Біздің Қостанай

Еңбек адамы: Бала жанының бағбаны

Тәжірибелі тәрбиеші бүлдіршіндердің ойын айтпаса да біліп тұрады

Бүгінде бала жанының бағбанына айналған №9 бөбекжай бала бақшасының тәрбиешісі Ольга Зембаның 26 жылдық тәжірибесі бар білікті маман.

Ол Қостанай қаласында туып өскен. №14 орта мектепте 8 сыныпты аяқтағаннан кейін қаламыздағы сол кездегі педагогикалық училищені тәмамдайды. Қолына диплом алған жас маман еңбек жолын №2 бала бақшада бастайды. Осында жұмыс істеп жүріп, тұрмыс құрып, кейін бала күтімімен үйде отырады.

1995 жылдан бастап облыс орталығындағы №9 бөбекжай бала бақшасында қызмет етіп келеді. Бүгінде оның тәрбиеші болып жұмыс істеп жүргеніне 26 жыл толып отыр.

-Көп жылдар қатарынан бір жерде қызмет етіп келемін. Бұл бала бақшада менің ұлым Александр тәрбиеленген еді. Енді міне немерелерін Лера мен Арина да осында келіп жүр. Тәрбиешілік мамандықтың мен үшін еш қиындығы жоқ. Өйткені, бұл кәсіпті өзім таңдап алдым. Сондықтан күнделікті жұмысымнан ешқашан шаршаған емеспін,-дейді.

Бүгінде №9 бөбекжай бала бақшасының 4-5 жас аралығындағы балаларға арналған «Умники» деп аталатын тобының тәрбиешісі. Балалардың тілін тауып, оларды ойната отырып, дамытуды басты назарда ұстайды. Оларға түрлі қызықты ойындар ойнатып, бір-біріне бауыр басып, достасып кетулеріне көмектеседі.

-Бүлдіршіндердің тілін табу оңай емес. Ол үшін баламен көп жыл жұмыс істеу қажет. Мен жылда жаңа топ аламын. Мұнда келетін балаларда бір-бірін бұрын-соңды көрмеген. Бір-біріне үйренбеген. Сондықтан олардың бір-біріне жақын болып, достасып кетуіне бірінші кезекте тәрбиешінің қосар үлесі зор.

Алғашында балалар маған үйренеді, мен де олардың мінезін түсіне бастаймын. Балғындардың мінездері сан түрлі. Әрқайсысын сыртынан бақылап отырып, олармен қалай тіл табысуға болатынын қараймын. Уақыт өте мен оларға, олар маған бауыр баса бастайды. Бір-бірімен ажырамас досқа айналады. Бір күн біреуі келмей қалса соны барлығы іздеп отырады. Бұл балалар арасанда айнымас достықтың орнағанын білдіреді.

Сондай-ақ күнделікті балғындарға қызықты ойындарды көптеп ойнатуға тырысамын. Бұл ойындар арқылы олардың ойлау деңгейін көтеремін. Жан-жақты дамытамын. Бұл жерде олар ойларын еркін жеткізуді үйренеді.

Бала тәрбиесінде ешқандай ерекшелік қажет емес. Оларға қарапайым тәрбие беріп отырып, білікті де білімді етіп тәрбиелеп шығаруға болады. Мен көп жылғы тәжірибемде бір түсінгенім баланы дұрыс сөйлеуге, тазалықты сақтауға, өзінің ойыншақтарын жинауға яғни ұқыпты болуға үйрету қажет. Бала бақшада берілетін бұл тәрбиені ол өскен кезде ешқандай университеттер бермейді. Сондықтан бүлдіршіндердің бала бақшада дұрыс тәрбие алуы маңызды, – дейді.

Бір жерде көптеген жылдар бойы табан аудармай қызмет етіп келе жатқан Ольга Зембаны нағыз «Еңбек адамы» десек жарасады. Ол ешқашан үйде қол қусырып отырмағанын айтады. Күнделікті жұмысына үйде дайындалып, ертең бүлдіршіндермен қалай жұмыс жасайтынын жоспарлап отырады. Ең бастысы алдына келген бүлдіршіндердің жүздері бақыттан бал-бұл жанып жүрсе дейді. Оларды өз баласындай мәпелеп, кешке ата-анасы үйлеріне алып кеткенше жаны жай таппайды.

Осылайша оның саналы ғұмыры балғындарға тәлімді тәрбие берумен өтіп жатқанына қуанады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77