Новости Образование

Еліміз бойынша латын қарпін қолдана отырып қазақ тілінде диктант жазу шарасы өтті

Одан мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері латын әліпбиін күнделікті қолданысқа енгізу арқылы тез үйренуге болады деген ой түйді

Бүгін еліміз бойынша қазақ тілінде латын әліпбиін қолданып диктант жазу сағат 11:00-де басталды. Міне, осындай диктант Қостанай қаласы бойынша Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында да өтті.

Бұл бастаманы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырып отыр. Еліміз бойынша өтіп жатқан диктант жазу шарасының жай-жапсарын білу мақсатында біз де облыстық кітапханаға арнайы бас сұққан болатынбыз.

Мұнда кітапхана директоры Дариға Дюсибаевамен арнайы жолықтық. Оның айтуына қарағанда, бұл диктантқа мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысқан. 60-тан аса адам диктант жазды. Олардың ішінде кітапханашылар, мәдениет басқармасының мамандары, музейлердің қызметкерлері бар.

Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне ақын, журналист Абылай Мауданов «2019 ғасыр – Жастар жылы» тақырыбында диктант оқыды.

Осы шара барысында, диктант жазып шыққан аталмыш кітапхананың директорының орынбасары Гүлмира Шоқанованы сөзге тартқанымызда, ол бізге былай деді:

– Латын қарпінде диктант жазу оңай деп айта алмаймын. Әлі де бізге латын әліпбиін үйрену керек деген ой түйдім. Менің ойымша осындай диктантты жиі ұйымдастырып тұруы керек. Сонымен қатар мерзімді басылымдардағы латын қарпінде жазылған мақалаларға да ден қойған дұрыс. Осылайша латын әріптерін тез оқып және үйренуге болады.

Сонымен қатар күнделікті әлеуметтік желілерде бір-бірімізге латын қарпімен хабарлама жаза отырып та тез меңгеріп алуға болады деген ойдамын. Ең бастысы қай істе де білсем, үйренсем деген ынта болу қажет деп есептеймін.

Бір сағатқа созылған латын қарпіндегі диктант барысында мамандар көптеген ой түген. Олар латын қарпіне қол үйретіп, оны күнделікті қолданыстарына енгізу керектігін де түсінген.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77