Күллі әлемге қазақ даңқын шығарған, Тобыл-Торғай өңірінің мақтанышы болған Кәмшат Дөненбаеваға арналып ескерткіш-бюст ашылды
Даңқты меxанизатор Кәмшат Байғазықызы ғибратты ғұмырында Социалистік еңбек ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ленин, Құрмет белгісі ордендерінің иегері, КОКП XXV, XXVІ, XXVІІ съездерінің делегаты, Қостанай қаласының және Қостанай облысының құрметті азаматы, атанды.Ескерткіш-мүсін Кәмшат апа атындағы (К.Дөненбаева) көшенің бойынан жаңадан салынған «Жастар сарайы» ғимаратының жанынан орнатылды.
Тастұғырдың ашылу шарасына Қостанай облысы әкімі Арxимед Мұxамбетов, Қостанай қаласының әкімі Қайрат Аxметов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин, Қазақстанның Еңбек ері Сайран Бұқанов, ұлы Сырым Дөненбаев және зиялы қауым өкілдері мен жақындары қатысты.
– Бәрімізге белгілі апамыз ерте еңбекке араласып, озық тәжірибесімен көзге түсіп, қазақтың қаршадай қызы бір дәуірдің аңызына айналды. Өзінің ерең қажырлы еңбегімен небәрі отыз екі жасында Социалистік еңбек ері атағына ие болды. Халқымызда, «ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген дана сөз бар. Апамыз трактор тізгіндеп қана қоймай, өзінің ошағындағы отын өшірген жоқ. Жолдасы Темірбек Қабдолұлы ағамызбен төрт баланы тәрбиелеп өсірді. Олар арамызда, Қостанайдағы беделді азаматтар қатарында.
Апамыз жүрегіне иман ұялатып, қажылыққа барып мұсылманның бір парызын орындады. Өмірінің соңына дейін басынан ақ орамалын тастамай, нағыз қазақтың батыр аналар символына айналды. Оның жаулығы қандай ақ болса, көңілі, пейілі де сондай таза болды. Алқалы жиындарда сөз алғанда апамыз, ең бірінші елдің амандығын, Елбасының амандығын, жұртымыздың тыныштығын, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды жақсы тілектерді әркез тілейтін. Өкінішке қарай апамыздың дүние салғанына бір жарым жылдың жүзі болды… апамыздың есімін қастерлеуге бағытталған шаралар тоқтамайды, жалғасатын болады.
Жақында Қазақстан–Ресей жастарына арналған форум Жастар сарайында өткен болатын. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатынасты. Екеуіміз көлікпен өтіп бара жатқан сәтте, Социалистік еңбек ері Кәмшат апамызға ескерткіш ашқалы жатырмыз деп көрсетіп айтқан болатынмын. Мемлекет басшысы бір сөзбен бағасын бергендей болды: «Ол кісі Даңқты адам, жалғыз Қостанайдың мақтанышы емес, бүкіл еліміздің мақтанышы» деп айтқан болатын. Сондықтан да жастар апамыздың еңбегін бағалап, осы ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым жасаулары қажет, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Тірісінде аңызға айналған тұлға, 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Өзі өмір сүрген дәуірдің жаңа талабын қаймықпай меңгерген, күш талғамас еңбектің жемісі мен жеңісіне жеткен қазақ қызы еді.
– Өткен ғасырда бұрынғы «Харьковский» савхозында Кәмшат Байғазықызымен жұмыс істедік. Зейнетке шыққанша. Осы тұрғанда есіме естен кетпес оқиғалар оралып отыр. 1984 жылы құрғңашқылық болды. Егін шыққан жоқ. 1985 жылы қыс қатты болды. Савхозда 5 мың бас ірі қара, жекеде 2 мың бас ірі қара, осының бәрін қыстан аман шығару керек болатын. Шөп жоқ, жем жоқ қиын заман болды. Сол кезде Түмен облысынан жем-шөп тасып жүрдік. Кәмшат күніне бір мәрте қатынап жүрде сол кезде. Еркектермен тең жұмыс атқарды. Қыстың қаһарына қарамастан, ақпан айының сонына дейін солай қызмет қылды. Өзінің күш-жігерінің арқасында тракторды өзіне бағындырып жұмыс істеді. Қоғамдық жұмыстарға да көп атсалысты. Осы мүсін келешек ұрпаққа үлгі. Өзінің атын тарихта алтын әріппен жазып кеткен тұлға, – деді Қазақстанның Еңбек ері Сайран Бұқанов.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77