В ритме города

Екі дүниенің есігі Түркістанда «Рухани қазына 2022» байқауы өтті

Мәдениет қызметкерлерінің кіл мықтылары жиналған додада жерлестеріміз топ жарып, жүлдегер атанды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен  жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Рухани қазына» республикалық мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлеріне арналған фестиваль  бесінші рет өткізілді.

Байқауға қатысушылардың таңдауымен, дауыс беруімен биылғы «Рухани қазына 2022» байқауы екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі Түркістан жерінде өтті.

Аталмыш байқаудың мақсаты-мәдени демалыс ұйымдарының тәжірибе алмасуы, Қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдени бірлігін дамыту аясында халықтық мәдениетті насихаттау мен өңірлік мәдениет ұйымдарын нығайту болып табылады.

Республикалық деңгейде өткен фестиваль үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең бойынша – өңірлік, ауданға қарасты ауыл және аудан қызметкерлері іріктеліп, олардың есімдері облысқа ұсынылды.. Екінші кезең аясында – облыстық кезеңнен іріктелген әр сала мамандары республикалық кезеңге жолдама алады. Үшінші кезең бойынша осы таңдалынып алынған білікті мамандар республикалық «Рухани қазына» фестиваліне қатысу құрметіне ие болды.

Бұл байқауға Қостанай облысынан 18 үміткер қатысып, оның ішінде мәдениет саласының 5 үміткері  түрлі номинация бойынша бақ сынады.

Олар «Үздік облыстық мәдени демалыс ұйымдарының қызметкері», «Үздің аудандық мәдениет үйі қызметкері», «Үздік аудандық көркемөнерпаздар ұжымы», «Үздік ауылдық клуб қызметкерлері», номинациялар бойынша сынға түсті.

Байқауға музей, кітапхана, мәдениет осы үш сала бойынша 287 үміткер қатысты. Соның ішінде 87 үміткер мәдениет саласының қызметкерлері. Бұл қызметкерлер байқауға соңғы үш жылда жасаған жұмыстарын ұсынды. Осы орайда облысымыздан барған өнерлі жандар өз жұмыстарын лайықты қорғап шықты.

Сондай-ақ байқау барысында, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мәдениет саласының қызметкерлері үшін арнайы шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды. Осындай мәдениет саласында тың дүниелерді үйретітін «Жобаны дұрыс жобалау» тақырыбындағы шеберлік сағатын Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жаудыр өткізіп, қатысушылардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап беріп, өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Мұнда қызметкерлер бір-бірімен пікір алмасып, алдағы уақытта өз жұмыстарына қажетті тың идеялар алды.

Біздің облыстан мәдениет саласы бойынша Феодоров ауданынан мәдениет бөлімінің басшысы Айнұр Салпенова, Жітіқара ауданынан «Самғау» әншілер тобының жетекшісі Алмат Елішбаев, Амангелді ауданының мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Индира Арпабаева және басқа да бір қатар мәдениет саласының қызметкерлері рухани астанамызға аттанып, бірқатары жеңіспен оралды.

Осындай топ жарып, алғы шыққан жандардың қатарында Қостанай облысы әкімдігі мәдениет бақармасының «Облыстық халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы». Ұлттық шығармашылық және жанрлар бойынша әдіскері Мұрат Нағашыбай да бар. Ол байқауда  «Үздік облыстық мәдени-демалыс ұйымының қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

-Мен бұл байқауға өзімнің жасаған жобаларымды ұсынып, қорғап шықтым. Атап айтатын болсам, өзім авторы болып табылатын «Асабалар алаңы» атты жобам қазір облыстық деңгейде жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ облыстық халық шығармашылық орталығында жергілікті әншілер мен компазиторлардың шығармаларын насихаттау мақсатында жасаған «Сахналық жекпе-жек» деп аталатын жобамды да көпшіліктің назарына ұсындым. Осы жоба аясында өңіріміздің 8 өнер иесінің әндері шырқалған еді. Бұл да келешегі зор жобалардың бірі  деп  білемін. Аталмыш байқауға осы және басқа да тындырған жұмыстарымды әкелген едім. Сол ойлап тапқан тың дүниелерім көпшіліктің көңілінен шығып, өзіме үлкен жеңіс сыйлады.

Осындай байқауға қатысып, жүлдегер атанғаныма қуаныштымын. Бұл маған болашаққа деген сенім мен серпіліс берді. Алдағы уақытта да өңіріміздің мәдениетін дамыту мақсатында тынбай ізденіп, тың жобалар ашып, өзімнің елеулі үлесімді қосатын боламын,-дейді «Рухани қазына 2022» байқауының жеңімпазы Мұрат Нағашыбай.

Жаны жабырқаған жанды әсем сазды үнімен баурап, мың бұралған билерімен көңіл-күйін көтеріп, бір уақыт жандүниесін рухани байытып, көкке самғататын өнер иелерінің қоғамда алар орны ерекше. Мәдениеті дамыған елдің келешегі зор болары хақ. Осындай білікті де кәсіби мәдениет қызметкерлері бар Қостанай облысы жыл сайын көркейіп, рухани байып, үлкен белестерге көтерілетіні сөзсіз.

Осындай өнерлі жандардың әрдайым өресі биік болсын.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77