Біздің Қостанай Социум

Ел азаматтарын тәрбиелеген Райхан мен Гүлнар Асқаровтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Әрбір азаматтың  адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді.

Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады.

Берекелі әрі бақытты отбасы қуатты елдің тірегі» – деп баса айтқан болатын. Осындай отбасылардың бірі қаламыздың тұрғындары Асқаровтар отбасы. Отағасы Райхан Әлмағамбетұлы мен отанасы Гүлнар Қаркенқызы мемлекетке еңбек ете жүріп балаларына адал еңбектерімен үлгі болған жандар. Бүгінде отбасының ұл-қыздары ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген жалынды жастар.

– Біз жастайымыздан еңбекке араластық. Жолдасым Райхан Әлмағамбетұлы 1981 жылы Қарағанды медициналық университетін аяқтап, содан Ұзынкөл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мекемесіне дәрігер болып орналасып, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Қызметтік жылдары осы жерде өтті. Мен де бала тәрбиесі мен еңбек жолымды бірге алып жүруге тырыстым. Жоғары білімім бар, Алматы халық шаруашылығы институтын жоғары категориялы тауартанушы болып бітіргенмін. Бірнеше жыл әр салада жұмыс істедім. Соның ішінде мемлекеттік қызмет саласында Лисаковск қаласында бастаған қызметімді Ұзынкөл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлімінде жалғастырдым. Ол жерде бас маманнан басшының орынбасары қызметін, соңғы бес-алты жылда басшылық қызметті атқардым. Сол жерден зейнеткерлікке шықтым. Өзімнің ата-анам ерте жастарынан жетім өскен екен, сондықтан болар өздерінің бес қыз, бір ұлдарының білімді, еңбекқор болғанын қалап бізді әрдайым қатарымыздан қалдырмады. Анам мұғалім, әкем есепші болатын. Отбасымыздағы алты баланың екеуі медицина саласын таңдаған жандар еді, апам мен інім қазір дүниеден өтіп кетті. Басқалары экономист, есепші болып әкеміздің жолын қуды деп мақтанышпен айта аламын. Жолдасым әкесінен ерте айырылған екен. Апасы екеуін анасы бір өзі жеткізіп, азамат-азаматша еткен екен. Міне, ата- анамыздың қадірін көріп өскен біздер үшін отбасы бақыты, балаларымыздың әрбір жеткен жетістіктері біз үшін үлкен жеңіс, – дейді Гүлнар Қаркенқызы.

Райхан Әлмағамбетұлы мен Гүлнар Қаркенқызы балаларының бойындағы қасиеттерін кішкентай күндерінен аша білген жандар. Сол уақытта мектеп қабырғасында оқып жүрген балалары қосымша білім беру үйірмелеріне қатысып, бірі музыкалық мектепті бітірсе, бірі тігіншілік, бағдарламашы ретінде қолдарына сертификат алған екен.

Бүгінде өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, ақ халатты абзал жан атанып отырған ұлдары Қуат Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары. Жоғары білімді маман Қарағанды медициналық университетін балалар дәрігері мамандығы бойынша аяқтаған. Әр ісіне тиянақтылық танытып, қандай қызметте болмасын қарапайым қалпынан танған емес. Бұған дейін Жангелдин аудандық ауруханасының бас дәрігері, қалалық «Дельфин» балалар үйінің бас дәрігері қызметін атқарған кезде де әрдайым ұжымның құрметіне ие болды. Оны сол уақытта бірге жұмыс істеген әріптестерінің ыстық ықыласынан білдік. Ал, отбасының кенжесі Алтынай да отбасылық мамандықты жалғастырушы. Астана медицина университетінің түлегі, қолына дипломын алып туған жеріне эндокринолог дәрігер маманы ретінде қызмет етуде. Тобыл қаласының ауруханасындағы жас мамандардың бірі. Отбасының үлкені Аягөз Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының үздік түлегі, өз қызметінде полиция майоры. Қазір бала тәрбиесімен декреттік демалыста. Ортаншы қыздары Гүлжан заман талабына сай мамандықтардың бірін игерген. Алматы энергетика және байланыс университетін аяқтаған, Қостанайда «Қазақтелеком» телекоммуникациялық компаниясының инженері.
Әулеттің әрбір перзенті өмірде өз орындарын тапқан жандар, өз алдарына отбасын құрып бір-бір шаңырақ болған. Кез-келген әке мен ананың басты арманы да осы болар. Балаларының еңбек жолындағы жетістіктеріне куә болып, олардан немере сүйіп отырған Райхан Әлмағамбетұлы мен Гүлнар Қаркенқызы да бақытты жандардың бірі деп айта аламыз. Бүгінде немерелерінің алды студент, басқалары мектеп, балабақшаға барады. Гүлнар Қаркенқының қолөнер саласындағы шеберлігімен де таныс болатынбыз. Айтуынша бойындағы бұл өнеріне зейнеткерлікке шыққалы бет бұрған екен. Арнайы тігін машинасын сатып алып, үйге қажетті түрлі заттарды тігумен айналысады, бір жағынан хоббиі деп те атауға болды. Қолынан ине-жібі түспейтін әжелерінен немерелерінің де үйренері көп.

– Отбасының береке-бірлігі әйел адамның қолында деп жатады ғой. Негізі, балаларымыздың тәрбиесіне, жалпы отбасымыздың қандай да бір бастамасына қолдау білдіріп, бізге қорған болып отырған жолдасыма өте ризамын. Балаларымыздың әрбір жеткен жетістігі біз үшін үлкен бақыт, байлық деп санаймыз. Олардың қоғамға тигізіп жатқан пайдалы ісін мақтан тұтамыз дейді, – Гүлнар Қаркенқызы.

Отбасы – қоғамның басты тірегі десек. Қоғамымызда мерейлі әрі ұлттық құндылығымызды дәріптеп, ұлттық руһты ұл-қыз тәрбиелеп, үлкен ортаға қосып отырған Асқаровтар отбасы сияқты жандардың бары ерекше мақтаныш.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет отбасылық альбомнан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77