«Қостанай-Су» мекемесінің білікті маманы Нұрлан Исмаилов жайында
Білектің күшімен қара жұмыспен айналысудың жөні бір бөлек болса, техниканың тілін біліп, бір мекемеде көптеген жылдар қатарынан табан аудармай қызмет етудің жөні тым болек. Менің бүгінгі кейіпкерім экскаватор жүргізушісі Нұрлан Исмаилов. Ол бала кезден техниканың құлағында ойнап өскен. Олай деуіміздің де өзіндік себебі бар. 1976 жылы Әулиекөл ауданына қарасты Целинный ауылында дүниеге келген Нұрлан Ирболсынұлы мехнизатор болып жұмыс істеген әкесінің соңынан бір елі қалмай, күнделікті жұмысына бірге барғанын айтады. Кейін уақыт өте «Әке көрген, оқ жонар» демекші, әкесінің қасына механизатор болып жұмысқа орналасады.
Отбасында үш ағайында. Өзінен үлкен ағасы мен апасы бар. Бұл үйдің кенжесі болғандықтан ата-анасының еркесі де болған көрінеді. Әкесі де кенже ұлын қасынан қалдырмай өзінің білгенін үйретуден жалықпаған.
– Ата-анам өте еңбекқор жандар. Анам Мариям дәріханада жұмыс істеді. Әкем болса есімізді білгеннен қырманда механизатор болды. Маған әрдайым әкемнің жұмысы қызық көрінетін. Сондықтан кішкентайымнан оның ортынан еріп көп жүрдім. Техникаға жақын болдым. Шыны керек, мен еш жерде техниканың оқуын оқыған емеспін. Сол бала кезімде әкемнен үйренгенімді қазір өмірлік кәсіп етіп келемін, – дейді ол.
Нұрлан Ирболсынұлының Қостанай қаласы әкімдігінің «Қостанай-Су» мемлекеттік коммуналдың кәсіпорында экскаватор жүргізушісі ретінде қызмет етіп келе жатқанына биыл 10 жылдың жүзі болып отыр. Осы уақыт ішінде ол көп тәжірибе жинап, күнделікті жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап келе жатқанын айтады.
– Менің жұмысым өте жауапты деп білемін. Әсіресе, жер қазған кезде коммуникациялық сымдарды үзіп алмау қажет. Ол үшін жерді қанша метр тереңдікте қазатынымды айқын білгенім жөн. Сонымен қатар көліктің маңайында адамның болмауында жіті қадағалауымда ұстаймын. Шыны керек, қандай істі болмасын уақытында дер кезінде орындауға тырысып жатамыз. Сондай асығыстық жасаған кездері көптеген қателіктер орын алуы мүмкін. Бұл жұмыстардың бәрі тәжірибеге байланысты. Осы уақыт ішінде көп тәжірибе жинадым деп айта аламын. Сондықтан жұмыс барысында ешнәрсеге алаңдамай, әр істі жауапкершілікпен тындыруға тырысамын, – дейді білікті маман Нұрлан Исмаилов.
Бүгінде бір мекемеде адыройлы еңбек етіп, сол жердің игілігі үшін барын салып жүрген білікті маманға басшылары да дән риза. «Қостанай-су» мекемесіне хабарласып, «Еңбек адамы» айдарына беделді бір қызметкерлерін беруді сұрағанымда көп ойланбастан, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын, жауапкершілігі мол Нұрлан Ирболсынұлын ұсынды. Бұл әрине, менің кейіпкерімнің еңбекқор, қай іске болмасын жең түре кірісіп кететін жан екенін көрсетсе керек.
Жұмысында беделді Нұрлан Ирболсынұлы бір шаңырақтың иесі. Балқадиша есімді жары, Данияр және Алдияр деген асықтай ұлдары бар. Данияры бүгінде жоғары оқу орнын бітіріп, инженер-электрик болып қызмет етіп жүр. Ал екінші ұлы Алдияр болса, жоғары оқу орнында спорт мамандығы бойынша білім алуда. Болашақта танымал споршы болсам деген ойы да бар.
Еңбек еткен адамның қор болмайтыны белгілі. Бүгінде өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында бел жазбай еңбек етіп, бір ұжымның мақтанышына айналып отырған Нұрлан Исмаилов сынды жандардың саны арта берсе нұр үстіне нұр болар еді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77