Экономика

«Еңбек» бағдарламасына бірқатар өзгерістер еңгізілген

Ағымдағы жылға бағдарламаны жүзеге асыруға 8,4 млрд теңге қарастырылып отыр

Өткен жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары артығымен орындалған. Аталған бағыт бойынша 32 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Демек, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы өз нәтижесін беруде деген сөз.

Бұл жайлы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Аида Құсайынова мәлімдеді.
– Былтыр бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2682 адам оқытуға жіберілді. Олар облыстағы 33 білім беру ұйымында және 3 оқу орталығында 35 мамандық бойынша дәріс алды. Оқып шыққан адамдардың 1673-і жұмысқа тұрды, – деді Аида Құсайынова.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 2019 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 364,5 млн теңгеге 769 грант берілген. 480 адам еңбек құрал-жабдықтаррын сатып алса, 205 адам технологиялық құрал-жабдықтар алды. Ал, 84 адамға мал мен құс сатып алуға гранттар берілді.

– Үшінші бағыт аясында жұмыспен қамту орталықтарының қатысуымен 22,5 мың адам жұмыс тапты. Оның 16,9 мыңы тұрақты жұмысқа алынды. Айталық, 5,6 мың адам мемлекеттік субсидияланған уақытша жұмыс жасаса, қоғамдық жұмыстарда – 3582 адам. Еңбек нарығының мәліметтер базасына сәйкес Бағдарламаға қатысушылардың 96,3%-ы міндетті зейнетақы жарналарына ие болды. Еңбек ресурстарының ұтқырлығы аясында аймақтық квотаға 1651 адам енгізілген, олардың 815-сы сырттан келген қандастар, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Барлық қоныстанған азаматтармен әлеуметтік келісім-шарттар жасалған, оларға 440 млн теңге көлемінде көші-қондарына субсидия төлеуге, үй-жай жалдауға немесе сатып алуға субсидиялар төленген.

– Жалпы, 2019 жылы облыс бойынша 15 897 жұмыс орны ашылды. Оның 9 708-і – тұрақты жұмыс орны. Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалар арқылы пайда болған жұмыс орындарының саны – 8 732. Биыл жұмыспен қамту шаралары шеңберінде 22 500 адамды қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ,облысқа қоныс аудармақ ниеттегі 850 адамға қол ұшын созу көзделіп отыр, – деді Аида Құсайынова.

Ағымдағы жылға бағдарламаны жүзеге асыруға 8,4 млрд теңге қарастырылып отыр. 22,5 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде 720 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылса, 485 адам жастар практикасына жіберліледі. Қоғамдық жұмысқа 2669 адам тартылады.

– Шағын несиемен 584 адам қамтылады. Ал, 274 адам грантқа ие болмақ. «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 1611 адам арнайы оқуға тартылады. Техникалық және кәсіптік білім меңгеруге 950 адам, қысқа мерзімді оқытуға 670 жіберілмек. Сондай-ақ, аймаққа 850 адамды көшіріп әкелуге жәрдем жасалады. Олардың 500-і қайта қоныстанушылар, 350-і қандастарымыз, – дейді Аида Құсайынова.

Ағымдағы жылы «Еңбек» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар еңгізілген.

– Бағдарлама көп балалы аналардың шағын және орта бизнеске тартылуын қамтамасыз ету үшін жаңартылды, оқыту жұмыс берушілердің, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың, соның ішінде артық жұмысшылардың сұранысы бойынша өткізіледі. Оқытуды жұмыс берушілердің өтініші бойынша ұйымдастырған кезде жұмыс беруші де, бағдарламаға қатысушы да тиімсіз жұмсалған қаражатты өтеген жағдайда 4 жақты әлеуметтік келісімшарт жасасу қарастырылған. Еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы біліктілігін өз бетінше алу үшін өтініш берушілерге білім беру ұйымын, оқытудың мазмұны мен мерзімдерін таңдауға мүмкіндік беретін және тіркелген құжат (ваучер) түрінде шығарылатын оқу талондары ұсынылады. Ваучердің құны оқу, стипендия және жол жүру, тұру, сондай-ақ медициналық тексеруден өту шығындарын қамтиды, – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, қысқа мерзімді оқуды өткізудің міндетті шарты – кәсіпкерлік бастаманы дамыту және қысқа мерзімді оқу аяқталғаннан кейін бағдарлама қатысушыларын жұмысқа орналастыру.

– Көп балалы және аз қамтылған отбасылар мүшелерін шағын және орта бизнеске тартуды қамтамасыз ету үшін несие берудің жеңілдікті шарттары қарастырылған. Қарыз мерзімі – 7 жылға дейін, заемның ең жоғары сомасы – 8 мың АЕК-ке дейін (21,2 млн теңге), атаулы сыйақы мөлшерлемесі – жылына 4%-дан аспайды. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың мүшелеріне 18 айға бизнес-жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетіледі, – дейді Аида Құсайынова.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77