Здравоохранение

Енді балабақшаға тек екпемен қабылдаудың жаңа ережелері жүргізіледі

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қостанай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Гүлім Көптілеуқызы мәлімдеме жасады.

2024 жылы облыс бойынша қызылша ауруының 688 жағдайы тіркелген, оның ішінде 56-сы ұйымдасқан ұжымға баратын балалар арасында анықталды. Ал сол 56 баланың ішінде 52-сі (яғни 93%) қызылшаға қарсы екпе алмаған.

Биылда жағдай өзгерген жоқ. Себебі, жыл басынан бері 22 жағдай тіркелсе, оның 3-і балабақша бүлдіршіндері арасында анықталып отыр. Олардың барлығы аталмыш ауруға қарсы екпе салдырмағаны белгілі болды.

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 20 желтоқсанындағы №ҚР ДСМ-289/2020 бұйрығымен «Міндетті профилактикалық егулерді алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау ережелері және ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейі» бекітілген. Бұл ережелер меншік нысанына, жұмыс режимі мен балалардың болу уақытына қарамастан барлық балабақшаларда бірдей қолданылады. Балабақшадағы топтар құрылған кезде егілмеген балалардың саны ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне сәйкес келуі тиіс. Бұл шекті деңгейде екпе алмаған балалардың үлесі 10%-дан аспауы керек,-дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің орынбасары Гүлім Досумова.

Ережеге сәйкес, балалар тобын жасақтау кезінде екпе алған және алмаған балалар саны есепке алынады, ал егілмеген балалардың үлесі 10%-дан аспаы тиіс. Егер бұл көрсеткіш асып кетсе, балабақша баланы қабылдаудан бас тартуға толық құқылы.

Бала балабақшаға қабылданғанда ата-анадан №065/у нысанындағы профилактикалық екпе картасы талап етіледі. Алайда бұған дейін бұл құжатта екпе туралы нақты белгі болу міндет емес еді – тек құжат ретінде ұсынылатын.

– Осы құқықтық қайшылықты жою үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі 2024 жылдың 15 маусымында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, 22-тармаққа мынадай толықтыру енгізілді. «Жас ерекшелігіне қарай топта жоспарлы профилактикалық егулерді алмаған балалардың үлесі 10%-дан асқан жағдайда, бұл баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдамауға негіз болады (ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексінің 85-бабы, 11-тармағына сәйкес),-деп түсіндіріп өтті.

Гүлім Көптілеуқызының айтуынша, осы 10%-дық квотаға екпеге медициналық қарсы көрсетілімі бар немесе ата-анасы жазбаша түрде бас тартқан балалар кіреді. Егер бұл квота толып қалса, қалған екпе алмаған балалар балабақшаға қабылданбайды.

Вакцинация-міндетті екпе. Ол жұқпалы ауруларға қарсы күресте ең тиімді жолдардың бірі. Ол ағзада белгілі бір ауруға қарсы иммунитетті қалыптастырады. Сол себептен міндетті екпені алу керек.

Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суретті бөліскен ӨКҚ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77