Біздің Қостанай Культура

Даңқты жерлесіміз, көрнекті композитор Әбілахат Еспаев жайлы толғаныс

Өткен жыл қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғалардың мерейтойларына толы болды.

Олардың есімдері ұлықталып, есте қаларлықтай тағылымдық-танымдық рухани кештер ұйымдастырылды. Солардың бірі әрі бірегейі – композитор Әбілахат Еспаев. Артында өлмес туындылар қалдырған өнер қайраткерінің жүректі қозғар өміршең әндері халықтың жадында мәңгілік сақталары ақиқат.

Ыбырай Алтынсариннің аталас туысы

Дархан мінезді Әбекең 1925 жылы 25 қарашада Қостанай облысы Қостанай ауданының Қонай ауылында дүниеге келген. Кейбір нақты дерек көздеріне қарағанда оның әкесі Смағұл өз заманының жан сарайы кең, руханиятқа, білім мен өнерді жоғары қойған кісі. Ал аяулы анасы Злиха апамыз да өз ортасының көркі, яғни домбыраны күмбірлете шертіп, қазақтың құлақтан кіріп бойды алар әсем әндерін шеберлікпен орындайтын.

Міне, осындай ата-анадан тәрбие алған зерек ұл бала қандай болып өсетіні белгілі емес пе? Сонау нәубет жылдары қуғынға ұшыраған отағасы амалсыздан қазағы қалың Жамбыл облысының Мерке ауданына қоныс аударуға тура келді. Сол бір қиын-қыстау кезеңде жұқпалы сүзек ауруынан қаншама қандастарымыз зардап шекті. Шаңырақтың алтын діңгегі Злиха сол ауыр дертке ұшырап, төрт баласымен бір күнде қайтыс болыпты. Бұл қайғы әрине, отағасы Смағұл ағаға жеңіл соқпағаны сөзсіз.

Қарап отыратын уақыт па? Жалғыз баласы Әбілахаттан айырылып қалмауды ойлап, сол өңірдегі Шу ауданының Алға елді мекеніне орналасады. Смағұл ер азамат емес пе? Аталған жердегі Мәриям есімді қазақ қызымен тағдырын қосты. Ол өте құдайға қараған жан болып шықты. Өгейлігін көрсетпей мұны буырына басты. Аналық мейірімін төгіп, өз қатарынан қалдырмай өсірді.

Әбілахат Смағұлұлының өнерге деген құштарлығы мен зейіні мектеп қабырғасында жүргенде айқын сезілді. Оның тұңғыш «Туған ел» деп аталатын әні 17 жасында білім ордасындағы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Сапақовтың өлеңіне жазылған. Аталмыш тұңғыш туындыдан-ақ оның бойындағы сазгерлік табиғи дарын бірден байқалды.

өз еркімен майданға Аттанды

Сонау толарсақтан саз кешкен Ұлы Отан соғысы жылдары ауылдағы баскөтерер азаматтардың бәрі де қанды шайқасқа аттанды. Ол да мектепті аяқтасымен өз өтініші бойынша майданға жіберілді. Жан алысып, жан беріскен Днепр бойындағы нағыз шайқастың ортасына келіп түседі. Дарынды ағамыз бұл ұмытылмас шақты да жылдар өте өз шығармасына арқау етті. Ұлтымыздың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовтің сөзіне «Днепр туралы жыр» деген тыңдаушысын елең еткізген ән дүниеге келді.

Ол от пен оқтың бел ортасында жүргенде темірдей тәртіпке тез бейімделіп, ұлтымыздың қайсар жігітіне тән қасиеттерін жарқырата көрсетті. Кескілескен шайқаста ауыр жарақат алса да, қиындыққа мойымады. Командирлер мұның батылдығын дер кезінде бағалап, оның болашағы жарқын екендігіне көздері әбден жетті. Сөйтіп, алғыр бозбаланы Кеңес Одағы қорғаныс министрлігі Ресейдң Могилев шаһарындағы әскери училищеге оқуға жолдама берді.

Жаңа ортада да зеректігімен тез танылды. Білікті офицерлер дайындайтын оқу орнын үздік аяқтады. Өзіне үлкен сенім артылған соң Кавказ аймақтық әсакери академиясында жастарды тәрбиелеп, оқытушылық қызмет атқарды.

Елдегі әкесі үкілі үміті, жалғыз перзентін қайтарып алу мақсатымен И.В.Сталинге хат жазды. Әйтеуір, тілегі орындалып, туған жерге біржола оралды. Бұл 1948 жыл болатын.

Содан 23 жасар қылшылдаған жас жігіт көп ойланып жатпастан Шу ауданына қарасты Төле би ауылындағы мектептегі оқушыларға әскери дайындық пәнінен сабақ беріп, оларды шымырлыққа, ептілікке баулыды.

Жалпы, Есетовтер әулетіне Әулиеата өңірі құтты болды. Жергілікті ағайындар мен туған-туыстардай етене араласып кетті деуге болады. Айтулы композитор өзі дәріс оқитын білім ордасында Алматыдағы ең іргелі оқу орындарының бірі Қазақ педагогикалық институтының түлегі, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Назым Сарымолдаевамен көңілдері жарасып, отау көтерді.

Екеуі бақытты ғұмыр кешті. Күнделікті тіршілікте бірін-бірі толықтырды. Композитордың жары болуы да оңай емес. Өйткені өнер адамы үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сәтті дүниенің шығуы құдай берген дарынмен қатар көңіл-күйге де байланысты екендігін шығармашылықты серік еткен үлкенді-кішілі қауым жақсы білсе керек. Назым апамыз мұны дұрыс түсінді. Сондықтан күйеуінің алаңсыз әрі жемісті жұмыс істеуіне қолдан келгеннің бәрін де жасады.

Қос аққудай ынтымақтары жарасқан Әбілахат пен Назымның отбасында Сейітжан, Болат, Гүлмира, Гүлсім және Кәукен есімді балалар туылып, шаңырақтың бақытын шалқытты.

Мен ағамыздың алақанына салып, гүлдей аялап өсірген қос қарлығашы Гүлмира және Гүлсім есімді бауырларымызды Қостанайда көріп, олардың асыл әкелерінің жұрт біле бермейтін қырлары мен сырлары жайлы естеліктерін өз құлағыммен естіп, үлкен әсер алдым.

Жастайынан ән мен өнерге ғашық болып ер жеткен сазгер 1951 жылы Алматыға табан тірейді. Қазақстанда сол кездегі жетекші білім ордасы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінің студенті атанды. Кейіпкеріміздің жалпы руханиятқа, оның ішінде өткен тарихымызға деген ерекше қызығушылығы содан да болса керек.

Әлемдегі ең көркем шаһар мен мәдени орта талапты жанға айрықша шабыт беріп, қаншама қалың жұртшылықтың жүрек қылын шертетін әндер бірінен кейін бірі жазылып, композитордың атақ-даңқын асқақтатты. Қазақ еліне есімдері жете таныс ақындар және күміс көмей, жаз таңдай әншілермен тығыз байланыс орнатты.

Оның туындыларына лайықты бағасын беріп, шынайы тілектес болған композиторлар да аз емес-ті. Мәселен, сол артта қалған жылдары қазақ халқы жарқын дарынын аса қадірлейтін Латиф Хамиди бұған: «Жігітім, сіз өте дарындысыз. Сізге бәрін қойып, ән жазумен ғана айналысу керек» депті. Бұл талант иесінің ерекше қабілетін көре білген әрі шын мәнінде жанашырлық сөз еді.

Көрнекті тұлғаның пікірі өзіне үлкен ой салған болар. Уақытты созбай, ол Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның композиторлық бөліміндегі Василий Великановтың сыныбына қабылданды. Алайда бұл оқу орнын да белгілі бір себептермен толық аяқтай алмады. Отбасылы болғандықтан, қалалық жерде тұру да оңай емес. Сондықтан Қазақ радиосында қызмет жолын бастады.

Бұл жөнінде «Сағындым Алматымды» әнінің сөзін жазған аса талантты ақын Серікбай Оспанов тереңірек әңгімелеп беруге әркез дайын.

Оның артында қалған рухани мұрасы болып табылатын әндерінің құлаққа жағымды, үйренуге ұғымды, ұлттық бояуы қанық дүниелер. Туындыларының өміршеңдігі де содан шығар.

Шығармаларының шығу тарихы да кімге болсын ғибрат боларлық. Алысқа бармай-ақ, мектеп табалдырығын имене аттаған баладан бастап, қадірменді қарттарға дейін жатқа білетін «Ұстазым менің, ұстазым» әнін алайықшы. Өткен ғасырдың алпысыншы жылы Алматыда өтетін мұғалімдердің республикалық конференциясына ұстаздар жөнінде әсерлі де өзіндік айтары бар әннің қажеттігі туды. Сонда ұлтымыздың сүйікті әншісі, Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова: «Мұндай әнді Әбілахат Еспаев қана жаза алатындығын» айтыпты. Таңдау өзіне түскендігін жете түсінген композитор ұзақ толғаныстан кейін алдымен әуен туады. Содан айтулы ақын Аманжол Шәмкеновке қолқа салып, ол мәтінді созбай жазып береді.

Міне, бұл әні мен сөзі әдемі үйлескен туынды арада қаншама жылдар өтсе де маңызын жойған жоқ. Өміршең ән халықтың жүрегінде сақталып қалды. Қазақ радиосының алтын қорына енген қайсы шығарма болсын, тыңдарманның көңілінен шықты. Ұлтымыздың қандай той-томалағы, салтанаты болсын оның туындыларынсыз өтпейді десек, қателеспеген болар едік.

Оқырман жадында қалған «Қайдасыңдар, достарым?», «Шофер келді қырманға», «Өзіңде жігіт, қызықсың», «Қыз әзілі», «Маржан қыз», «Әлі есімде», «Ақсәуле», «Аққуым», «Қыз қуу», «Жайық қызы», «Жылқышы әні», «Торғай толғауы», «Солдат сәлемі», «Тобыл толқыны», «Сағыныш екен бала кез» және басқа да әндерді кім білмейді?

Ол балалардың ұғымына жеңіл бірқатар шығармалардың да авторы екендігін білеміз. Бұл орайда «Ойлан, тап», «Құлыншақ», «Ортеке» әндерін тілге тиек етсек те жеткілікті.

Тамаша сазды да сырлы әуендермен жүректерді жаулаған композитор сахнаға қойылатын драмалық шығармаларға әр беріп, көркемдік көкжиегін кеңейткен. Бұл ретте Әбілахат Смағұлұлы Садықбек Адамбековтің «Күн мен көлеңке», Иса Байзақовтың «Ақбөпе», Әбділдә Тәжібаевтың «Той болады», Бейімбет Майлиннің «Шұға», Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі» спектакльдерінің музыкалық жағынан өте тартымды шығуына өзінің тікелей ықпалын тигізді.

Осы арада ағамыздың қазақтың ұлы ақыны, жыр гомері атанған Жамбыл Жабаевтың өлеңіне жазылған «Одағым – бақыт ордасы» әні 1973 жылы кешегі Кеңес Одағының аса танымал сазгерлер қатысқан Бүкілодақтық ән байқауында жұлдызы жанып, екінші орынды иеленгені де барша әріптестерінің жадында болар-ау.

Ерекше атап өтер жай, даңқты мәдениет қайраткерінің жарқын талантын танытқан туындылары тек өз республикамызда танылып қана қойған жоқ. Тіпті, әндері өзге мемлекеттердің сахналарында орындалып, ұлтымыздың абыройын барынша асқақтатты.

Сөзіміздің нақты дәлелі ретінде, «Маржан қыз» әні талғамы жоғары Үндістан және Жапонияда да шырқалып, көрермендердің құрметіне бөленді. Ол ән әлемінде өзіндік орны ерекше көп қырлы жан. Музыканың түрлі жанрларында дараланған тұлға. Мысалы, Абай Құнанбаевтың өлеңінен туындаған «Өзгеге көңілім толарсың», «Мен сәлем жазамын», «Ән романстары» бөлек әңгіме етерліктей. Кезінде бұларды жұртшылық өте жылы қабылдады.

Шәмшімен достығы жарасқан

Бүгін әңгімеміздің өзегіне айналған ғажайып жан бір мақсат, бір мүдде жолында аянбай маңдай терлерін төккен өзге де композиторлармен сыйласып, дәмдес болды. Сыры да, жыры да бір еді. Әбілахаттың шежіредегі шын аты Гәбділахат екен. Ол қайталанбас тұлғалар халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев және қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтармен тығыз қарым-қатынаста еді. Нұрекең өзімен түйдей құрдас-ты. Ал Шәкеңнің одан бес жас кішілігі бар.

Өнердегі достар Әбілахат пен Назымның кең жайылған дастарханында жиі кездесіп, өнер, өмір хақында шынайы да бүкпесіз пікірлескенді жандары сүйетін. Ол шақтағы адамдар руға, жүзге бөлу дегенді мүлдем білмейтін. Құрдастар мен сырластардың басын біріктіріп, түйістірер киелі құдіреті ән әлемі мен қазақ өнері-тін.

Олар бір-бірінің жаңа әндері дүниеге келсе, кәдімгі балаша қуанып, тілектес болып жататын. Қарап отырсақ, ол да бір қайтып келмес бір қызық дәурен екен ғой. Композитор достар бір-бірін көтермелеп сөйлеп, қажет кезінде еркелете де білетін. Кейбір сенімді дерек көздеріне сүйенсек, Шәкең Әбекеңді «Ахат» десе, бұл Шәмшіні «Жәмшид» деп атапты. Қандай жарасымдылық десеңізші!

Даңқты сазгерді өзгелерден дараландыратын бір қыры ол – қазақ частушкаларының танымал авторы екендігі. Бұл дүниелердің жанры орысша болып естілсе де, табиғатынан ұлттық қадір қаситі, қанық бояуы бірден сезіліп тұратын.

Артында өшпес мұра қалдырған тұлғаның «Аққуым» әндер жинағы 1975 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Оған дарынын ел мойындаған 40 әні еніпті.

Ағамыз туған жері Қостанай жайлы балаларына әрдайым ерекше бір сағынышпен айтып отыратын. Балалық шақтың аз да болса ізі қалған қасиетті өңірге арнап, «Толқиды Тобыл» деген әні де туды. Оның сөзін белгілі ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбеков.

Біз білмейтін кейбір қырларына келсек, өзі екі тілге де бірдей жүйрік-ті. Өзі туралы әсірелеп мақтағанға жаны қас еді. Өте мәдениетті кісі-тін. Орынсыз сөйлегенді ұнатпайтын. Перзенттердің тәрбиесіне көп көңіл бөлді.

Жүрекпен жазылған өміршең әндерін Роза Бағланова, Роза Жаманова, Нұрғали Нүсіпжанов, ағайынды Абдуллиндер, Ескндір Хасанғалиев үлкен сахнада шеберлікпен орындады.

Өткен жылы ғасырлық тойына байланысты аталас туысы болып келетін Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық мемориалдық мұражайында «Ұстазым менің, ұстазым» атты танымдық саздық кеш ұйымдастырылды. Оны ғылыми қызметкер, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Шынар Досмағамбетова өткізді.

Рухани нәр берер айтулы жиында Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов, көрнекті ақындар Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет және зиялы қауым өкілдері сазгердің өмірі мен шығармашылығы туралы ғибратты естеліктер айтты. Кеште сазгердің «Ұстазым менің, ұстазым», «Әлі есімде», «Толқиды тобыл», «Ақсәуле», «Ортеке» әндері шырқалды.

Алматыдан арнайы келген Әбілахат Смағұлұлының қос қыздары Гүлмира мен Гүлсім әкелері хақында ақтарыла сөйлеп, музейге композитордың кезінде қолданған құнды заттарын және музыкаға байланысты жазбаларын тарту етті.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет музейден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77