Еңбекқорлығымен көпшілікке сыйлы болған Анатолий Рыбалка жайында
Бір жерде табан аудармай қызмет етіп, зор абыройға ие болған жандар қаншама. Солардың бірі «Восход» пәтер иелерінің тұтынушылар кооперативінде 46 жыл қатарынан слесарь-сантехник болып жұмыс істеп жүрген Анатолий Рыбалка жауапкершілігі мол жан.
Ол 1959 жылы Қостанай қаласында туып, №21 орта мектептің 8 сыныбын аяқтаған. Мектепті бітіргеннен кейін мамандандырылған училищеге оқуға түседі. Слесарь-сантехник мамандығын өз қалауымен таңдап алған. Қазір осы салада абыройлы қызмет етіп жүр.
Әкесі Григорий қолы шебер, ағаштан түйін түйген кісі, ал анасы Ольга болса, үйшаруашылығында бала тәрбиесімен айналысқан. Өздері 5 ағайында. 4 ұл, бір қыз. Бүгінде Анатолий Григоревичтің әпкесі ғана бар. Олар отбасымен араласып-құраласып тұрады.
Анатолий Григорьевич жылдар өткен сайын жұмысында мол тәжірибе жинақтағанын айтады.
-Бұл менің сүйікті ісім. Өзім жиі жұмыс ауыстыруды ұнатпайтын адаммын. Бір жерге жұмысқа тұрсам, сол орынның абыройын асыру жолында аянып қалмаймын. Бүгінде «Восход» кооперативінің қарамағында қызмет еткеніме көп жылдардың жүзі болды. Жұмысым оңай емес. Көп қабатты тұрғын үйлердің су құбырларын жөндеймін. Менің қарамағымда Дулатов көшесіндегі 89,91 және Пушкин көшесіндегі 90,92, 100-ші үйлер бар. Сонымен қатар Амангелді көшесіндегі бірнеше көп қабатты тұрғын үйлердің су құбырларын бақылаймын.
Бұл үйлердің су құбырларында ақау болса, уқытында жөндеу жұмыстарын жүргіземін. Қарамағымдағы үйлердің көбісінің құбырлары ескі, көп жылдардан бері ауыстырылмаған. Сондықтан жаз мезгілінде де, қыс уақытында да жарылып жатады. Осындай кездері оқиға орнына барып, тез арада жөндеу жұмыстарын атқарып, пәтер иелеріне ауыз су беруге асығамын,-дейді өз ісінің білгірі Анатолий Рыбалка.
Еңбегінің жемісін көріп отырған еңбекқор жан 46 жыл бір салады қызмет етіп, бірнеше марапаттарға да ие болған. 1983 жылы «Коммуналдық шаруашылық қызметінің үздігі» және 1986 жылы «Еңбек даңқы» марапаттары. Еңбексүйгіштігімен мол табысқа, сый-құрметке бөленген Анатолий Григорбьевич отбасында да бақытты. Сүйікті жары Любовь екеуі Ольга және Надежда есімді қыздарына тәлімді тәрбие беріп, олардың өмірден өз орындарын табуларына жол көрсеткен өнегелі жандар. Бүгінде бұл отбасының шаттығын немерелері асырып отыр.
-Немере балаңнан да тәтті. Оларды әрдайым ойлап, сағынып жүремін. Өкінішке орай, олар басқа елде өмір сүріп жатыр. Бірақ күніне бір рет хабарласып, дауыстарын естімесем көңілім көншімейді. Өйткені, сағынамын. Ата деген дауыстары құлағымнан кетпейді. Олар да мені және әжелерін қатты жақсы көреді.
Жалпы, мен жұмыста да отбасымда да бақытымды тапқан жанмын. Күнделікті міндетіме жауапкершілікпен қарасам, отбасыма сүйіспеншілік танытамын. Менің ойымша жұмыста да, отбасында да бір-бірімізге деген сыйластық қажет, – дейді тәжірибелі маман.
Иә, күнделікті еңбектен бақытын тапқан жанның ешқандай арманы болмас. Оның айлығы көп болмаса да күнкөрісіне жетеді. Ақшасы аз деп шағымданбайды. Тек қолынан келетін жұмысты дер кезінде жоғары сапада орындап, көпшіліктің алғысын алады. Алғыспен ер көгереді деген осы болар.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77