ҚР Мемлекеттік Рәміздер күніне орай Қостанай облысына Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, көрнекті сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жандарбек Мәлібеков арнайы келді. Екі күнге жоспарланған бұл кездесуді Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы ұйымдастыруда.
Іс-шара ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында басталды. Салтанатты жиынға Қостанай облысы әкімінің орынбасары арнайы қатысып, бұл кездесудің тарихи мәнін атап өтті. Ол сондай-ақ, осындай бірегей тұлғаның өңірге келуі-барша қостанайлықтар үшін зор мәртебе екенін жеткізді.
Жиында академия курсанты Мейірлан Болат Елтаңбаны алып шығу құрметіне ие болды. Ол бұл мәртебені зор қуанышпен қабылдады.
– Біз мектеп қабырғасынан бастап мемлекеттік рәміздерді қастерлеп келеміз. Рәміздер-мемлекетіміздің егемендігі мен біртұтастығының белгісі. Елтаңба авторының алдында жүріп өту, мен үшін үлкен мәртебе. Бұл сәт өмірімдегі ең есте қалар сәттердің бірі, – деп өз ойымен курсант Мейірлан Аманбекұлы бөлісті.
Кейін шара қатысушылары академия музейін аралап, өңіріміздің белсенді жастары арасында еркін форматта пікір алмасты. Кездесу Ыбырай Алтынсарин мұражайында жалғасын тауып, онда сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы өзінің өмір жолы, армандары мен Елтаңбада бейнеленген рәміздердің мағынасы туралы кеңінен әңгімеледі.
– Елтаңбаны салу идеясы бір айда туды. Өзге елде оқып жүргендіктен, туған елге деген сағыныш пен махаббатымды осы туынды арқылы жеткізгім келді. Елтаңбада бейнеленген әрбір элементтің өз мағынасы бар. Шаңырақты-рәміздің негізі етіп алдым. Өйткені халқымызда «Шаңырағың биік, босағаң берік болсын» деген аталы сөз бар. Ал босағаны қазақтың қошқар мүйізімен бекіттім. Көпшілік тұлпарларға онша мән бере бермейді. Оларға тек мүйіз емес, қанат салуды жөн көрдім.Себебі ол-еркініктің нышаны. Қазақ үшін тұлпар-қасиетті, киелі жануар, – деді Елтаңба авторы.
Сәулетшінің айтуынша, Елтаңбадағы тұлпарлардың үстіндегі жеті сақина-тектіліктің белгісі. Бұл-қазақ халқының жеті атасын білген, жеті атаға дейін қыз алыспаған ұлт екенін білдіреді.
Сондай-ақ, алғаш рет Елтаңба жобасы комиссия отырысына жүк көлігімен жеткізілген екен. Байқауға 293 үміткер қатысып, солардың арасынан Мәлібековтің жұмысы үздік деп танылған.
-Рәміздегі бес жұлдыз туралы көп пікір айтылды. Кейбіреулер оны тоталитарлық жүйенің қалдығы деп қабылдады. Бірақ басшымыз оны-Темірқазық деп атап, бұл белгінің халқымыздың жолы мен болашағын білдіретінін айтты. Қазақ «Жұлдызың жансын» дейді. Ендеше, өз жұлдызы бар, өз жолымен жүретін тәуелсіз елміз», – дейді сәулетші.
Жандарбек Мәлібеков тек Елтаңбаның авторы ғана емес, елорда мен еліміздің әр аймағында бой көтерген көптеген сәулеттік туындылардың идеялық авторы. Ол сәулет өнері арқылы халқымыздың тарихы мен рухани мұрасын дәріптеуді өмірлік мұраты санайды.
Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суретті түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77