Біздің Қостанай

Еңбек адамы: Әдемі гүл шоқтарын жасаудың хас шебері

Көп жылдардан бері гүл сатумен айналысып келе жатқан Анна Тулегенова жайында

Әсемдік, әдемілік адамның көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттыра түсетіндей. Мысалы, нәзік жандылардың көңілін көкке көтеріп, үлкен бақыт сыйлайтын әсем гүл шоқтарын жасаудың өзі бір өнер десек қателеспеген болармыз. Менің бүгінгі кейіпкерім Анна Тулегенова 9 жылдан бері әсем гүл шоқтарын жасап келеді.

Федоров ауданы Воронеж ауылында дүниеге келген жаны әдемілікке құмар Анна Серікқызы осы ауылдың орта мектебін тәмамдайды. Оның анасы Наталья жергілікті бала бақшада аспазшы болған. Ал әкесі Серік өмірден ерте өтеді. Аннаның бала кезінде қайтыс болған әкесінің көлік жүргізушісі болғаны ғана есінде. Ата-анадан тәлімді тәрбие алған Анна 2000 жылы Қостанай қаласына тұрмысқа шығады. Юрий есімді азаматпен көңіл қосып, бір ұлдың анасы атанып, көп уақыт бала күтімімен үйде отырады. Кейін уақыт өте Қостанай ауданына қарасты Тобыл қаласының Прокуратурасында құжаттарды реттейтін бөлімде жұмыс істейді. Бұл жерде табан аудармастан 5 жыл еңбек етіп, кейін сол мекендегі гүл сататын дүңгіршектердің біріне гүл сатушы болып жұмысқа орналасады.

Бала кезден түрлі-түсті гүлге құмар арудың жұмыстың осы түріне ерекше қызығушылығы оянады. Әдемі гүлдерді күтіп баптауды жаны сүйеді.

-Гүл сатушы болып жұмысқа орналасқан бетімде бұл істің менің қолым екенін бірден түсіндім. Әсем гүлдерді суару, баптау маған қатты ұнайды. Сонымен қатар өз жұмысымды толық меңгеру мақсатында түрлі түсті гүлдерден әдемі гүл шоқтарын жасауды меңгере бастадым. Жасыратыны жоқ, бұл мәселеде мен көбінесе ғаламтордан көргенімді жасаймын. Онда неше түрлі гүл шоқтарын жасауды үйрететін бейнежазбалар бар. Соларды мұқият қарап отырып, гүл алуға келген жандарға ұсынып жатамын.

Міне, 4 жылдан астам уақыт Қостанай қаласындағы «Мир цветов» дүкенінде гүл сатумен айналысып келемін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Айлығым да көңілімнен шығады. Сондай-ақ тұрғындарға ерекше әсем де, әдемі гүл шоқтарын жасаймын. Гүлді ер азаматтар көп алады. Олар маған келіп, аналарына, әпкелеріне, қарындастарына, сүйікті жарларына арнап әдемі гүл шоғын дайындап беруімді өтінеді. Сол кездері гүл сатумен айналысқан 9 жылдық тәжірибем көмектеседі. Менің жасаған гүл шоқтарым олардың көңілдерінен шығып жатады. Жалпы, қарағанда көз тоймайтын гүл шоғын жасағанда оны сыйға алатын жанның жасын білу өте маңызды,-дейді кәсіби гүл сатушы.

Гүл әсемдіктің, сұлулықтың белгісі. Мерейлі мерекелер мен туған күндерді гүлсіз елестету мүмкін емес. Әсіресе, Аннаның айтуынша, гүл шоқтары 8 наурыз әйелдер мерекесінде көптеп сатылады екен. Сонымен қатар жай күндері туған күндерге байланысты сұраныста болады.

Бүгінде Аннаның сатып тұрған гүлдерінің ішінде раушан гүлінің бірнеше түрі бар. Олар Эквадордан әкелінген. Соныман қатар тюльпан, гортензия, орхидея сынды гүлдердің де түрлері көп. Гүлдің түрлері мен түстерінің маңыздылығы зор.

-Мен гүл сатумен айналысқан 9 жылдың ішінде гүлдердің түрлерін, олардың беретін мағынасын жақсы меңгердім. Мысалы, ер азамат келіп, анасына гүл сұраса, қыз-келіншектерге беретін гүлді емес, басқа ерекше гүл түрлерін ұсынып жатамын. Бұл жерде гүлдердің түстері де маңызды рөл атқарады. Бұл жағында назардан тыс қалдырмау керек,-дейді Анна Серікқызы.

Адамға ерекше көңіл-күй сыйлайтын бұл жұмыс бір қараған жанға оңай көрінуі мүмкін. Бірақ гүлдердің арасында көңілсіз болып тұруға болмайды. Міндетті түрде көңілді әуен тыңдап, гүлдерді аялап, баптау қажет. Бұл ретте Анна Серікқызының өзінің ұстанымы бар.

-Жұмыста көңіл-күйің көтеріңкі болуы керек. Сонымен қатар гүл сатушының мінезі де өзгеше болуы қажет. Бұл біреулер үшін күлкілі болар, бірақ шындық. Мінезі тұйық, әрдайым ашуланып, дөрекі мінез танытып жүретін жандардың гүл сатуға шыдамы жетпейді. Мұндай адамдар гүлдерді күте де алмайды. Сондықтан бұл жерде адамның мінезі ашық, әрдайым жоғары көңіл күйде жүретін болуы маңызды. Осыған байланысты мен де әрдайым көңілді жүруге тырысамын. Үйде, жақындарымның арасында келеңсіз жағдай болып қалып, көңіл-күйім түсіп жұмысқа келсемде, бойымды тез жинап, көңілді әуен қосып, барлық қиыншылықтарды, мәселелерді ұмытып, әдемі гүлдерді сатумен айналысамын. Гүлді сатып алатын жандар көп. Қазіргі кезде арнайы тапсырыс беретіндердің де саны артып келеді. Біздің дүкен гүлдерді тапсырыс бойынша мекен-жайға жеткізумен де айналысады. Сондай-ақ менің жасаған гүл шоқтарымды Ресей елінен де тапсырыс арқылы сатып алатындар да жеткілікті. Олар біздің тұрақты тапсырыс берушілеріміз. Оларға біздегі гүлдер қатты ұнайды. Өздеріне қымбат жандардың туған күндері жақындаған кезде Ресейден арнайы хабарласып, уақытын, мекен-жайын айтып тапсырыс беріп жатады,-дейді Анна.

Әрине, тәжірибелі маманның қолынан шыққан гүл шоқтары өзінше әдемі. Оның өзгеше тартымды етіп жасайтынына еріксіз таң қаласыз. Қолына алған іске бар ынта-ықыласымен кірісіп, оның нәтижелі болуына үлес қосатын еңбекқор жандар болады. Міне, менің бүгінгі кейіпкерім Анна да дәл осындай жан. Әрдайым өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, айналасындағыларға шыттық сыйлап келеді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77