Арнайы іс-шаралар үш ай бойы барлық өңірлерде өткізіледі.
Жаз – балалар үшін ең сүйікті мезгіл. Бұл – демалыс, ойын-сауық пен саяхат уақыты ғана емес, сондай-ақ денсаулықты нығайтуға таптырмас кезең.
Осыған орай елімізде балалардың денсаулығын сақтау мақсатында жазғы профилактикалық кампания басталды. Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара барлық өңірлерде өткізіліп жатыр.
Кампания аясында мектеп жасындағы балаларға профилактикалық медициналық тексерулер жүргізіледі. Дәрігерлер баланың бойын, салмағын, көру және есту қабілетін, жүрек пен тыныс алу жүйелерін, жалпы дамуын бақылайды. Бұл тексерулер ауруларды ерте анықтауға және дер кезінде ем жүргізуге мүмкіндік береді.
– Балалардың 14 жасқа дейінгі тобы – ең әлсіз әрі аурушаң келетін жас ерекшелігі. Статистика бойынша, дәл осы жастағы балалар басқа жастағылармен салыстырғанда жиі ауырады. Сондықтан жаз айларында оларды профилактикалық тексеруден өткізу өте маңызды. Бұл – келешектегі дені сау ұрпақтың кепілі», – дейді Қостанай облыстық балалар емханасының дәрігері.
Сонымен қатар, ата-аналар үшін де ағартушылық кездесулер ұйымдастырылады. Бұл жиындар тұрғындардың тұрғылықты жерінде өткізіліп, ата-аналарға балалардың дұрыс тамақтануы, жазғы аурулардан сақтану жолдары, гигиена және алғашқы көмек көрсету туралы кеңестер беріледі.
Мектеп медбикелері үшін арнайы оқыту курстары да қарастырылған. Олардың жаз бойы балалардың жағдайын бақылап, қажет болған жағдайда жедел әрекет етуі – маңызды мәселе. Емханаларда «Ашық есік күндері» мен «Денсаулығыңды тексер» акциялары ұйымдастырылып жатыр. Бұл – ата-аналар мен балалар үшін қолжетімді әрі тиімді мүмкіндік.
– Біз баламызды міндетті түрде тексеруден өткіздік. Көзінде аздап ақау бар екенін анықтадық. Ерте анықталғаны жақсы болды – енді емін жазда бастап кетеміз. Мұндай шаралар ата-ана ретінде бізге үлкен көмек, – дейді Қостанай қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Айнұр Ерғазина.
Биылғы жазда созылмалы ауруы бар балаларға ерекше назар аударылып отыр. Олар үшін жеке бақылау мен сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылады. Бұл – олардың денсаулығын нашарлатпай, керісінше, жақсартуға бағытталған нақты қадам.
– Созылмалы ауруы бар балалармен жеке жұмыс жүргізіледі. Оларды учаскелік дәрігерлер мен медбикелер бақылап, емдеу-сауықтыру шараларын жүйелі түрде жүргізіп отырады. Жаз – ағзаны қалпына келтіріп, иммунитетті көтерудің ең тиімді уақыты, – деп атап өтті педиатр Фариза Талаповна.
Мамандар балалар денсаулығын сақтауда ата-ананың белсенділігі ерекше маңызды екенін баса айтады.
«Жазды қызықты әрі пайдалы өткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Егер ата-аналар дәрігерлермен тығыз байланыста болса, баланың денсаулығына деген қамқорлық екі есе нәтижелі болады», – дейді дәрігерлер.
Көптеген ата-аналар бұл бастаманы қолдайды. Себебі жазда балалар жиі жарақат алады, күн өту, ішек инфекциялары, аллергия секілді мәселелер жиі кездеседі. Сондықтан дәрігерлер тексерісінен өту мен ақпараттану – аса қажет.
Баланың денсаулығы – кез келген отбасы үшін ең басты құндылық. Ол тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Сондықтан әрбір ересек адам бүлдіршіндердің амандығына үлес қосуы керек. Жаз – тек демалыс уақыты емес, сонымен қатар денсаулықты нығайтудың ең сәтті мезгілі. Баланың болашағы – бүгінгі денсаулығына байланысты.
Аяжан СЕРІК,
суретті ЖИ жасады
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77