Социум

Екі жарым миллион адамнан өтініш түскен

Тамыз айында да 42 500 теңге жәрдем ақы төленді

Тамыз айының басындағы көрсеткіш бойынша шілдеде шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға берілетін біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2 млн 508 мың бірегей өтініш қабылданды. Төлемді 2 млн 257,3 мың қазақстандық алды, оның ішінде 2 млн 241,6 мың адам тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты 0,5 ЕТЖ – 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алды.

Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда. МӘСҚ-тан төлем алуға өтінімдер бірнеше арна арқылы қабылданады. 2 млн 508 мың өтінімнің ішінде:
– 835,1 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берген;
– 641 мың адам Egov.kz порталы және telegram-боттар арқылы;
– 381,3 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы;
– 650,5 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш берген.

Карантин режимінде отырып, табыстарынан айрылған жандарға үкімет тарапынан ай сайын 42 500 теңге жәрдем ақы беріліп отырғаны белгілі. Бұл қаражат өте көп болмағанымен тұрғындардың бір қажетіне жарап жатыр.

– Мен карантин режимі енгізілгенде жұмыссыз үйде отырып қалдым. Өзім дәмханалардың бірінде аспазшы болып жұмыс істейтінмін. Дәмханалар жабылғаннан кейін үйде жұмыссыз отырмын.

Осыған байланысты табысынан айрылғандарға төленетін 42 500 теңге жәрдем ақы алдым. Осы қаражатты күнделікті керегіме жаратып отырмын. Алдағы уақытта өңірімізде жағдай жақсарып, дәмханалардың жұмысы басталса, қайтадан жұмысыма кірісіп, көбірек қаражат табар едім,-дейді қала тұрғыны Бөтагөз Мукумова.

Әрине, коронавирус дертінің беті қайтып, облысымыздағы ахуал жақсарса барлығы да біртіндеп қаз-қалпына келері анық. Қазіргі таңда тұрғындар бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін сезініп, өздері мен жан-жағындағылардың денсаулығына аса сақтық танытып отырғаны қуантады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77