Біздің Қостанай

Еңбек адамы: Еңбек түбі береке

Әлеуметтік қызметкер Гүлнар Курпешева жайында

Қарапайым еңбек етіп, күнделікті напақасын тауып жүрген жандарды еңбек адамы демеуге болмайтын шығар. Менің бүгінгі кейіпкерімнің жұмысы оңай деп айта алмаймын. Ол күнделікті жауапкершілігі көп жұмысына бар ынта-шынтасымен кіріседі. Өйткені, отбасында алған тәрбиесі осындай.

Гүлнар Курпешева Меңдіқара ауданына қарасты Ақсуат ауылында 1974 жылы дүниеге келген. Әкесінің ұлты қазақ аты Сұлтанбек. Ал анасының ұлты орыс есімі Анна. Аралас отбасында 3 ұл, 1 қыз дүниеге келіп, тәлімді тәрбие алып шығады.

Гүлнар Сұлтанбекқызы өзі туған ауылда 8 жылдық мектепте білім алады. Кейін осы ауданға қарасты Каменск-Уральский ауылындағы меткеп-интернатты бітіреді. Білім ордасын аяқтағаннан кейін Рудный қаласындағы мемлекеттік педагогикалық колледжіне бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Бұл мамандықты да, ойдағыдай меңгеріп шыққан соң, тағдырдың айдауымен Ұзынкөл ауданының Қаратерек деген ауылының Айтмағанбет есімді азаматымен тұрмыс құрады. Сол ауылдың 8 жылдық меткебінде, білім ордасы жабылғанша 12 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі болып жұміс істейді. Кейін Ұзынкөл ауданының орталығына отбасымен көшіп, келіп мұндағы ерекше балаларға арналған мекемеде еңбек етеді. Осы жылдары психология мамандығын сырттай оқып, жоғары білім алады. Бала психологиясын зерттеп, олармен тез тіл табысуды өзіне мақсат етеді. Осы жолда 9 жыл абыройлы қызмет атқарады.

2014 жылы отбасымен Қостанай қаласына қоныс аударады. Шаһарға көшіп келген бетте өзіне лайықты жұмыс іздей бастайды. Сөйтіп, қалалық жұмыспен қамту орталығының көмегімен әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа орналасады.

Биыл оның мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп жүргеніне 7 жылдың жүзі болып отыр.

– Мен жұмысты ауыр, жеңіл деп таңдамаймын. Өзімнің оқыған мамандығын мұғалімдік те жеңіл жұмыс емес қой. Кейін психология бойынша білім алдым. Адамдармен тез тіл табысып, қиналған жандардың жандүниесін түсінуді үйрендім. Қазіргі істеп жүрген жұмысым маған еш қиындық тудырмайды. Таңертеңгі 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін мен қарамағымдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесемін. Олардың үйіне барып, тамақтандырамын, емханаға апарамын, дәрі-дәрмектерін әкелемін, далаға серуендетемін, сабақ оқитындары болса, үй тапсырмасына көмектесемін. Міне, осы жұмыстарды күнделікті тыңғылықты орындауға тырысамын. Маған артылған жауапкершілік мол. Бірінші кезекте мен мемлекет тарапынан барып отырған жұмыскер болғандықтан, жұмысымды адал атқаруға міндеттімін. Бұл жағынан осы уақыт ішінде ешкімнен шағым алып көрмеппін. Олар менің күнделікті жұмысыма тек ризашылықтарын білдіріп жатады, – дейді Гүлнар Курпешева.

Әрине, жұмысын дер кезінде, абыройлы атқаратын жанның көпшіліктің ризашылығына бөленетіні белгілі. Бұл ретте Гүлнар Сұлтанбекқызы өзіне артылған жауапкершілікке ерекше қарайды.

Бүгінде бастарына осындай тауқымет түскен отбасыларға көмектесіп отырған әлеуметтік қызметкер қарамағындағы мүмкіндігі шектеулі балалармен әңгіме-дүкен құрады. Олардың, ойын, арманын, мақсатын біліп отырады. Ата-анасына олардың ішкі жандүниесін жеткізуге тырысады.

– Маған мүмкіндігі шектеулі балалар өз ойларын айтады. Ата-анасына қиындық туғызып отырғандарын сезіп, қынжылатындарын да жасырмайды. Мен ондай кездері оларға еш қайғырудың қажеті жоқ екенін түсіндіремін. Мұндай жандарды моральдік тұрғыда да үнемі қолдап отыру керектігін де жақсы білемін дейді, – тәжірибелі әлеуметтік қызметкер.

Қатаң тағдырдың жазуымен, күндері мен түндері өкінішпен өтетін мүмкіндігі шектеулі жандардың жандүниесін ұғынып, қолынан келгенше жақсылық жасап жүрген Гүлнар Сұлтанбекқызы отбасының да ұйытқысы. Жанұясының жылу, жарығы, айналаға төгілген нұры мен мейірімі. Қызы мен ұлы Әмірхан мен Айымжанның аяулы анасы, ұлдан тараған Інжу, Хабидза, Асылымдардың ақ жаулықты асыл әжесі.

Аса жауапкершілікті талап ететін жұмысынан қолы босай қалса болды, осы алтын асықтай немерелеріне асығады. Қолындағы барын беріп, олардың шаттанып-күлгенін көріп бақытқа кенеледі.

Қарапайым еңбек етіп, бақытын тауып отырған осынау мейірімді жанның өмірі кез-келген жанға өнеге болса керек. Ол осы жұмыстан алатын жалақысы көп болмаса да шүкіршілік етеді. Сол қолына түсетін қаражатты үй ішінің қажетіне және немерелерінің бір шаттанып, қуанып қалуы үшін жұмсайды. Еңбек етуден шаршамайды. Тек қол қусырып, ешкімге керек болмай қалмасам болды деп ойлайды. Ол үшін жұмыстың жеңілі, ауыры жоқ. Қайда болса да, адамгершілікті бірінші орынға қойып, еңбегінің жемісін көрсем дейді. Міне, нағыз «Еңбек адамы» осындай болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77