Біздің Қостанай

Еңбек адамы: «Көлік жүргізуді бала кезден армандадым»

-дейді «Народное» таксиінің жүргізушісі Анастасия Десятова

Әйел заты қырық жанды деп жатамыз. Олардың қолынан келмейтін іс жоқ. Әсіресе қазіргі заманның әйелдері мүмкін еместі де жасайды десем қателеспеген болармын. Қазіргі таңда әйелдердің менің орным ошақ қасы, қазан басы деп үйде отырғанын кездестіру мүмкін емес болып кетті. Олардың барлығы дерлік ер адаммен қатар жұмыс істеп, табыс тауып жүр.

Менің кейіпкерім Анастасия Десятованың темір тұлпарды тізгіндегеніне 16 жылдың жүзі болыпты. Ол бүгінде қаламыздағы «Народное» такси мекемесінде жұмыс істейді. Жүргізуші куәлігін 2006 жылдың желтоқсан айында алған. Содан бері темір тұлпарды өмірлік серігіне айналдырған.

-Мен бала кезден темір тұлпарды тізгіндеуді армандағанмын. Кейін бой жетіп көлік жүргізе алатын жасқа жеткенде бала кезімдегі досымнан көлік жүргізуді үйретуін өтіндім. Ол менің өтінішімді жерде қалдырмай, темір тұлпарды тізгіндеуді үйретті.Сосын жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепті бітірдім. Қазір көлікті еркін басқарамын. Жолда жүру ережелерін де жақсы білемін,-дейді Анастасия Десятова.

Кейіпкерім 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап «Народное» такси мекемесінде жұмыс істеп келеді. Мұнда жұмысқа орналасқан жылдары мекеменің көлігімен жұмыс жасап, кейін 2019 жылы қазан айында өзі темір тұлпардың иесі атанады.

Жетісіне бір күн демалып, қалған күндері қостанайлықтарды бір жерден екінші жерге жеткізіп шапқылап жүтерін Анастасияға жұмысы қатты ұнайды. Әрдайым жоғары көңіл-күйде жүріп, көлігіне отырған жандармен де орынды қалжыңдасатынын айтады.
-Жұмыс барысында түрлі адамдармен кездесемін. Менің жұмысымда ең бастысы сыпайы болу. Кейбір адамдар көлікті тізгіндеп отырған әйел адам екенін біліп, қорқып, ойласып отыратынын байқаймын. Мұндай кездері мен оларға «қорықпаңыздар, менің 10 жылдан астам тәжірибем бар, әйел заты көлікті ер адамнан кем жүргізбейді» деп жүректерін орындарына түсіремін. Кей кездері менің көлік жүргізгеніме тәнті болып, өздерінің алғыстарын білдіріп, жұмысыма сәттілік тілеп жатады,-дейді такси жүргізушісі.

Ер адамдармен қатар көлік тізгіндеп, таңның атысынан түннің бір уағына дейін жұмыс істейтін Анастасия жылда 8 наурыз халықаралық әйелдер күнінде де жұмыс істейтінін айтады.

-Иә, мен жылда 8 наурыз халықаралық әйелдер күнінде жұмыс істеймін. Биыл да бұл күні жұмысқа шығамын. Осы мереке кезінде көлігіме отырған жолаушылар өздерінің таңданыстарын білдіріп жатады. Тіпті кейбір ер азаматтар баратын жеріне жеткізіп салған кезде жолақысын артығымен беріп, мерекеммен құттықтап, шынайы тілектерін білдіреді. Мен жұмыссыз қол қусырып отыруды білмеймін. Маған үнемі қозғалыс, қайнап жатқан өмір қажет. Темір тұлпарыма отырып алып, қала тұрғындарын баратын жеріне жеткізіп салып, олармен әңгіме-дүкен құрғанды жаным сүйеді,-дейді Анастасия.

Көлік жүргізу оңай жұмыс емес. Үлкен жауапкершілік пен тәжірибені талап етеді. Сондай-ақ жолдардың бәрі бірдей тақтайдай түзу емес. Жыл мезгіліне байланысты жолдың үсті көк мұз болып, адам өміріне қауіп төндіретін кездері де көп болады. Міне, осындай сәттерде ештеңеден қорықпай темір тұлпарды тізгіндеп, жолаушыларды таситын Анастасияның батылдығына еріксіз тәнті боласың.

Қызы Милана да анасын әрдайым қолдап жүреді. Анасы көлікке отырып, жұмысқа кеткенде бірнеше рет хабарласып, жолда сақ болуын айтып, қамқорлығын танытып жатады.

-Қызым менің үнемі көлікте жүретініме алаңдайды. Әсіресе, жол көктайғақ болып жатқанда, өзінің мен уайымдайтынын айтып, асықпай сақ жүруімді тапсырып жатады. Мен оның қолдауын үнемі сезінемін,-дейді такси жүргізушісі.

Темір тұлпар тізгіндеген нәзік жанды батыл да қайратты Анастасия Девятоваға әрдайым жолың болсын деген тілегімізді білдіреміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77