Жеке кәсібін дөңгелетіп отырған Мира Беркимбаева ұжымдағы ұйымшылдықты бірінші орынға қояды
Бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті қолдау қарқынды жүріп жатыр. Осыған орай өңірімізде өзінің жеке кәсібін ашып, көптеген жандарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандардың саны да артып отыр.
2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек» деп атап өткені белгілі.
Осыған қарағанда, алдағы уақытта шағын кәсіп иелеріне үкімет тарапынан үлкен қолдау болары анық.
Міне, осындай уақытында өзінің шағын бизнесін бастаған батыл жандардың қатарында Мира Беркимбаева да бар. Оның шағын кәсіппен айналысып, жеке «Мадина» деп аталатын сұлулық салонын ашқанына 5 жылдай уақыт болды.
Осы кезеңде өзінің білікті шеберлерінің арқасында қостанайлықтардың алғысына бөленіп келеді. Қазіргі таңда бұл сұлулық салонында 6 кәсіби маман қызмет етеді.
Оларға Мира Беркимбаева уақыты жалақысын төлеп, өздеріне қолайлы жұмыс тәртібін қалыптастырған.
Басшыларының мейірімі мен қолдауын көріп отырған кәсіби мамандар да дән риза.
Бұл салонда әдемі келбет пен сәнді шаш үлгісін жасауда кәсіби мамандардың ісін көріп еріксіз таң қаласың. Ерлердің, әйелдердің, балалардың шашын тез де әдемі қияды.
Сонымен қатар соңғы кездері сылқым арулардың көп жасатын, қас бояу, татуаж жасау, тырнақ, кірпік өсіру, бет тазарту, тырнақ, шаш бояудың да хас шеберлерін осы жерден табасыз.
Сондықтан да мұнда келушілер өте көп. Үнемі шаштарын қидырып, тырнақ жасатып отыратын тұрақты келушілері де бар. Олардың туған күндеріне немесе жаңа жыл мерекесіне Мира Батыққызы 5000 теңге көлемінде тегін сертификаттар да сыйлап отырады.
Салонның иесі жасайтын арнайы сыйлықтарға ие болған жандар үнемі осында келіп, мұндағы мамандардың жұмысына өздерінің жоғары бағаларын беріп жатады.
– Біздің сұлулық салонында келушілерге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар мен тек қолдары жаттыққан кәсіби мамандарды ғана жұмысқа аламын.
Сондықтан да олардың шаш қиғанына, тырнақ, қас, кірпік жасағандарына көпшілік риза болып жатады. Әр істің өзінің кәсіби маманы болғаны дұрыс деп санаймын.
Өзім де салонның иесі екенмін деп бос отырмаймын. Жақсы игерген ісім – шаш қиюмен айналысамын. Біздің ұжым өте тату. Қол астымда жұмыс істейтін мамандардың бәріне де үлкен түсіністікпен қараймын. Бір-біріміздің мінезімізді де жақсы түсінеміз.
Менің ойымша ұжым тату болса ғана жұмыстың берекесі болады. Сондықтан мен әрдайым бір-бірімізге деген сыйластықты бірінші орынға қоямын,-дейді Мира Батыққызы.
Қай істі де бастау қиын, бастағаннан кейін тастау қиын әрине. Бірақ сонда да үлкен жігермен шағын бизнес бастап, күнделікті напақасын тауып отырған жандар қаншама.
Кәсіпкерлік бір қараған жанға жеңіл көрінер. Алай да оның жауапкершілігі де қиыншылығы да өте көп іс. Өмірде кездескен қиыншылыққа мойымай үнемсі алға басатын жандардың ұтары мол.
Кезінде қорқа-қорқа бастаған кәсібінің бүгін де жемісін көріп отырған Мира Батыққызы өзінің қазіргі өміріне дән риза.
Сондай-ақ елімізде шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі бірінші орынға қойылып отырғанына да қуанышты.
Болашақта үкіметтің көмігінің арқасында кәсібін кеңейткісі де келеді. Алдына мақсат қоя білген жанның оған жетеріне де кәміл сенімдіміз.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77