-дейді, «БК-Строй» құрылыс мекемесінің құрылысшысы Руслан Джамбау
Қысы жазы тоқтамайтын құрылыс саласына білікті де білімді мамандар қажет-ақ. Қандай да бір ғимараттың сапалы болуы оның ірге тасының дұрыс қалануына байланысты болса керек.
Бұл орайда құрылыс саласының білгірі атану үшін көп жылғы тәжірибе қажет. Менің бүгінгі кейіпкерім Руслан Джамбау құрылыс саласында 20 жылдың тәжірибесі бар білікті маман десем қателеспеген болармын. Ол бүгінде өңіріміздің «БК-Строй» құрылыс мекемесінің кірпіш қалаушысы болып жұмыс істеп жүргеніне 6 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде өз жұмысына ешқашан жүрдім-барды қарамағанын айтады.
-Құрылыс өте қиын жұмыс. Күннің қақаған аязында да, шіліңгір ыстығында да далада жұмыс істейміз. Әрине, оңай емес. Сонда да жұмысымызды адал атқаруға тырысамыз. Біздің жіберген қателігіміз, кейін үлкен орны толмас оқиғаға әкеліп соғуы мүмкін.
Өзім бірнеше жылдар қатарынан көп қабатты тұрғын үй салатын құрылыс мекемесінде абыройлы жұмыс істеп келемін. Мұндағы басты міндетім үйлердің сыртына кірпіш қалау. Бұл жұмыста ептілікпен шеберлік қажет. Үйдің сырты бірден көзге түседі. Оның бір сантиметр де қисаймай түзу болуы маңызды. Әрине, құрылыс саласына алғаш келген кездері мұндай жауапты істерде жүрексінетінмін. Өзіме деген сенім жетіспей жататын. Қазір бұл іске қолым да көзімде үйренді. Түп-түзу ғылып үйлердің сыртын кірпішпен өремін,-дейді тәжірибелі маман.
Руслан Амангелдіұлы көршілес Ресей елінде дүниеге келген. Ата-анасы Қостанай өңірінің тумалары Отбасында 6 ағайынды. Қазір олардың барлығы да елімізде ғұмыр кешіп жатыр.
-Мен бір салада көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Құрылыстың қыр-сырын толық меңгердім деп айта аламын. 20 жылдық тәжірибемде қаламыздағы көптеген құрылыс мекемелерінде жұмыс істедім. Кейбірінде жалақы аз болды және басқа да себептерге байланысты ұзақ уақыт жұмыс істей алмадым.
Ал қазіргі өзім жұмыс істеп жүрген «БК-Строй» құрылыс компаниясына толық көңілім толады. Мұнда жалақымыз жоғары, уақытында аламыз. Жұмыскерлерге жыл мезгіліне орай киімдер беріледі. Қытымыр қыс айларынды бізге қалың киімдер береді. Міне, жақында осындай қалың қыста қажетті киімге ие болып, бір қуанып қалдық. Жұмыскерлердің жағдайын жасайды. Ал біз болсақ өз тарапымыздан жинаған тәжірибемізді пайдаланып сапалы үй салу жолында аянбай еңбек етеміз. Мен үшін әрдайым абырой бірінші орында тұрады. Осы уақытқа дейін басшылық тарапынан сен өз жұмысыңды сапалы жасамадың деген наразылық естіген емеспін. Өйткені, бір кірпіш қаласам да оны нық әрі түзу қалауға барымды саламын. Сондай-ақ жұмысым маған ешқандай қиыншылық тудымайды. Тек қолымнан келетін сүйікті ісімді жасаймын,-дейді құрылысшы Руслан Джамбау.
Еңбек етуден шаршамайтын, тек адал қызмет етіп, отбасының берекесін келтіріп отырған Руслан Амангелдіұлы жары Динара мен қызы Айлананың қамқоршысы. Жұмыстан шаршап үйге қайтқанда тағатсыздана күтіп отыратын осы асыл жандарды көргенде барлығын ұмытып, отбасы бақытын сезінеді.
Жұмысына адал, отбасына берік отағасының арманы жоқ. Сүйікті ісі бар, сенімді жанұясы қасында. Өмірдің кереметі осы емес пе.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77