ұлттық би өнерін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Ұжым қазақтың дәстүрлі билерін сақтай отырып, оларды заманауи сахналық элементтермен үйлестіріп, көрерменге ерекше әсер сыйлайтын жаңа қойылымдар дайындауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар кәсіби деңгейін арттыру, шығармашылық қорды жаңа туындылармен толықтыру – басты бағыттардың бірі болып қала береді. Болашақта түрлі мәдени іс-шаралар мен концерттерге қатысып, ұлттық өнердің әсемдігін көпшілікке таныстыру да жоспарланған.
Жалпы, «Інжу» шоу-балетінің басты мақсаты – қазақтың ұлттық би өнерін дамытып, оның сұлулығы мен көркемдігін көрермен жүрегіне жеткізу.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттер жеке мұрағаттан


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77