Біздің Қостанай Образование

Ерекше балаларды дамыту орталығы бірінші сыныпқа балаларды қабылдады

Бұл орталықта әр баламен жеке жұмыс істеледі. Кәсіби және білікті мамандар әр баланың қабілеттерін зерттеп, оның мүмкіндіктерін ашуға тырысады. Олар үшін әрбір кішкентай жетістік-үлкен жеңіс. Бір баланың сөйлеуі, екінші баланың жаңа ойыншыққа қызығушылық танытуы, үшінші баланың сурет салуы-бәрі де өз алдына үлкен қадамдар.

 Орталықтың негізгі мақсаты – әр баланың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, оның әлеуметтенуіне және жеке даму қабілеттерін арттыруға көмектесу. Мұнда балаларға психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

– Осы оқу жылында орталықтың 15 тәрбиеленушісі алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қадам басты. Бұл оқиға біз үшін ерекше мәнге ие, себебі орталық осы жылдың ақпан айының соңында ғана есігін ашқан болатын. Ғимараттың жобалық қуаты 200 балаға арналған, қазіргі таңда 150 бала қабылданып, олардың болашағына жол ашылды. Бос орындар әлі де бар, бұл біздің орталықтың әлі талай баланы қамтуға мүмкіндігі мол екенін көрсетеді,-дейді орталық директоры Жаныл Құсаинова.

Бүгінде ерекше балаларды дамыту орталығында, психолог, дефектолог, логопед мамандары мен еңбек, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары қажырлы еңбек істеуде. Олар әр балаға ерекше көңіл бөліп, олардың қабілеттерін дамытуға жан-тәнімен кіріседі. Бұл орталықта әр балаға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың шуағы төгіліп тұрады.

– Мектепке барған балаларымыз үшін орталықтағы қыш және ағаш шеберханаларында үйренген дағдылары өте пайдалы болары анық. Олар тігін шеберханасына да үлкен қызығушылықпен барады, онда өз қолдарымен әдемі бұйымдар жасауды үйренуде. Ал музыкалық зал-балалардың жүрегіне жақын орынға айналды. Мұнда олар ән салып, пианинода ойнап, билеудің қыр-сырын меңгеріп жүр,-деді орталық директоры

Робототехника бөлімінде балалар лего құрастырумен және 3D модельдеумен айналысып, болашақтың технологияларымен танысады. Интерактивті және сенсорлық бөлмелерде, олар көптеген қызықты әрі пайдалы дағдыларды игеріп, болашақта оларды қолдана алатын болады.

– Біздің мамандарымыз әр балаға, оның ерекшеліктерін ескере отырып, жеке даму жоспарын әзірлейді. Бұл жоспар баланың ағымдағы жағдайын, қажеттіліктерін және қабілеттерін толық қамтиды. Орталықта қолданылатын мінез-құлық талдауының (ABA терапия) әдістері баланың мінез-құлқын түзетуге және оны өмірге бейімдеуге бағытталған. Бұл мамандардың ойластырылған бағдарламалары, әр баланың дамуын қадағалап, қажетті жағдайда оны уақытында түзетіп отырады. Осылайша, әрбір ерекше балаға жеке көңіл бөлініп, оның жарқын болашағы үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда-деп атап өтті Жаныл Құсаинова.

Баланың әрбір күлкісі, әрбір қадамы-бұл орталықтың негізгі нәтижесі. Осындай ерекше мекемелердің арқасында әрбір бала өмірден өз орнын тауып, өз әлемінде еркін самғап, жарық сәулесін табады.

Дильназ Изделюева

Суреттерді түсірген Лариса Божко


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77